Британия парламентінің мүшелері Мамай ісі негізінде Қаңтар оқиғасын тексермек.
Британия парламентінің мүшелері Мамай ісі негізінде Қаңтар оқиғасын тексермек

Британия парламентінің мүшелері қамаудағы оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың ісі негізінде Қаңтар оқиғасында және оқиғадан кейін Қазақстанда адам құқықтары мен халықаралық құқықтардың бұзылғаны жайлы хабарларды тексермек.

Үкіметтік емес комиссияны Қазақстанның аты-жөнін жасырын ұстауды қалайтын азаматтары құрған, олар «елде саяси қуғын мен адам құқығының нашарлауына алаңдайды». Лондондық Bindmans заң фирмасының серіктесі Таяб Али 1 қарашада өткен онлайн отырыста «жеке бастарының қауіпсіздігіне байланысты» комиссиядағы қазақстандықтардың аты-жөні жарияланбайтынын айтты, деп жазды Азаттық радиосы.

Комиссия төрағасы – британиялық саясаткер және заңгер, 2000 жылдары Англия мен Уэльстің прокурорлық қызметін басқарған Кеннет Макдональд. Қазанда Макдональд және британиялық саясаткер Эндрю Митчел мен Британия парламентінің мүшесі Рушнара Али Қазақстанның Лондондағы елшілігіне ресми хат жолдаған. Олар Қазақстан билігінен тергеуге қатысуға және Жанболат Мамаймен кездестіруді сұраған. Митчел өткен аптада даму бойынша кіші министр болып тағайындалғандықтан комиссиядан шыққан.

«Демократиялық партия» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай ақпаннан бері қамауда отыр.

Таяб Алидің сөзінше, комиссия 2020 жылдың қаңтарында болған оқиғаға аса көп назар аудармайды, бірақ комиссия мүшелері Мамайдың ісі бойынша фактілерді қарастырмақ.
Қазір комиссия «Мамайдың ұстауға негіз болған дәлелдерді, оны және басқа да саяси тұтқындардың қамаудағы жағдайы жайлы ақпараттар мен дәлелдерді алу» процессін жүргізіп жатыр. Одан соң куәгерлер мен қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары жіберген дәлелдерді қарастырмақ. Ал жыл соңында комиссия куәгерлерді тыңдау үшін ашық жиын өткізуді жоспарлайды.

Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев онлайн жиында белсендіге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілгенін айтты. Өткен аптада билік Мамайға тағылған «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» айыбын «бейбіт митинг өткізу жаңын бұзу» бабына ауыстырған еді. Бұдан бөлек Мамайға «жалған ақпарат таратты» деген де айып тағылған. Жиында адвокат Кенжебаев Мамай «жалған ақпарат тарату» айыбына қатысы жоғын жеткізді.

Қазақстандағ адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис Азаттыққа «комиссия жұмысы құқық қорғаушылардың бұған дейінгі халықаралық тергеуге шақырған үндеуін растайды» деп санайды.

«Халықаралық тергеусіз біз ешқашан шындықты, адам құқығы қалай сақталғанын білмейміз» дейді ол.

«Демпартияны» тіркеуге тырысып жүрген Мамай биыл ақпанда қамауға алынған. Оған бастапқыда «жалған ақпарат тарату» , «билік өкілін қорлау» айыбы тағылған. Ал маусымда оған қаңтарда «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып та қосылған.

Биыл Қазақстанда болған Қаңтар оқиғасында кемі 238 адам қаза тапқан, олардың арасында 19-ы – орган өкілдері. Қазақстандық құқық қорғаушылар мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар қырғынына халықаралық тергеу жүргізуге шақырған еді. Астана бұл ұсыныстан бас тартқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk