Меккеге адамдарды вакцинаның жалған паспортымен апарған агенттік әрекеті әшкере болды. Алматыдағы «Зәмзәм» туристік компаниясы құжат жүзінде елде жоқ Pfizer препаратымен клиенттерін ектірген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қажылыққа баруы уақытша тоқтаған мемлекеттердің тізімінде Қазақстан болғанмен, «Зәмзәм» агенттігіне ол тосқауыл болмаған. Құлшылық етем деген 100-ден астам қазақстандықты Бішкек арқылы Сауд Арабиясына жеткізген.
«Бүгін Мәдинаға келіп отырмыз. Біздің «Зәмзәм» компаниясының директоры Данияр мырзаға рақметімізді айтамыз», – дейді қажылыққа барғандар.
«Зәмзәмға» алғысын білдірген бұл адамдар мамыр айында қажылықтан оралды. 100-ден астам қазақстандық Сауд Арабиясына Бішкектен ұшты. Эпидахуалға байланысты қажылыққа уақытша рұқсат жоғын біле тұра, «Зәмзәм» фирмасы ережені елемеген.
«Шектеу 2020 жылы қойылған. Сауд Арабиясы уақытша Қазақстанға квота беруін тоқтатты. «Зәмзәм» осы жағдайдың бәрін біле тұра, заңды айналып өтіп, өздеріне квота істеткен. Оған қоса чартер рейспен Бішкек арқылы ұшқан. Басқа туристік агенттіктер мұндай заңбұзушылыққа бармады», – дейді Алматы қаласы дін істері басқармасы ақпарат-сараптама бөлімнің жетекшісі Ербол Кәкімсейітов.
Туристік фирма қызметіне 910 мың теңге алған. Қосымша вакцина паспортына 200 доллардан сұраған. Шындығында ешқайсысы елде жоқ «Файзермен» егілмеген.
Телеарна тілшілері де клиент ретінде «Зәмзәмға» хабарласып көрген.
«Зәмзәм» туристік компаниясының директоры Данияр Ілеев шектеуден именіп тұрған жоқ. Көзбе-көз мән-жайды білу үшін тілшілер жасырын камерамен кеңсеге барады. Фирма өкілі ақша болса, кез келген уақытта ұшуға болатынын айтқан.
«Зәмзәм» фирмасы осылайша, кеңсеге келгендерге де, әлеуметтік желісінде де жұртты қажылыққа ашық шақырып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл әрекет ел арасына бүлік салу дейді.
«Жалпы дінде оны «фитна» дейді. Халықтың арасында бүлік тудырып, Қазақстан мұсылмандарына өзі былтыр қажылық болмады. Сондай адамның нәзік сезімдерімен ойнап, Қазақстан халқы биыл да қажылық жасай алмайды деп өкініп жатқан жағдайда олар Діни басқарманың таратқан ақпараты жалған деп, өздеріне хабарласқан адамдарды қажылықты жарнамалаумен кешегі күнге дейін айналысып келді», – дейді ҚМДБ қажылық бөлім меңгерушісі Жанділдә Бекжігітов.
Іле-шала Алматы қаласының полиция департаменті «Зәмзәм» фирмасының кеңсесінде тінту жасады. Кабинеттегі құжаттың бәрі тәркіленіп тексеріс басталып кетті. Вакцинаның жалған сертификатын жасау дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 385-бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғалды.
«Олар «Файзер» деген препаратты қолдану арқылы вакцина паспорттарын жасап, сол азаматтардың қолдарына берген болатын. Қазіргі таңда сол қажылыққа барған қазақстандықтардың барлығы анықталды. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде тұрады екен. Олардан сұрақ-жауап алу процедурасы қылмыстық іс жүргізу аясында жүргізілуде», – деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Егер де осы істегі күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, онда ұйымдастырушылар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.