Депутаттар экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) квотасын өсіруді ұсынды. Олардың айтуынша, жастардың ажырасуына орталарында баланың болмауы – негізгі себептердің бірі.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева үкімет сағатында жастар мәселесі бойынша “балалы болмау салдары ажырасудың бір себебі” екенін атап өтті.
“Ажырасу мәселесін тек кешенді шаралармен шешуге болады және бір шара – ЭКҰ квотасын өсіруді және тек бір баламен ғана шектелмеу керек”, – деді Г.Исимбаева.
Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева егер осы ұсыныс Денсаулық сақтау министрлігіне түскен жағдайда Қаржы министрлігі квотаны өсіру мәселесін қарауға дайын екенін жеткізді.
“Алдағы үш жылға бюджеттік процесс енді басталып жатыр. Осы уақыт аралығында құзырлы орган нақты позиция жасақтайды деген сенімдемін”, – деді Т. Савельева.
Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев квотаның 2010-2016 жылдары аралығында сегіз есе өскеніне қарамастан қазіргі уақытта жетіспеушілік барын айтты.
“2010-2017 жылдары аралығында 1 800 бала осы квотамен дүниеге келді. Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Әрине, бұл мәселеде прогрессивті шаралар қолдану қажет”, – деді министр.
Дереккөз: altaynews