Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясынан кейін туберкулез өршіп кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұған қатысты отандық маман, фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары, профессор Ләззат Ералиева пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания ғалымдары коронавирустың салдарынан тағы бір эпидемияның таралу қаупі жоғары екенін мәлімдеген еді. Ол – туберкулез эпидемиясы. Кох таяқшасынан бес жылдың ішінде бір жарым миллион адам көз жұмады деген болжам бар.
Мамандардың пікірінше, бүгінде туберкулез ауруы жан-жақты зерттелген. Оған қарсы вакцина да бар. Одан сақтанудың да нақты ережесі жазылған. Негізгі талап – туберкулезді дер кезінде анықтау. Сонда ғана инфекциялық ауру таралмайды екен. Дегенмен, коронавирус пандемиясы кезінде дәл осы талап бұзылған.
Яғни рентгенографиядан жыл сайын өтетін адамдар тексерістен тыс қалған.
«Негізі, туберкулез ешқайда кеткен жоқ. Бірақ өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы кезінде қатаң шектеу шаралары енгізілді. Адамдар медициналық мекемелерге бармады, жыл сайынғы тексерістен өте алмады. Есіңізде болса, коронавирусқа байланысты компьютерлік томографияға сұраныс күрт өсті. Ал рентгенографиядан жыл сайын өтетін адамдар бар ғой. Олар тексерістен тыс қалды. Иә, қазіргі уақытта туберкулез ауруына шалдығу және одан қайтыс болу көрсеткішінің төмендеуі тіркеліп отыр. Алайда ары қарай не болады? Ол жағы белгісіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы мәселеге қатысты дабыл қағып отыр», – дейді Ләззат Ералиева.
Мамандардың айтуынша, туберкулез бастапқы сатысында қауіпті емес. Оны флюрография арқылы анықтауға болады. Ал ауру ашық формаға ұласып кетсе, оны жұқтыру қаупі жоғарылайды.
Ал туберкулезге коронавирус инфекциясы қосылса, адам өміріне үлкен қауіп төндіреді дейді мамандар. Себебі ағза екі бірдей инфекцияны көтере алмауы мүмкін. Сол сияқты коронавируспен ауырған адам да туберкулезді тез жұқтырып алуы ықтимал.
«COVID-19 инфекциясынан кейін өкпеде фиброз түріндегі өзгерістер болады. Осы топқа кіретін адамдардың туберкулезді жұқтыру қаупі жоғары. Әсіресе, өкпенің 50 пайызы зақымданса, қосымша инфекция ағзаға тез енеді», – дейді мамандар.
Бүгінде көрші Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге қатысты арнайы ұсынымдарды әзірлеп, дәрігерлерге таратып берген. Оған сәйкес, коронавирустық пневмониямен ауырған науқастарда лейкоциттер мен лимфоциттердің саны төмендейді. Ондайда туберкулез өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан стационарда жатқан науқастар жасырын туберкулез инфекциясына міндетті түрде қосымша тест тапсыруға тиіс.