20-05-23 |
3660 рет қаралған
Гаухар Қасымова: Медбикелердің мәртебесін көтеріп, беделін өсіру қажет.
Гаухар Қасымова: Медбикелердің мәртебесін көтеріп, беделін өсіру қажет

Жылдан жылға аз болсын, медбикелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалақының өсуі немесе заңнамадағы өзгерістер болсын, бәрі – мейірбикелердің мамандықтан кетпеуінің қамы.

«Жастар медбике мамандығын абырой көрмейді, оған мүлдем қызықпайды. Оның қоғамдағы беделінің түскені соншалық, бүгінде елімізде медбикелер қатты тапшы» дейді «Парыз» мейірбике ісінің мамандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Гаухар Қасымова.

Оның айтуынша, осы күнде халықаралық  емханаларда «медбике – емделуші» қатынасын ұстайды. Сөйтіп, хәл үстінде жатқан жандарға күтім жақсы болуы үшін жан сақтау бөліміндегі бір науқасқа бір медбике қарайды. Ал терапия бөлімінде 6-7 емделушіге  бір медбике болса, хирургиялық бөлімде бір мейірбике бесеуіне қарайды.

Бүгінде біздің елімізде 130 мыңға жуық медбике жұмыс істейді. Ресми көрсеткіш бойынша мейірбике тапшылығы 3 мың деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде одан да көп. Себебі, еліміздегі кез келген емхана мен ауруханада кем дегенде 20-30-дай мейірбике жетіспейді. Оның үстіне біз, яғни көп мекемелер әлі күнге дейін кеңестік норматив бойынша есептейді. Мысалы, тәулік бойы істейтін бір медбикелік пост 40 пациентке есептелген. Ал олардың арасында хәл үстінде жатқаны да болады. Ондайда жанынан бір елі кетпей, сағаттап отыруы керек. Бірақ бір мейірбике 40 емделушіге қайдан жетсін, қайда барарын, кімге көмектесерін білмей, үлгермей не болмаса асығыстықтан қателектер де болып жатады. Ал оның арты қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сөйтіп, жұмыстың қиындығынан, ұйқының жоқтығынан көпшілігі бұл қызметте ұзаққа қалмайды, дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гаухар Қасымова.

Екінші мәселе – мейірбикенің қоғамдағы беделі түсіп кеткені. Ол үшін әуелі мемлекет тарапынан мамандыққа мәртебе беріп, беделін көтеру керек. Сонымен бірге, медбикелердің өздері қоғамның сеніміне кіруі қажет. Сонда ғана мейірбикелерге деген көзқарастың өзгеретініне сенімді.

Шынын айтқанда, бізге келетіндердің көбісі «аздап жұмыс істеп, тәжірибе алған соң, дәрігерлікті оқимын» деп шығады. Сондағысы жастар бұл мамандықта өзін көрмейді, оны абыройлы іс деп санамайды. Немесе мектепте дұрыс оқымай, оқуға түсе алмағандар ғана медбике болады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Сондықтан бұл мамандыққа деген пікірді өзгертуіміз керек. Ол үшін әрбір мекеме  мейірбике қызметкерлерін бейімдеу және ұстап қалу бағдарламаларын әзірлеуі тиіс. Аймақтық, қалалық болсын, әрбір әріптесіміз үшін үздік оқыту әдістемелері мен материалдары қолжетімді болуы керек, – дейді Гаухар Қасымова.

Бүгінде мейірбике қызметінің жұмысын жақсарту «Парыз» қоғамдық бірлестігі Денсаулық сақтау және ағарту министрліктерімен бірлесіп, түрлі конференциялар, семинарлар, тренингтер ұйымдастырып, білім беру бағдарламалары мен жобаларын әзірлеп жатыр.

«Парыз» мейірбике ісінің мамандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гаухар Қасымова айтуынша, еліміздің  халықаралық медбикелер қауымдастығына кіруіне бүкіл күшін салып, жұмыс істеуде. Бірақ оған еліміздегі бүкіл медбикелердің 10 пайызы  «Парыз»бірлестігінің құрамында болуы керек екен.

Әрине, аймақтың өз бірлестіктері жоқ емес, бар. Бірақ олар бытыраңқы. Медбикелер болса өз бетінше халықаралық қауымдастыққа кіре алмайды. Себебі, ережелерге сәйкес мұны тек ұлттық қауымдастық жасай алады. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп отырмыз, сондықтан бірігуіміз керек. Өйткені халықаралық қауымдастықтың мүшелігіне кіру бізге әлемдегі ең жақсы институттармен ынтымақтасуға және соңғы ұсыныстар, технологиялармен танысуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Сонымен Гаухар Қасымова бүкіл медбикелерді әдеттегі дәрігер көмекшісінің рөлінен шығуға және қоғамда өзін дәлелдеу үшін қауымдастыққа мүшелікке шақырады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні білімін арттырып, өз біліктілігін көтеріп жүрген медбикелер көп. Арасында кейбірі магистратурада оқып, халықаралық конференцияларға қатысып, беделді басылымдарды ғылыми зерттеулер жариялап жүргені де жетерлік.

Егер біз өз мамандығымызды өзіміз құрметтесек, дамысақ, өссек, сонда қоғам да бізді білікті маман ретінде тани түседі, – деді «Парыз» мейірбике ісінің мамандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гаухар Қасымова.

Arasha.kz

ФОТО: pixabay.com

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.