Алматыда Дүниежүзілік аутизм проблемасы туралы ақпарат тарату күніне орай қайырымдылық концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауқымды шара Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Бұл жерге аутизмге шалдыққан 300 жуық адам мен олардың туыстары жиналды Сондай-ақ жиынға ақыл есінің дамуында мешеулік бар, Даун синдромы, сал ауруымен ауыратындар да жиналды.
«Бұл күні әлемде 2008 жылдан бері аталып өтіледі. 2009 жылдан бастап өзім осы салада жұмыс істеп келемін. Менің басты мақсатым – адамдардың осы проблемаға назарын аударту», – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Жанат Қаратай.
Оның айтуынша, Қазақстанда осындай науқастар саны жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде ресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда 2000-ға тарта адам аутизмге шалдыққан.
«Қазір осындай науқастарды қайта оңалтуға, түрлі шаралар ұйымдастыруға ешқандай бағдарлама жоқ десек те болады», – деді Жанат.
Шара барысында науқас балалардың ата-аналары балаларына қуаныш сыйлау үшін концерт қойып, флешмоб, «Алтын балаларға – алтын шар» акциясын ұйымдастырды.
Шығармашылық ұйымдарының өкілдері балаларға арнап арнайы шеберлік сағаттарын өткізді. Сабын көпіршіктері шоуы көрсетілді. Балаларға үйретілген иттермен суретке түсуге мүмкіндік берілді.
Ресми шара барысында Nur Otan партиясы Алматы бөлімшесі төрағасының орынбасары Станислав Конкуров қазір бұл проблемаға мемлекет баса назар аударып отырғанын айтты.
«2013 жылдан бастап Nur Otan партиясы «Кедергісіз отбасы» шарасын өткізіп келеді. Шара аясында адамдарды жұмысқа тұрғызу, кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері қамтылған», – деді Станислав.
Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап Алматы әкімдігі мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғауға бөлінетін қаржы көлемін екі есеге дейін өсірген.
Дереккөз:inform.kz