arasha.kz

Елордалық ұстаздар вакцина алуда белсенділік танытты

Нұр-Сұлтан қаласы «Салауатты Астана» ЖШС емханасында мұғалімдер қауіпті індетке қарсы вакцина салдыра бастады, деп хабарлайды Arasha.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елімізде мұғалімдерге вакцина салдыру 1 наурызда басталды. Бүгін елордадағы №78 мектеп-гимназиясының мұғалімдері ерікті түрде вакцина салдырды.

«Вакцина халықты қауіпті індеттен сақтайды. Біз аурудың алдын алу үшін егілетін вакцина барына қуанамыз. Ақпан айында медицина қызметкерлеріне вакцина салынды. Бүгін кезекті түрде мектеп мұғалімдеріне салудамыз. Бұл вакцинаны қазір саламыз және 21 күннен соң екінші мәрте қайталаймыз. Ең алдымен салудың алдында  қабылдаушыдан сауалнама алып, медициналық қараудан өткіземіз. Сондай-ақ асқыну мен қарсы көрсеткіштерді түсіндіріп өтеміз», – деді «Салауатты Астана» емханасының дәрігері Майкамал Еселбаева.

Дәрігердің айтуынша, бүгін ерікті түрде 30 шақты мұғалім вакцина салдырды. Қабылдағандар өздерін жақсы сезінуде. Ешқандай кері әсері байқалмаған.

«Коронавирус – әлемді алаңдатып отырған дерттің бірі. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептер арасында коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары жүріп жатқанын біліп, өз еркіммен салдырдым. Вакцина алған соң өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай өзгеріс байқаған жоқпын. Мектеп ұстаздары оқушылардың денсаулығын ойлап, қауіпсіздік мақсатында вакцина салдырған дұрыс деп ойлаймын», – дейді №78 мектеп мұғалімі Гүлиза Сәрсембаева.

Exit mobile version