Түркістан облысында мектеп оқушылары сыныпқа сыймаған соң әжетханада сабақ оқуға мәжбүр. Келес ауданындағы Сұлтанбек Қожанов мектебі шенеуніктердің назарынан мүлдем тыс қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Тар мектептің парта, тақталарына дейін ескіріп қирауға шақ тұр. Оқу ғимаратын жөндеу, сырлау да мұғалімдердің мойнында екен. Ақжол ауылындағы ұстаздардың жанайқайына тұрғындар қосылып, қосымша ғимарат тауып беруді талап етті.
600 балаға арналған мектеп 45 жыл бұрын салынған. Әбден тозығы жеткен білім ошағында қазір мыңға жуық оқушы бар. Тығырықтан шығу үшін мұғалімдер кез келген бұрышта сабақ оқытуға бейімделген. Тіпті ұстаздар бөлмесі мен бірде-бір орындығы жоқ акт залына дейін сыныпқа айналып кеткен.
“Кабинет етіп жасағанның салдарынан біздің мектебімізде зертхана жоқ және архив жоқ. Кітапхананың архиві жоқ. Бәрін кабинет қылып тастадық. Бізге әзірше қосымша ғимарат салып беріп, келешекте жаңа ғимарат салынса дұрыс болар еді”, – мектеп директорының орынбасары Луиза Ақбай.
Ең сорақысы, ескі ғимараттың жыртығын жамап, әктеп-сырлау да мұғалімдердің мойнында. Бұл мектепте орын жетіспегендіктен мұғалімдер барынша амалдауға тырысады. Бұрын дәретхана болған кабинеттерге оқушыларға орын болмаған соң еден төсеп, тақта іліп, парта мен орындықтар қойған. Мектепте әжетханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар.
Оқушысы сыймай жатқан мектептің парта мен тақтасын тозығы жеткен, қирауға шақ тұр. Бұл жағдай ата-аналардың да жанына батады.
Мектептің дәл алдында кезінде әскерилердің кеңсесі болған бес жылдан бері бос тұрған қос қабатты ғимарат бар. Соны мектептің есебіне өткізіп беріңіз деп аудан әкіміне екі жылдан бері өтінумен келеді екен. Бірақ әкім білімнен гөрі жекеменшікке өткізгісі келеді.
“Әкім бұны пионер лагерін ашамын дейді. Жекеменшік пионер лагері бізге керек емес. Дәл қазір балаларға білім беретін мектеп керек. Шөкелеп отырған бала қандай білім алады? Қазір оқу бағдарламасы күрделі. Балаға кабинет тауып бере алмаса, мұғалімнің қандай абыройы болады?”, – дейді Ақжол ауылының тұрғыны Гаухар Жораева.
Мектеп алдына жиналған жұрт әкім мен білім бөлімінің басшысын шақырған еді. Бірақ олардың орнына бөлім әдіскері ғана келді. Ата-аналар жетектегендей етіп мектептің жағдайын көрсетті. Бірақ ауданнан келген шенеунік бұл мектептің жағдайын біресе білеміз, біресе білмейміз деп әбден шатасты.
Есік алдындағы қосымша ғимарат мектепке беріле ме, жоқ па, әлде жаңа мектеп салына ма деген сауалдардың біріне жауап бере алмаған әдіскер басшыға айтамын деп ауданға кетті. «Келес өңірінде мәселе шешетін басшы жоқ» деген жұрт жауаптыларды тексерсін деп прокуратураға арыз түсірмек.