arasha.kz

Елімізде гинекологқа бару әлі де өзекті болып тұр

Қазақстандағы әйелдердің денсаулығына деген көзқарасы жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Олардың өз денсаулығына қатысты хабардарлығы артып, өздерін күтуді маңызды деп санай бастады. Бұл өзгерістерді «Kazakhstan Women’s Health» әлеуметтік жобасының аясында өткізілген Ayelder Dausy 2024 сауалнамасы нақты көрсетіп отыр.

Аталған сауалнаманың нәтижелері әйелдер денсаулығына қатысты қоғамдағы маңызды мәселелерді ашып берді. Мақалада сауалнама нәтижелеріне негізделген негізгі мәселелерді және сарапшылардың пікірін талдаймыз.
Сауалнаманың бір маңызды тұсы – қазақстандық әйелдердің денсаулығын өздері қалай бағалайтынын көрсететін көрсеткіштердің өсуі болды. Сауалнама нәтижелері бойынша, 2023 жылмен салыстырғанда өзін «сау» санайтын әйелдердің саны 5%-ға өсіп, 11%-ға жетті. Бұл өзгеріс, бір жағынан, әйелдердің өз денсаулығына мұқият бола бастағанын, олардың ақпараттандырылуының артып жатқанын көрсетеді. Айта кету керек, сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен 2 500 әйел қатысқан, олардың барлығы 29 жасқа дейінгі әйелдер.
Сонымен қатар, сауалнама барысында өзін «толық сау емес» деп санайтын әйелдер саны 46%-дан 38%-ға төмендеген. Бұл тенденция әйелдердің өз денсаулығына шынайы көзқараспен қарап, оны бағалаудағы жауапкершіліктің арта бастағанын білдіреді.
Айқын проблема ретінде қазақстандық әйелдердің көпшілігінің өз бетімен емделуі анықталды. Сауалнама деректері бойынша, респонденттердің 72%-ы дәрігердің кеңесінсіз өз бетімен ем қабылдайды. Өз бетімен емделу – күрделі мәселе, өйткені кейбір жағдайларда уақытылы дәрігерге жүгінбеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Сауалнамада көрсетілгендей, әйелдердің 51%-ы ауру белгілері пайда болғанды күтеді және симптомдар өздігінен жойылмаса ғана дәрігерге барады. Мұндай жағдайды денсаулыққа бей-жай қараудың салдары деп түсінуге болады. Дегенмен, 29%-ы алғашқы симптомдар пайда болған бойда мамандарға жүгінсе, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артқан (20%-дан 29%-ға дейін).
Бұл динамика қазақстандық әйелдердің денсаулық мәселелеріне саналы түрде қарауға бет бұрғанын көрсетеді, дегенмен көпшілігі әлі де болса дәрігерге кеш жүгінеді.

Гинекологқа бару мәселесі Қазақстанда әлі де өзекті болып отыр. Сауалнамаға сәйкес, әйелдердің 19%-ы гинекологқа бармайды немесе өте сирек барады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға өскен. Гинекологқа бармаудың негізгі себептері – денсаулыққа шағымның болмауы (47%), қымбат зерттеулер (21%) және бос уақыттың жоқтығы (18%).
Әйелдер денсаулығының негізгі аспектілерінің бірі – профилактикалық тексерулер. Гинекологқа жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өтетін әйелдер саны 2%-ға өсіп, қазір 57%-ды құрайды. Бұл әйелдер денсаулығына деген саналы көзқарастың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшиннің айтуынша, әйелдердің өз денсаулығына деген қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл өзгеріс денсаулық жағдайына оң әсер етеді және әйелдер ауруларының ерте диагностикасы мен емделуіне ықпал етеді. Локшин қазақстандық әйелдердің саналы көзқарасы тек денсаулықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар, бедеулікті алдын алуға көмектесетінін атап өтті. Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 000 жұп бедеулік мәселесімен клиникаларға жүгінеді, оның 55%-ына көмекші репродуктивті технологиялар қажет болады. Ал қалған жұптардың көпшілігі ауруды ерте анықтау арқылы емделе алады.
2024 жылғы сауалнаманың маңызды нәтижелерінің бірі – әйелдердің жыныстық жолмен берілетін аурулар мен контрацепция әдістері туралы ақпаратқа деген қызығушылығының артуы. Контрацепция әдістері бойынша кеңес алу үшін гинекологқа жүгінетін әйелдер саны 10%-ға өссе, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы ақпарат іздейтіндер саны 11%-ға артты.
Ayelder Dausy 2024 сауалнамасы Қазақстан әйелдерінің денсаулыққа саналы түрде қарай бастағанын, әсіресе профилактикалық шараларға қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Өзін-өзі емдеудің зияны мен дәрігерге уақытылы жүгінбеу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Алайда, денсаулық сақтау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқаны қуантады. Біздің қоғамда денсаулыққа қамқорлық тек жеке бас пайдасы үшін ғана емес, ұлттың жалпы денсаулығы үшін де маңызды екенін түсіну керек.
Әлеуметтік сауаттылықтың өсуі мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру арқылы Қазақстан әйелдері денсаулығына қатысты саналы таңдау жасауға дайын екендігін көрсетіп отыр.

Exit mobile version