Даниал Ахметов басқаратын өңірде 6 млн теңгеге салынған әжетханалар істемей тұр.
Даниал Ахметов басқаратын өңірде 6 млн теңгеге салынған әжетханалар істемей тұр

Қазақстандық шенеуніктердің ақсақалы саналатын Даниал Ахметов басшылық еткен Шығыс Қазақстан өңірінде алты миллион теңгеге салынған дәретханалар істен шыққан. Мемлекет миллиондары жұмсалған дәретханалар халық қажеттігін өтей алмай тұр.  

Қымбат әжетханалар Катонқарағай ауданында салынған. Бірі аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында. Енді бірі Берел қорғанының маңында. Барлығы бес дәретхана. Әрқайсысының құны алты миллион теңгеге жуық. Іші жылы, суы бар. Тіпті осы үшін бір тазалаушы айлық алып отыр. Бірақ сол дәретханалардың игілігін көрген ел аз. Есігі жабық. Тұтқасы сынық. Қайта қасындағы бұрынғы әжетханаға халық көп кіріп-шығады екен. Кім келсе де есігі күні-түні ашық тұр.

Бұл туралы 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасында айтылды.

«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қыс айлары болғандықтан, суық болғандықтан, іші дұрыс жылу ұстамағандақтан, кей әжетханалар істен шығып тұр», – дейді  Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы.

Ал аймақтағы кейбір үйлердің құны дәл қазіргі уақытта бес жүз мың теңгеден басталып сатылып жатыр. Осыдан он жыл бұрын «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынып, қандастарға деп берілген. Қазір тұрып жатқан отбасыларға бағасын біраз төмендетіпті. Бірақ мезі болған мұндағы жұрт мерзімі өтті деп, сапасына байланысты қатты қынжылды.

«Бағалағанмен, үй сапасыз. Гипсокартоннан салынған жұқа үй. Қазір үйдің асты, едені бәрі түскен. Қабырғалары астының бәрі шіріген. Төбенің бәрі қисайған. Енді уақыты жетіп, құлағалы тұр десек те болады», – деді Өскемен қаласының тұрғыны Серік Қонысбай.

Бұл үйлер 2011 жылы алғаш берілгенде басқаша еді. Сол кезде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, алғашқы үйлердің кілтін өз қолымен табыстаған.

«Бұл үйлер алғаш осыдан он жыл бұрын «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған кезде бес миллионға бағаланған. Халыққа несиеге берілген. Бастапқы бірнеше айында халық төлеген. Одан халық шулаған соң үкімет жалдамалы үй ретінде ауыстырған», – деді «Аумақтық басқару орталығы» филиал директорының міндетін атқарушы Тілеухан Жильяз.

Сапасына да сын көп айтылды. Қағаз үй деп қаншама халық шулап көшіп те кеткен. Қыстың күні өртенгені де ел есінде. Сол үйлердің қаңқасы әлі тұр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.