Тілді үйрену және үйрету кезінде ерекше көмек беретін, жылдам әрі сапалы түрде қолдануға болатын жолдардың бірі – мобильді қосымшаларды немесе онлайн платформаларды, сонымен қатар интернет ресурстарын пайдалану.
Тіл үйренушіге тілді практикалық тұрғыда меңгерту үшін қолайлы жағдай жасау, тиімді әдіс таңдау, яғни қызығушылығы мен шығармашылық белсенділігін арттыру – оқытушының негізгі міндеті. Интернет ресурстарын тілді оқытуда пайдалану үшін тіл үйренушінің қабілеті мен білім деңгейін есепке алу қажет. Ең бастысы – ұсынылған материал сөйлеуге, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Осындай заманауи әдісті пайдалану сабақтың дайындығы мен өткізілуін сапалы жаңа деңгейге көтереді, оқу процесін қызықты етеді, тіл үйретушілердің ақпараттық мәдениетін арттырады.
Осы мақсатта сабақта мынадай интернет платформаларын пайдалануға болады: https://classroomscreen.com (сергіту, қызықтыру); https://padlet.com (жазылым, оқылым, сөйлесім әрекеттері); https://wordart.com (жазылым әрекеті); https://www.thinglink.com (оқылым, тыңдалым әрекеттері); https://quizizz.com (тест тапсырмалары); www.goanimate.com (тыңдалым, оқылым әрекеттері); https://sites.google.com/ (оқылым, тыңдалым әрекеттері); https://getkahoot.com (бақылау тапсырмалары); https://app.pixton.com (оқылым, жазылым, сөйлесім әрекеттері); https://vocaroo.com/ (тыңдалым әрекеті); https://learningapps.org/ (оқылым, жазылым, тыңдалым әрекеттері); https://www.lessonup.com/app/explorer/lessons (оқылым, жазылым, тыңдалым әрекеттері).
Ғаламторда платформалар өте көп. Соның ішінде тіл үйренуге арналған ресурстарды таңдап, жинақтап, талдап көрсек:
1.GoAnimate – анимация жасауға мүмкіндік беретін жоба. Яғни жоба кез келген презентацияны толық мультипликациялық фильмге айналдырады.
2.ThingLink – қарапайым суретті интерактивті объектіге айналдыратын сервис.
3.Google Sites – кез келген ақпаратты сақтауға, өңдеуге мүмкіндік беретін сервис.
4.Learning Apps – тапсырма құрастырудың бірнеше жолын ұсынатын, оқытуда түрлі интерактивті модульдерді қамтитын компьютерлік бағдарлама. Ерекшеліктері: модульдерді жылдам құру және өзгерту; тапсырмалар базасын жинақтап, қолжетімді ету; дайын тапсырмалар топтамысының болуы; тапсырманы бірнеше рет орындау; интерактивті тапсырмалардың санат бойынша топтастырылуы; тапсырма жасау үшін дайын шаблондардың болуы.
Мүмкіндіктері:
– тіл үйренуші алған білімін жүйелейді;
– тапсырманы бірнеше рет орындау арқылы нәтижеге жетеді;
– тіл үйренушінің тіл үйренуге қызығушылығын арттырады;
– тіл үйренуге деген уәждеме пайда болады;
– тіл үйренуші өзінің білімін тексере алады.
5.Kahoot – білімді тексерудің ыңғайлы әрі қызықты ресурсы, ойынға негізделген онлайн оқыту платформасы. Kahootты әртүрлі веб-браузерлер мен мобильді құрылғылар, сондай-ақ веб интерфейс арқылы ойнатуға болады. Kahoot студенттердің білімдерін талдау, форматты бағалау үшін немесе дәстүрлі сабақтардан тыс уақытта қолданылуы мүмкін. Платформа қарапайым ойындардан тұрады.
Тіл үйрету – тіл үйренушіні жалықтыратын дүниеге айналмауы қажет. Лингвист Крис Лонсдейл былай дейді: «Тіл үйрету – шығармашылық процесс». Яғни тіл үйретуде оқытушының қиялы шексіз болуы қажет. Тіл үйренуші сабақта оқытушыдан әртүрлі әдіс-тәсілдерін, интернет мүмкіндіктерін қолдануды талап етеді. Сол үшін аздан бастап, біртіндеп күрделендіре беру керек. Мәселен, қазақ тілінде фильм көрсету, музыка тыңдату қажет, сонымен қатар оқитын кітап пен мақалалардың барлығы қазақ тілінде болуы шарт. Бұл іс-әрекеттер арқылы қазақ тілін бойға сіңіру оңай болады. Аудиокітаптар мен подкасттарды тыңдау, YouTubeтегі материалдарды, мультфильм мен фильмдерді қарау да көптеген пайдасын тигізеді.
Қорыта келе, интернетте тіл әлеміне қатысты ресурстардың, платформалардың көп екенін байқадық. Яғни, тіл үйретуде интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет. Оңтайлы платформаны, ресурсты таңдау – оқытушының өзіне байланысты. Осындай онлайн ресурстар мен платформалар қазақ тілі сабағының мазмұны мен оқыту әдістемесін айтарлықтай жетілдіріп, дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан сабақты бір сарынды өткізбей, түрлендіріп, тартымды өткізу, оқулықпен шектеліп қалмай, онлайн білім беру ресурстарының қосымша материалдарын да пайдалану – әр оқытушының шеберлігіне байланысты.
Айтбаева Б.М.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024