19-04-24 |
8410 рет қаралған
Адамның денсаулығы – қоғам байлығы.
Адамның денсаулығы – қоғам байлығы

Дәрігер болуды бала күнімнен қатты армандадым. Ол үшін адамның бойында осы мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенім болуы қажет деп ойлайтынмын. Сол жолда мақсатыма адал болуға тырыстым. Дәрігерлік мамандықты иемдену – екінің бірінің қолынан келмейтін іс.  Дәрігер болу үлкен мәртебе деп білемін. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, кәсіп түрін дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі екен. Зор ықылас, шабытпен істелген іс – арман биігіне жеткізетін қанатың.

Медицина десе  көз алдыңызға не елестейді? Шприц, ақ халат, аурухана, медициналық эмблема, науқастар… Бұлар – тек сырт көзбен қарағанда байқалатын дүниелер, ал оны терең меңгеріп, білімін бойына сіңірген адамға «медицина» ұғымы – жауапкершілігі мол, ең асыл, қымбат, шексіз мағыналы сөз.

Гиппократ: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» деген екен, ерте заманда. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу – ол да бір өнер.  «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы тиіс», деген қанатты сөз бар. Осы ұғымды тереңінен қарастырар болсақ, «арыстандай айбатты» деген еш нәрседен қорықпайтын, батыл, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін деген мағынаны береді. Ал «қыздай икемді» дегені өз ісіне байыппен, сеніммен қарай білетін жандар дегенді білдіреді. «Анадай мейірімді» дегеннің мағынасы науқастарға мейірімін төге білетін, қажет кезде туған анасындай қамқорлық көрсете алатын ізгі жандар дегенді білдіреді деп ойлаймын. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы осы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атанары сөзсіз.

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын қалыптастырып, денсаулықты күтуде. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, ұзақ өмір сүруі, тәннің  мен жан, яғни рухани саулығын сезінуі. Қазақ халқының «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың – жаны сау», «Жаны саудың – тәні сау» деген мақал-мәтелдері адам денсаулығын күтуде терең тәрбиелік әрі философиялық мәнге ие дер едім.

Әрине, адам өмірімен байланысты болғаннан соң, әр өзін сыйлайтын дәрігер өмір бойы оқып, үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Дәрігерлердің мойнына үлкен жүк пен жауапкершілік артылады. Иә, айта кету керек, қазіргі кезде дәрігерлер жайлы жағымсыз әңгімелер, оқиғалар жетіп-артылады. Кей дәрігерлерді қатыгез, жауыз ретінде де сиппаттап беретін науқастар баршылық.

Сондықтан медицина саласын таңдамастан бұрын, оның сан қыры, қошеметі мен қиындығы да бар екен ескере кеткен абзал. Дәрігерлерге артылатын үміт зор. Кешегі әлемдік індет жер бетін жайлаған кезде, карантиннің құрсауынан шыға алмай, өмір мен өлім арасында арпалысқан адамзатың сенері осы ақ халатты абзал жандар болды.  Менің ойымша,  білікті дәрігер болу үшін ең алдымен сол адамның бойында адамгершілік, білімқұмарлық пен жауапкершілік болуы керек. Осындай сан қырлы қиындығы болса да, өзімнің осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Он жеті жылдан бері асыл арманым болған сүйікті мамандығыма адал, бар ниетіммен қызмет етуге тырысып келемін. Адамға, қоғамға жан-тәнімен көмектесу мәртебелі міндет емес пе?..

Жүнісова Ұлжан Жылқайдарқызы

Қызылорда облысы

Шиелі ауданы

Көкшоқы алғашқы медициналық-санитарлық

көмек орталығының бөлім меңгерушісі,

жоғары білікті дәрігер

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.