Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов елімізде қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету және балалардың денсаулығын қорғау үшін вакциналар мен медициналық бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.
⏺Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде уақытында екпе салынбай қалған 18 жасқа дейінгі балаларды иммундауға Үкімет резервінен 5 832 377 600 (бес миллиард сегіз жүз отыз екі миллион үш жүз жетпіс жеті мың алты жүз) теңге бөлінеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде Қазақстанда екпе алмаған 800 мыңнан астам бала анықталды. Көкжөтел, дифтерия, А және В вирусты гепатиттері, қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, паротит және гемофильді инфекция сияқты қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы толықтыра иммундау жүргізіледі.
Қаражат облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне 747 720 доза вакцина мен 542 592 бірлік шприц сатып алуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аударылады. Ал Шығыс Қазақстан облысында балаларды қолда бар препараттар көлемі есебінен толықтыра вакциналау жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Соңғы 2 айда сырқаттанушылық деңгейі 32%-ға төмендеді. Қосымша жаппай иммундау аясында шамамен 1,3 млн адам екпе алды, бұл вакцина алуға жататын халықтың 91%-ын құрайды.
Сонымен қатар басқа да вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттанушылық жағдайларының артқаны байқалады. Мәселен, 2023 жылы көкжөтел бойынша кері динамика тіркелді, бұл ретте науқастардың 91%-ы – екпе алмаған балалар. Сондай-ақ қызамық, эпидемиялық паротит және А вирусты гепатитінде де өсім тіркелді.
Халық арасында қауіпті инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуіне жол бермеу үшін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге иммундауды уақытылы жүргізу мәселесін және әрбір өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды.