«Дені сау ұлт» ұлттық жобасында еліміздің барлық азаматына медициналық көмек қолжетімді болуы керек екені қадап айтылған. Ал халыққа қажет кезінде тексеруден өтіп, ем алу ісінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» рөлі ерекше. Ел аузында қысқаша МӘМС атанған қордың жұмысы жыл сайын өрге басуда.
Қазір халықтың басым бөлігі медициналық көмекті дәл осы арқылы алады. Былтыр, яғни, 2021 жылы әлеуметтік медсақтандыру жүйесі арқылы 15,3 млн адам көмек алған. Қазақстандықтардың саны 19,1 миллион, демек, сақтандыру жүйесінен бар болғаны 3,8 миллион адам қалыс қалған екен. Бұл ретте МӘМС жүйесінен 3 миллионнан астам қазақстандық тыс қалып отырғанын айта кеткен жөн. Бірақ мемлекет медсақтандыруға қосылмады екен деп отандастарымызды өзектен теппейді. Жүйеден тыс қалғандар да әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет алуға құқылы. Яғни, ешкім емсіз қалмайды.
Дегенмен қазақстандықтардың аз бөлігі бұл мәселеге әлі де болса бейжай қарайды. Сақтандырылмағандардың ішінде 1,6 млн адам – МӘМС үшін тұрақсыз төлем жасағандар. Яғни, бірде төлем аударып, бірде төлемді қайта тоқтатқандар. Сондықтан төлем жүйелілігін сақтаған абзал. Бұдан бөлек, тағы 1,5 млн адам МӘМС үшін бір рет болсын жарна төлемеген екен.
Алдағы уақытта қор өз азаматтарымыздан бөлек, елімізге жүрген шетелдіктерді де назардан тыс қалдырмауға ұмтылуда. Енді Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін автоматты түрде беру үшін Қордың ақпараттық жүйелерін ІІМ-нің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, денсаулық сақтау басқармасының, медициналық ұйымдардың, Атамекен ҰКП мен аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының белсенді қатысуымен халықты МӘМС жүйесіне тарту бойынша өңірлік штабтар жұмысының тиімділігін арттыру үдерісі болып жатыр.
Сондай-ақ қордың COVID-19-дың таралуын болдырмаудағы, коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды диагностикалау мен емдеудегі іс-шараларды қаржыландырудағы рөлін атап өту маңызды. Былтыр І жартыжылдықта КВИ-мен күрес аясында іс-шараларды қаржыландыруға барлығы 219 млрд теңге бағытталды, соның 21,4 млрд теңгесі МӘМС есебінен жасалынды. Медициналық қызметтер үшін жұмсалған қаржы 112,8 млрд теңге, ал COVID-ке қарсы күрес шараларына тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақысы 106,2 млрд теңгені құрады.
Бұған қоса қор дәрі-дәрмекпен қамтуды жүйелі іске асырып жатыр. МӘМС амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мөлшерін арттырды. Мысалы, бұрын 45 ауру түрі бойынша науқастарға тегін дәрі берілетін. Енді ол 138-ге дейін өсті. Өткен жылы жартыжылдықта медициналық сақтандыру есебінен еліміздің стационарларында жоспарлы түрде 434,3 мыңнан астам пациент ем алған. Оған кеткен қаржының 51,2 пайызын МӘМС төлеген. Ауруханаларда 376 мың ота жасалды. Жоспарлы емдеуге жатқызуды 10 күн күтетін пациенттердің саны 42 пайызға азайды.
Қор медициналық оңалтуды дамытуды, оның ішінде амбулаториялық деңгейде дамытуды жалғастырып жатыр. Қызметтерді қаржыландыру көлемі 22 млрд теңгеден асты. Осылайша қор жиналған ақшаны барынша науқастардың еміне жұмсауда. Үкімет міндетті медсақтандыру жүйесін енгізгенде, азаматтар оның үлкен игілігін көретінін, қажетті дәрі-дәрмек тегін берілетінін, аса қымбат ем-дом, КТ, МРТ зерттеуін, ауыр дерті бар науқастардың емін қаржыландыратынын, елде денсаулық жүйесі өркендеп, медқызмет сапасы артатынын жеткізген болатын. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасынан кейін іс одан әрі алға басты. Биылдан бастап Үкімет салада реформа жүргізу мәселесін пысықтады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы жүйеге аудит жүргізіп, бөлінген қаржының тікелей халық игілігіне жұмсалуын тапсырды. Осының арқасында Әлеуметтік медсақтандыру қорындағы қаражаттың тиімділігі дұрыс бақыланып, жөнімен ұйымдастырылады. Халықтың емі үшін мемлекет те аянып жатқан жоқ, қорға тоқтаусыз миллиардтар құйып, 15 санаттағы 11,34 млн адам үшін жарна төлейді.
Былтыр мемлекет денсаулық сақтау саласына орасан зор сома – 2,3 триллион теңге құйды. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,9 пайызына тең. Осынша сома өзге бірде-бір салаға, тіпті қорғанысқа да бөлінбейді. Осыдан-ақ жауаптылар халық саулығына баса мән беріп отырғанын аңғарамыз. Аз уақыт ішінде елдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз, кешенді техникалық аудит пен түгендеу жүргізіледі. Соның қорытындысында, мемлекет қай өңірде қандай медұйым жабдықтармен, медициналық-технологиялық жүйелермен жарақтандырылғанын анықтайды. Сондай-ақ ана мен бала, онкология, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, инфекциялық аурулар сияқты басым бағыттар бойынша өңірлердің медициналық инфрақұрылымын дамытудың картасы әзірленбек. Мұндай маңызды істерде МӘМС қоры үлес қоспақ.
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024