05-05-18 | 19:01
Дағдарыс орталығы нәзік жандыларға көмектесуге дайын.
Дағдарыс орталығы нәзік жандыларға көмектесуге дайын

Әлсіздерге әлімжеттік жасайтындарға қай елде де заң қатаң. Соның ішінде Қазақстанда да қыз-келіншектерді қорғаудың мықты тетігі жасалып, құқықты қамтамасыз ететін заңнамалар да жүйеленген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі еліміздегі жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу туралы заңның түбегейлі өзгеруіне алып келуі мүмкін. Бұл үшін елімізде 5 арнайы телефон желісі қосылып отыр. Соған сай, Дағдарыс орталықтары одағының «150» нөміріне хабарласқан қыз-келіншектер өзінің сауалын қойып, құқықтық тұрғыдан қолдау ала алады.

 Арнайы сенім телефонын іске қосудың өз мәні бар. Айталық, «150» нөміріне хабарласқандардың жұмыс орнындағы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу оқиғалары жөнінде қысылмай айтуға, көмек күтуге мүмкіндігі бар. Мұндай қиын жағдайға тап болғандарға сотқа жүгінудің, құқық қорғаушыларға арызданудың өзі үлкен күш. Ал телефонда отырған мамандар қыз-келіншектердің қиындықтан  шығуына жол ашады. Осы жедел желіге хабарласқандар арқылы жұмыс орнындағы жыныстық мәжбүрлеу жөнінде ақпараттарды жинау басты мақсат болып отыр. Кейін бұл мәліметтер еліміздегі заңдарды өзгертуге негіз болады деп күтілуде.

Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтары одағы» қоғамдық бірлестігінің директоры Зүлфия Байсақова бұл жөнінде: «Қазақстанда жыныстық зорлықтың кез келген түріне төзібейтін орта қалыптастыру қажет. Өйткені, біреудің арына қол сұғу ешқашан жазасыз қалмауы тиіс» деді.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 123-бабы мүлдем жұмыс істемейді. 1998 жылдан бастап ол бойынша бар-жоғы 25 үкім шығарылған екен. Осы тұста бас бостандығынан айыру жазасы бірде-бір рет қолданылмаған. Қазіргі таңда зорлық құрбаны үшін өзінен биік дәрежеде тұрған адамды (бастықты, әріптесті, оқытушыны, бизнес-серіктесті) жазаға тарту аса қиын, өйткені зорлық құрбаны бүкіл дәлелді дербес өзі жинап, сотқа жүгінуі тиіс.

 «Мемлекет қоғамды мыңдаған адамның тағдырын тас-талқан еткен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу оқиғаларынан қорғайтын жүйемен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәжбүрлеудің арты зорлыққа, жұмыстан шығарып тастауға, жыныстық қатынасқа еріксіз түсуге әкеліп соғады. Алайда бүгінгі күні бұл қылмысты сотта дәлелдеу қиын болғандықтан, өз құқығын қорғауға батылы жететін адамдар ілуде біреу ғана», – деп  атап өтті белгілі адвокат Жохар Өтебеков.

 «Орталық Азия Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік агенттігі» ҚҚ директоры Әлия Қадырәлиева бизнес-ортаны өз қызметкерлері, клиенттері және жалпы қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, оқыту, ақпарат беру, ішкі саясат пен шараларды дайындау арқылы жұмыс орнындағы жыныстық мәжбүрлеуге төзімсіз ортаны құруға үндеді.

Камила Әкімбек

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.