Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына дайындық шараларын бастап кетті. Бүгінде оқушыларды дәстүрлі форматқа ауыстыру бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, барлық өңірге таратылды, деп хабарлады министрліктің ресми сайты.
Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, пандемия жағдайында мектеп жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі бар. Дегенмен күндізгі оқу процесін ұйымдастыру жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
«Бастысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан әр сынып өз кабинетінде оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдар болуы міндетті», – дейді Қарамбаев.
Бұдан бөлек, сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескере отырып жасалуы шарт. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі тиіс. Дәстүрлі оқыту форматында мектеп формасы бұрынғыдай сақталады. Санитарлық қызмет талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау.
«Білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Оқыту форматы туралы шешімді коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қабылдайды», – деп атап көрсетті Қарамбаев.
Негізгі талаптар:
- барлық мектепте қызметкерлер мен оқушылардың температурасын өлшеу;
- қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, кабинеттердің ауасын зарарсыздандыру (кварцтау) және дезинфекциялау;
- білім беру ұйымдарын дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету;
- шектеу шаралары кезінде оқу орындарының сыйымдылық қуаты мен білім алушылардың санына қарай ауысым мен жұмыс режимін алдын ала анықтау;
- әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, оқу процесін ұйымдастыру;
- балалардың дәліздер мен буфеттерде жиналуын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізу;
- білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режимін сақтау;
- бір сынып бір кабинетте оқуы тиіс.
Ресми мәліметке сәйкес, 1 қыркүйекте 3,5 миллионнанн астам бала мектепке барады. Олар үшін 7 475 мектеп ашу жоспарланған. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың барысын әкімдіктердің білім басқармалары бақылайды. Барлық білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары аяқталады, соның ішінде 263 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
«Өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды. Эпидемиологиялық жағдай жеңілдеп, дәстүрлі оқуға мүмкіндік болған кезде кейбір оқушылар кезекші сыныптарға барды. Яғни, жаппай қашықтан оқыту болған жоқ», – дейді Қарамбаев.
Оның айтуынша, іс жүзінде орта есеппен 4 000-ға жуық шағын ауылдардағы мектептер жыл бойы дәстүрлі форматта жұмыс істеді. Дәстүрлі форматта оқитындардың жалпы саны кезекші сыныптарды қоса алғанда бірінші тоқсанда 1 миллион бала болса, төртінші тоқсанда 2 млн балаға дейін жеткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді дәстүрлі форматта оқытуға дайындық жұмыстарын өткізуді тапсырды.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024