CPJ: Билік сайлау кезінде журналистерді қудалады.
CPJ: Билік сайлау кезінде журналистерді қудалады

“Журналистерді қорғау комитеті” (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстанда парламент сайлауы кезінде “билік ақпарат құралдары өкілдерін қудалап, жұмысына кедергі келтірді” деп мәлімдеді. 12 қаңтарда жариялаған хабарламасында ұйым Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бірнеше тілшісінің сайлау кезінде кедергілер мен қысымға ұшырағанын жазды Азаттық.

10 қаңтар мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен күні Қазақстанның түрлі аймақтарында тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне кіре алмай, бірнеше қалада полиция наразыларды ұстаған. Нұр-Сұлтанда полиция қызметкері белсенділердің ұсталуын түсірген Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің телефонын тартып алып, кейбір видеоларды өшіріп тастаған.

Сол күні сайлау учаскелерінен хабар таратуға барған Азаттықтың бірнеше тілшісі комиссия мүшелерінің кедергісіне ұшырады. Алматы қаласы мен маңындағы елді мекендерде сайлау комиссиясы мүшелері Азаттықтың бірнеше тілшісінен ПТР-тест нәтижесін талап етіп, тілшілер Аян Қалмұрат пен Нұртай Лақанұлын учаскеден шығарып жіберген. Ал ақпарат құралдарының ПТР-тест тапсыруға міндеттелмегенін денсаулық сақтау министрлігі сайлау алдында да айтқан. Бас санитар дәрігер қаулысына сүйенсек, ПТР-тестің ақпарат құралдарына қатысы жоқ.

Бұған қоса, Алматы облысында жәшікке топтап салынған бюллетеньді түсіріп, сұрақ қойған Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлын комиссия мүшелері “учаскеде көп адамның жүруіне болмайды” деп учаскеден шығарған. Қостанайда “Наша газета” тілшісі Георгий Говоровты да дәл сондай себеппен дауыс санау алдында шеттеткен.

“Журналистерді қорғау комитеті” хабарламада желтоқсан айында қабылданған бас санитар дәрігердің қаулысы әлеуметтік қашықтық сақтауды міндеттегенмен сайлау учаскесіндегі адамдар санына шек қоймайтынын еске салған.

CPJ сонымен бірге Ақтөбе мен Шымкентте де Азаттық тілшілері Жаңагүл Жүрсін мен Дилара Исаның кәсіби міндетіне кедергі келтірілгенін атап өткен.

“Журналистерді қорғау комитеті” осыған орай Қазақстан орталық сайлау комиссиясы, ішкі істер министрлігі, Алматы қалалық сайлау комиссиясына электронды поштамен сұрақ жіберген, бірақ жауап түспеген.

11 қаңтарда “Әділ сөз” баспасөз қорғау ұйымы да мәлімдеме таратып, журналистер жұмысына кедергі келтіруді сынаған.

“Сайлаудан хабар таратқан журналистерден ПТР-тест талап етпеуі тиіс еді. Бұл туралы бірде-бір заң немесе қаулыда көрсетілмеген. Журналистерге сайлау учаскесінде видео және фото түсіруге тыйым салу – заңды өрескел бұзу. Әлеуметтік қашықтықты сылтауратып сайлау учаскесінен журналисті шығару да өрескел заңсыздық” делінген ұйым хабарламасында.

Ұйым журналистің кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтіру заңмен қудаланатынын да еске салған.

Кейінгі уақытта елдегі ірі оқиғалардан хабар таратып жүрген Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасау, шабуылдау жиіледі. Ондай фактілерге қатысты құзырлы органдарға шағым түскен, бірақ әлі күнге дейін күдікті де, айыпталушы да анықталмады.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 157-орында тұр және”сөз бостандығы қиын жағдайдағы елдердің” қатарында.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk