Жастардың арасында бедеулік пен белсіздік неліктен соншалықты белең алып бара жатқаны дүйім жұртты алаңдатып отырған сұрақ. Дәрігерлер бұрын әйелдер бедеулігі жиі кездессе, қазір ерлердің белсіздігі де өзекті проблемаға айналды деп отыр. Сондай-ақ бедеуліктің жасы да кішірейіп бара жатыр деп дабыл қағуда. Мысалы, Репродуктивті медицина институтына былтыр 5500-ден аса адам келіп, ЭКҰ (ЭКО) жасатқан болса, биыл экстрокорпоралды ұрықтандыруға жүгінген азаматтар саны артқан деп отыр аталған институттың репродуктолог-дәрігері Аяулым Косетова.
– Жылдан жылға бедеулік көбеюде. Биылғы статистика жыл соңында шығады. Бірақ келушілерге қарасақ, биыл олардың саны былтырғыға қарағанда көп болатын сияқты. Бедеулікке өмір сүру салты әсер етуі мүмкін. Көп адамда қимыл-қозғалыс аз. Стресс немесе депрессия да денсаулыққа кері ықпал етеді. Білесіздер, күйзеліске де төзімділік қазір азайып кеткен. Жеп отырған тамағымыз бен экология да бедеулік факторы болуы ғажап емес. Түрлі химиялық қоспалары бар, ГМА (генетикалық модификациялық ағза. ред) тағамдар және тағы басқа себептер әсер етуі мүмкін. Қазір дені сау адамды кездестіру қиын. Кездестірсең де бір жері әлсіз болып шығады. Бірінің жүрегі, бірінің бүйрегі, тағы бірінің бауыры дегендей… Арақ-шарап, темекі, оның үстіне нашақорлыққа баратын болса клеткаларды өлтіреді, сапасын нашарлатады, олар у емес пе?! Әрине мұның бәрі бедеулікке әкеледі, -дейді репродуктолог-дәрігер.
Кейіпкер: ЭКҰ арқылы бір бала босанып, екіншісіне аяғым ауыр
Осы ретте біз екі мәрте ЭКҰ (экстрокорпоралды ұрықтандыру) жасатқан 34 жастағы Эльмира есімді келіншекпен әңгімелескен едік. Оның ЭКҰ арқылы дүниеге әкелген баласы қазір төрт жаста, екіншісін босануға дайындалып, ай-күні жақындап отыр. Сұхбаттасымыз бізге өз оқиғасын баяндап берді.
– 5 жыл бала көтере алмадым. Жатырдан тыс жүктілік болды да, ота арқылы бір трубкамды алып тастады. Оң жақ түтік бітелген деді. Ол операцияны репродуктивті медицина институтында жасады. Сол жерде ЭКҰ туралы білдім. Көп ойланбастан репродуктолог-дәрігердің қабылдауына бардым. Дәрігер маған бәрін түсіндіріп айтып берді. Түтікшең өтпейді, ота жасап ашып береміз, бір жыл ішінде көтермесең қайта бітеліп қалады деді. Немесе ең дұрысы ЭКҰ жасату екенін айтты. Жұбайыммен ақылдаса келе, ЭКҰ жасатамыз деп шештік. Оның бағасы шамамен 1-1,5 млн теңге деді. Сонымен көптеген анализдер тапсырып, 2 апта дәрігердің қадағалауымен уколдар алып, дайындалып, 2018 жылы ұлды болдық.
– ЭКҰ процессі қалай жүрді?
– Ол жерде әйел адамды толық тексеруден өткізеді екен. Денсаулығында бала көтеріп босану үшін ешқандай кедергі болмауы тиіс. Аналық жасушаларды жасанды жолмен екпе арқылы өсіреді, кейін пісіп тұрған жасушаралды наркозбен ота арқылы алып, 1апта өткен соң жасанды әйел адамның жатырына салып береді. Екі аптадан соң әйел адамның жүкті немесе жүкті емес екенін ХГЧ (адамның хорионикалық гонадотропині. ред) анализі арқылы анықтайды. Егер эмбриондар қалып жатса бірнеше жылға мұздатып, қатырып сақтайды. Ол әрине ақылы. Оны сақтауға бір реттік 150 мың теңге төлейсіз, егер ұзақ мерзімге сақтасаңыз 3 мың теңге ай сайын төлеп отырасыз деді. Менің жағдайымда сақтайтындай запас қалмады. Менен басында 8 эмбрион алды. Кейін оларды бір апта қадағалады. Тек сапасы жақсыларын қалдырады. 8 эмбрионнан төртеуіне жақсы деген баға беріп, алғаш екеуін салды. Ол болмай қалды. Бір айдан соң қалған екеуін салды, одан бір бала дүниеге әкелдім. Кейбіреуі бір бала тауып алып, қалғанын сақтап, бала 2-3 жасқа келгенде запас болса қалғанын салдырып алады.
– Мемлекеттік квотаға жүгініп көрген жоқсыз ба?
– Төрт жыл бұрын негізі маған квота берілген, оған кезек қырық қабат болды. Екі жыл күту керек деді. Біз шыдамай өз қаражатымызға жасаттық. Ал осы жолы ЭКҰ бағдарламасына ілігіп, квотамен басынан бастадық. Уколдары тегін және медицина орталығының жұмысы тегін. Тек анализдерге өзімізден ақша шықты және эмбрионды сақтау үшін өз қалтамыздан төледік.
– ЭКҰ арқылы жүктілік қалай өтеді? Ерекшелігі бар ма?
-Жоқ. Табиғи жолмен көтерген жүктіліктен еш айырмашылығы жоқ, қалыпты. Тек қосымша горманды препораттар болады. Мысалы, біз белгілі бір айға дейін балауыз дәрілер қолданамыз. Көтергеннен бастап, үш айға дейін қатты күтінеміз. Кейін бәрі бірқалыпты өтеді. Негізі ЭКҰ орталықтар бала көтеруіңе 40-60 пайыз ғана кепілдік береді. Ол болуы да болмауы да мүмкін. Көбі бір реттен көтеріп кетпейді. Бірақ бәрі бірде бұл үлкен мүмкіндік, -дейді Эльмира.
«Қазір ерлер мен әйелдер бедеулігінің саны тең»
Репродуктивті медицина институтының репродуктолог-дәрігері Аяулым Косетова бедеулік дегеніміз не екенін және оның түрлерін анықтап түсіндіріп берді.
– Ерлі зайыптылардың арасында реттік жыныстық қатынас арқылы бір жылдың ішінде жүктілік пайда болмаған жағдайды бедеулік дейміз. Бедеулік біріншілік және екіншілік болып бөлінеді. Біріншілік деп жүктілік мүлдем болмаған жағдайды, екіншілік деп жүктілік бір рет болып, бірақ сәтсіз аяқталса айтамыз. Мысалы, бір немесе бірнеше рет босанған бірақ кейін жүктілік болмады делік, мүмкін дамымай қалған жүктілікпен аяқталды ма екен, бірақ келесі жүктілігі болмаса екіншілік бедеулік болады. Бедеулік ерлерде және әйелдерде болады. Бұрын әйелдер бедеулігі жиі кездессе, қазір ерлер белсіздігінің саны әйелдердікімен теңбе тең келе жатыр.
– Әйелдер бедеулігінің қандай түрлері бар?
– Әйелдер бедеулігі кезінде жатыр түтікшелерінің бітелуі фактормен бізге жиі келеді. Түтікшелердің бітелуі қандай жағдайда болады? Жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекциялар осындай қабыну процестеріне алып келуі мүмкін. Қабыну жатыр түтікшелерінің бітелуіне әкеледі. Жатыр түтіктік бедеулік – жатыр түтікшелерінің өтімділігінің төмендігі мен мұлдем жатыр түтігінен айырылып қалған жағджайда болады. Осындай жағдайда әрине, ЭКҰ жасау керек. Екінші жиі кездесетін жағдай – әйелде эндокриндік овуляцияның болмауы. Үшінші себеп, идиопатиялық деп атаймыз, яғни ерлі-зайыптыларда бәрі жақсы, түтігі өтеді, гармоны жақсы, овулярлық қоры жақсы, ерінің сперма көрсеткіші де жақсы, бірақ бедеулік ары қарай бес, он жылдап жалғасып жатады. Факторы жоқ бедеулік бойынша да экстрокорпоралды ұрықтандыруға жүгініп жатады. Төртінші себеп, жатырлық дейміз. Жатыр ішінде эндометриялық полит, миома немесе жатырдың ішінде жабысу процесстері кездесіп жатады. Сондай жағдайда гидроскопиялық операцияны ұсынып, жатырдың ішіндегі миоманы, политті алып тастағаннан кейін пациенттер бірден өздері-ақ көтеріп кетуі мүмкін. Содан кейін бір мүйізді, екі мүйізді деп бөлінетін жатырлық бедеуліктің аномальды түрі кіреді. Онадай жағдайда әрине, жүкті болу қиын.
– Енді ерлер белсіздігіне тоқталып өтіңізші.
– Ерлер белсіздігі обструктивті және обструктивсіз деп аталады. Обструктивті – ол қайтарымды, яғни уролог-андрологтар операция жасап, каналдарынан сперманы тауып, аналық жасушамен ұрықтандырып, бала жасауға мүмкіндік береді. Ал обструктивсіз түрі туабіткен болуы мүмкін. Ол кезде сперма жоқ, операцияға да келмейді. Мұндай жағдайда тегін ЭКҰ-да берілмейді. Тек донорлық сперманың көмегімен бала көтеруге болады. Ерлер белсіздігі түрлі болып кездесіп жатады. Қазір ерлер белсіздігі өте жиі ұшырасады. Олардың барлығына ЭКҰ арқылы көмектесуге болады. Ешқандай қорқыныш жоқ.
«ЭКҰ қалыптан тыс, жат дүние емес, бұл емнің бір түрі»
– ЭКҰ-ға біздің қоғамда көзқарас қандай?
– Экстрокорпоралды ұрықтандыру бүгінгі таңда ең тиімді емдердің бірі. Кейбіреулер бізге «ЭКҰ-дан басқасын айтыңдаршы» деп мұны менсінбей де жатады ғой. Біз айтамыз: қабыну процессі болса дәріханадан дәрі алып ішесіз, антибиотик аласыз, бұл да тура солай. Бедеулік болса, өкінішке қарай антибиотик немесе дәрумен көмектеспейді, Экстрокорпоралды ұрықтандыру көмектеседі. Бұл дәріханадан дәрі алып, емделгендей ЭКҰ-ға барып бала көтересіз деп қабылдау керек. Біздің менталитет әлі кішкене соны қабылдамай жатыр. Бұл қалыптан тыс, жат дүние емес, бұл емнің бір түрі. Тіпті ЭКҰ жасау бүгінгі таңда өзекті деуге болады. Қазір интернеттен, инстаграмнан, радио-телеарналардан халықтың кішкене көздері жетіп келе жатыр.
– Қанша жаста Экстрокорпоралды ұрықтандыру жасатқан дұрыс?
– ЭКҰ-ға он-жиырма жылдан кейін жүгінудің қажеті жоқ. Неғұрлым ерте келсе, соғұрлым ЭКҰ-ның тиімділігі де 50, 60,70 пайызға дейін жоғарылайды. Себебі клеткаға байланысты сапалы сперма, сапалы жасуша шығады, бұдан сапалы эмбрион пайда болады да, тез құрсақ көтеріп кетеді. Жас ұлғайған сайын оның саны да, сапасы да төмендейді, аномальды клеткалар, аномальды сперма көбейеді, одан потология пайда болады. Әрине, баланың пайда болуы да қиындайды, пациенттің тез көтеріп кетуі де күрделене түседі. Әрине, ЭКҰ тиімділігіне дүниежүзінде жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Ол жасанды ұрықтандыру ғой. Бірақ тиімдірек деп әрқашан айтамыз. Тіпті бір мәртеден құрсақ көтеріп кетуі мүмкін. Бірінші реттен жүктілік туындамаса себебін іздейді, денсаулығын тексереді. Екінші, үшінші реттен көтеруі де әбден мүмкін. Клетка көп беретін жастар болса, бір ЭКҰ-дан бірнеше бала шығуы мүмкін. Мысалы, 30 жас шамасындағы ерлі-зайыптыдан 10-20 клетка берді делік, 10-20 клеткадан 3-4 эмбрион шығуы мүмкін. Бірден бала көтеріп кетті делік, қалған эмбриондары қатырылып тұрады. 3-4 жылдан кейін қайтадан Экстрокорпоралды ұрықтандыру жасамайды, тек қана эмбрион салады.
– Сіздерге көбіне қанша жастағы әйелдер келеді?
-Бізге көбінесе отыз бес жастан асқан әйелдер келеді.
– ЭКҰ жасатудың қандай жолдары бар?
– Мемлекеттік квотамен немесе ақылай жасатса да болады. Қазір президентіміз 7000 квота беріп, ондай жанұяларға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Квотаны бір адам жылына бір рет қана ала алады. Мысалы, биыл квота алып, ЭКҰ сәтсіз аяқталса, келесі жылы қайтадан кезекке тұра алады. Баласы бар-жоғы маңызды емес, бедеулігі бар кез келген адам квотаға іліне алады. 2020 жылға дейін квота мыңның төңірегінде болды ғой, қазір жеті есе артты. Осының өзіне Құдайға тәуба деп отырмыз. Бірақ соның өзі жеткіліксіз. Бәріне бірдей бергің келеді. Алайда, амал нешік?!
-ЭКҰ жасату үшін орта есеппен қанша уақыт және қанша қаражат кетеді?
– ЭКҰ жасату процессінің ұзақтығы пациенттің диагнозына қарай орта есеппен шамамен 20-30 күнге созылады. Квотасыз келген азаматтар экстрокорпоралды ұрықтандыруға жүгінуі үшін шамамен 1-1,3 млн теңге қаражат жұмсайды. ЭКҰ бағасы да пациенттің диагнозына қарай өзгереді.
Еске салсақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған. Осы орайда экстрокорпоралды ұрықтандыруға республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2026 жылға дейін жоспарланған бағдарлама аясында жыл сайын 7 мың квота берілмек.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Аңсаған сәби» бағдарламасымен үстіміздегі жылдың сәуір айына дейдін 1307 сәби дүниеге келіп, 3 063 әйел жүкті екенін мәлімдеген болатын.
Айта кетерлігі елімізде экстрокорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асып келеді. 2021 жылға дейін Қазақстанда 22 мыңнан астам бала ЭКҰ арқылы дүниеге келген. Мемлекетте 26 экстрокорпоралды ұрықтандыру медициналық орталықтары жұмыс істейді. Олардың басым көбі жекеменшік клиникалар екен.
Аз-кем тарихқа шолу жасасақ, ең алғаш экстрокорпоралды ұрықтандыру арқылы дүниеге келған бала 1978 жылы туды. Оның аты Луиза Браун, қазір 40 жастан асты. Оның өзі табиғи жолмен дүниеге бала әкелген. Ал Қазақстанда 1996 жылы ЭКҰ жолымен құрсаққа біткен сәби дүние есігін ашқан.
Балжан Жеңісқызы, аrasha.kz