26-06-20 | 12:38
Даулы мүсін жайлы мұражай ресми жауап берді.
Даулы мүсін жайлы мұражай ресми жауап берді

Әлеуметтік желіде Абай Құнанбайұлының бейнесіне ұқсас мүсін әлі де дау тудырып, талқыланып жатыр. Осыған байланысты Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының әкімшілігі ресми жауап жолдады. Онда мүсінде Абай Құнанбайұлы бейнеленбегені, мүсін “Абыз ата” деп аталатын мүсінші Шоқан Төлештің жұмысы екені айтылған. Және мүсін туралы толық мәлімет те келтірілген.

“Шоқан Төлештің “Абыз ата (Мудрец)” мүсіні 2019 жылы жасалған, гранит, биіктігі 3,5 метр. Ол 2019 жылдың 26 қарашасында автордың жеке көрмесінің аясында Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Мүсін саябағының аумағына орнатылған” делінеді мұражай әкімшілігінің ресми жауабында.

“Абыз ата” мүсіні халық даналығының аллегориясы және ұрпақтар сабақтастығы идеясын бейнелейді. Абыз ата бейнесінде ата-бабаларымыздан берілген және Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне дейінгі ғасырларда сақталған халықтың сан ғасырлық даналығы көрініс тапқан.

Мүсіншінің бұл жұмысы оның барлық туындылары сияқты толықтай шолу жасау арқылы біртіндеп автор ойының әр түрлілігін ашып көрсететін өзіндік “оқылуды” талап етеді.

Абыз ата мүсіндік шығармасында өткен дәуірлер тарихының терең мағынасы жаңаша көрініс тапқан. Заманауи мүсіннің монументалды пішінінде балбал түрінде көнеден келе жатқан халық өнері дәстүрлерінің ізі байқалады.

Қазақ халық өнерінің бастауы автордың заманауи мүсінінде жаңа көзқарасқа ие.

Шоқан Төлеш – мүсінші, суретшілер Одағының мүшесі, суретшілер одағының басқарма мүшесі, өнер академиясының академигі, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. Автордың ірі әрі танымал жұмыстарының бірі – Алматыдағы монументалды-мүсіндік композициядағы Н. Назарбаевтың ескерткіші.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk