15-08-23 |
860 рет қаралған
Арманым Паралимпиада чемпионы болу.
Арманым Паралимпиада чемпионы болу

Әр елде, әр өңірде тағдыры әсерлі, болмысы әр қилы жандар бар. Қиындыққа қайыспаған бұл қайсар адамдардың өмірден түйгені, бақытқа жету жолындағы сан мыңдаған қадамы – көпке үлгі. Соның бірі – екі аяғынан айырылған Айсұлу Сүлейменованың дара жолы.

– 2011 жыл. 3-курсқа енді көшкен уақытым. Әдеттегідей ауылға, ата-әжеме жол тарттық. Кенет жарық жылдамдығындай уақытта апат болып, қатты екпіннен көлік жол жиегіне шығып, тоқ жалғанған бағаналарға соқтығысты. Соққыдан кейін бағана құлады. Далада жаңбыр жауып тұр. Негізі мен апаттан аман қалдым, бірақ көліктен түскенде электр сымдарын басып кетіппін. Аяғымды ток ұрды. Ауылға жеткізілгеніммен, дер кезінде көмектесетін тәжірибелі дәрігерлер болмады. Оның үстіне демалыс күндері, тек 2-3 күннен кейін ғана мені қалаға жеткізді. Дәрігерлер аяғымды аман алып қалуға тырысты, алайда мүмкін болмады. Олар шіри бастап, гангрена пайда болып, бүкіл денеме тарай бастаған екен. Кейін мамандар анама тез арада аяғымды кеспесе, бір аптадан кейін қайтыс болып кетеді деп жеткізді. Мүмкін ертерек келгенімде, аяғымды аман алып қалуға болатын ба еді…Қатты қиын болды. Жыладым. Неге мен? Неге маған? Ол кезде небәрі 20 жастағы қызбын ғой, – деп Айсұлу көз жасын сүртті.

Бірақ сол қаршадай бойжеткен тағдырдың тауқыметін көтерді. «Бір Алланың маңдайға жазғаны» деп ауыртпалыққа қабырғасы қайыспады. Езілсе де, еңсесін түсірмеді. Оған ет жақын туыстары демеу болды. Күн-түн демей, жаралы жанның жанынан бір сәт алыстамады. Тіпті нәзік болмысы артында жасырынған қайсарлығының арқасында оқуын тас­тамай, ауруханада дәрістерін онлайн жалғастырды.

– Оқуымды аяқтаймын деп шештім. Бұл жағдайдан қашып кете алмайтынымды да түсіндім. Сондықтан басыма түскен істі қабылдадым. Өмір әрі қарай жалғасатынына сендім. Әрине, ол бұрынғыдай тез өтпейтінін де білдім. Менің барлық мықты қасиеттерім анамнан дарыған секілді. Осы жағдай болғанда анам әлсіздік танытпады. Маған үнемі «бәрі жақсы болады» деп қайталайтын. Сол кезеңдері де, қазір де менің жанымнан табылады. Осы қиын-қыстау кезеңде бір рет те өзінің көз жасын маған көрсеткен жоқ. Тек маған күрделі ота жасалып, аман қалғанымды естігенде бір рет көзіне жас алды. Әрине, менің қасымда осындай мықты тұлғаның бары маған үлкен күш сыйлайды. Протезге үйреніп, жүре бастадым. Оқуымды сәтті аяқтадым. Дипломымды алдым. Одан кейін тұрмысқа шығып, 2013 жылы ұлды болдым. Баппен, өмірім жалғаса берді. Қазір менің кішкентай қолдаушым, тірегім ұлым бар. Бірақ өзара белгілі бір жағдайға байланысты жолдасыммен ажырастық. Баламды балабақшаға өткізіп, өзім жұмыс іздедім. Бірнеше мекеме менің денсаулығымды білген соң, жұмысқа алмады, – деді ол.

Жігері жасымаған Айсұлу «Қазақ­мыс» корпорациясына түйін­де­месі мен өз денсаулығын ашық баяндап, хат жазады. Кейін бір айдың ішінде шақырту алып, осы кәсіпорында IT сала­сына жұмысқа қабылданады. Бұл ком­пания оған біраз мүмкіндік сыйлап, адам, тұлға ретінде қалыптасуға сеп­тігін тигізген. Сол Астанаға көшіп кел­ген жылдары Паралимпиада орта­лы­ғы оны да жаттығуға шақырады.

– Орталықтан «Сенің мүмкіндігің бар» деп қайта-қайта шақырды. Бірақ мен ол кезде дайын болмадым,­ тек бір жылдан кейін ғана бардым. Осы­лай­ша, паралимпиадашылар қата­­ры­на қосылдым. Орталыққа неге­ бір жыл­ бұрын бармағаныма өкін­­дім. Орта­лықта маған барлығын көр­сетіп, түсіндірді. Кейін ол менің өмі­­рім­­нің ажырамас бөлігіне айналды.­ Волей­бол­мен айналысқаныма 5 жылдай болды. Бірақ Қазақстан құрамасының қатарына қосылу мен үшін арман еді. Себебі мен тек өзім үшін, тәнімді саулықта сақтау үшін ғана баратынмын. Алайда биыл Қазақ­­­стан паралимпиадашыларының құра­мына қосылдым. Менің қуанышымда шек болмады. Тын­бай­ еңбек­тенгеннің арқасында осындай мүмкін­дікке ие болдым, – деді кейіп­керіміз.

Осылайша, 12 жыл бұрын екі аяғы­нан­ айы­рыл­ған Айсұлу Сүлейменова қазір Пара­лим­пиада құрамасында жат­­­ты­ғады. Одан бөлек, жүгіру спортымен де айналысады. Аптасына
3 рет­ тұрақты түрде шынығады. Оның айтуын­­­ша, бұл саланың да өзіндік проблемалары бар. Мәселен, әр жарысқа бару үшін демеушілерді, қаржы мәсе­ле­сін паралимпиадашылардың өздері ойлас­тырып, реттейтін көрінеді. Тіпті кейде спортшыларды тасымал­дай­тын көлік­тің де болмайтыны қын­жыл­тады деп отыр.

– Паралимпиада ойындарынан­ тікел­ей эфир көрсетілмейді. Биыл ғана біздің ойынымызды бір-ақ­­ рет көрсетті. Ұлдар командасы­ бар.­ Оларды жиі көрсетіп жатады. Фут­бол­ десе, ішкен асын жерге қоя­тын жан­кү­йерлері көп. Бірақ бізде олай емес. Көрермендерді көбінесе өзі­міз ша­қырамыз. Бұл проблеманың негі­зі меніңше, сол елдегі БАҚ-тан мей­­лінше насихатталмағандықтан болар. Егер ол үнемі насихатталатын бол­са, бізді қолдайтын жандар көп еке­ніне сенімдімін, – деді Айсұлу Сүлейменова.

Биыл паралимпиадалық Азиада ойындары өтеді. Айсұлудың ендігі арманы – чемпион болу. Алдағы ел чемпионатына, халықаралық жарыс­тарға қатысуға ниетті. Жалпы, спорт физи­калық қана емес, адамның эмоцио­налдық көңіл күйіне оң әсер етеді. Сол себепті спортпен үнемі шұғылдануға тырысамын дейді.

– Барлық дүниеге тек позитивпен қарау керек. Болып кеткен дүниені өзгерте алмаймыз. Сондықтан оған бас ауыртып, уайымға салынудың қажеті жоқ. Шешімі болмаса, кез кел­ген жағдайды қабылдау керек. Бар­лы­ғымыз адамбыз. Сондықтан көңіл күйдің құбылып тұруы заңды. Маған тоқтауға мұрша бермейтіні  – менің арман-мақсаттарым. Ұлым өсіп келеді. Жанымда әке-шешем бар. Сон­дықтан мен қол қусырып отыра ал­маймын. Шабытты мен қазір жасап жүрген дүниелерімнен аламын. Бар болмысымды ешбір боямасыз көр­сетуге тырысамын. Өмірді қатты жақ­сы көремін. Қазір көп нәрсе өз қолы­мыз­да. Ең бастысы, ниет болу керек. Ал даму үшін барлық тетік бар, – деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.

Зейін Ерғали,

«Егемен Қазақстан»

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.