28-02-23 |
Блинкен сапары Орталық Азия үшін күрес пе?.
Блинкен сапары Орталық Азия үшін күрес пе?

Астанада Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер ведомстволары басшыларының С5+1 форматындағы министрлер кездесуі өтті.

Сарапшылар Блинкен турын Ресеймен тарихи және геосаяси тығыз байланыстағы аймақ елдерін Вашингтон жағына тарту әрекеті ретінде қарастырады, деп жазды inbusiness.kz.

«Америка дауысы» жазғандай, бұл сапар – Вашингтонның Украинаға басып кіргені үшін Ресейді одан әрі оқшаулауға, сондықтан көрші елдермен байланыс орнату арқылы одақтарды нығайтуға деген талпынысы.

АҚШ-тың Қазақстан мен Тәжікстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд Блинкеннің сапарын «Орталық Азия көшбасшыларына Владимир Путиннің Украинадағы қылмыстық соғысына байланысты Ресеймен күресуге тура келетініне қарамастан, АҚШ-тың сыртқы саясатында аталмыш аймақ назардан тыс қалмағанын еске салу» деп бағалады.

Блинкенмен бірге аймақты аралап жүрген жоғары лауазымды шенеунік – мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональд Лу, Ресейдің Украинадағы соғысы Орталық Азия елдеріне үлкен қысым жасайтынын айтты.

«Біз азық-түлік пен жанармайдың жоғары бағасын, жұмыссыздықты, олардың тауарларын экспорттаудағы қиындықтарды, COVID-19-дан кейін экономиканың баяу қалыпқа келіп жатқанын, Ресейден келген мигранттардың тоқтаусыз ағынын байқап, біліп отырмыз. Сондықтан, оларға қазір қолдау білдіру үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз», – деді Лу өткен аптада өткен брифингте журналистерге.

Euronews хабарлағандай, бір жыл бұрын мұндай талпыныс еш нәтиже бермес еді, алайда Украинадағы соғыс көп нәрсені өзгертті. Дегемен Батыстың Орталық Азия елдеріне қысымын әлі де болса күшейтеді деп айтуға ерте. Бұл мәселеде аймақтың бұрыннан қалыптасқан Мәскеумен берік экономикалық байланыстарын ескеру керек.

Алайда АҚШ шенеуніктері бұл сапар ешқандай күресті білдірмейтінін әрі Орта Азия елдерін таңдау жасауға итермелеу болмайтынын айтады.

Украина Блинкеннің күн тәртібінде маңызды мәселе болғандықтан, Лу журналистерге: «Біз Орта Азия елдерінен Ресей немесе АҚШ, Қытай мен біздің арамызда таңдау жасауды сұрамаймыз» деді.

Ақ үй хабарлауынша, Блинкен сапары Байден әкімшілігінің Ресеймен тығыз саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарды қолдайтын бес бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіздігін, егемендігін әрі аумақтық тұтастығын қолдау туралы мәлімдемелерінің аясында өтеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.