Қазақстан Ресей Федерациясының Covid-19 дертіне қарсы вакцинасын сатып алуға байланысты келісімшарт жасады. Көршілес елдің тікелей инвестициялар жөніндегі қоры және «СК-Фармация» компаниясы тиісті сынақтар аяқталған соң «Спутник-V» екпесінің кепілді көлемін бөлу жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл жайында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой фейсбуктегі парақшасына мәлімдеді.
Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастап барған үкіметтік делегация жұмыс сапары аясында РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашкомен кездесіп, Covid-19 дертімен күресудегі ықпалдастық мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, ірі компаниялармен дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, құрал-жабдық және вакцина жеткізуге байланысты келіссөздер жүргізілді.
Covid-19 дертіне қарсы ресейлік вакцинаға әлемнің көптеген елдерінің күдікпен қарап отырғаны жасырын емес. Ақ үйдің аппарат басшысы Марк Медоуз ресейлік вакцина сынақтарының нәтижесін АҚШ-тың қабылдамайтынын мәлімдеген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де екпеге қатысты бір жақты пікірін айтпады. Ал, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин «вакцинаны еккен адамда тұрақты иммунитет пайда болады, ол барлық тексеруден өтті», деп жар салды.
Қазақстан халқының ресейлік вакцинаға деген көзқарасы қандай? Алексей Цойдың фейсбуктегі мәлімдемесінен кейін бұл мәселе жөнінде халық өз пікірлерін жаза бастады.
– Көршіге қол жайып отырмыз. Күдікті препараттар мен вакциналардың сынағын өз халқымызға жасайтын болдық. Сынаққа душар болған қайран халқым-ай… Медициналық бұйымдарды неге басқа елдерден сатып аламыз? Маска мен халатты өзімізде өндіре алмаймыз ба? Өз басым елден қусаңдар да ешқандай екпе салдырмаймын… Ресейдің вакцинасын алдымен үкіметтің мүшелеріне салыңдар, – дейді Нүрилә Әлменова.
– Құрметті министр! Ресейден вакцина сатып алу тым асығыстық. Біздің елде де Ресейден кем түспейтін екпенің сынақтары өткізіліп жатыр. Қазір дәрі-дәрмек сату саласында тағы жемқорлық басталады. Сіз оның бағасын реттей алмай қаласыз, дәріханалар мен алыпсатарлар бағаны аспандатып жібереді. Халықтың ызасын тудырғанша денсаулық сақтау саласына реформа жасаңыз. Барлық жемқорлар мен жұмысына салғырт қарайтын басшыларды жұмыстан қуыңыз. Одан да коронавирус дерті бәсеңдеген кезде ведомство жұмысын тәртіпке келтіріп алыңыз, – дейді Абзал Асанов.
Еліміздің сарапшылары бұл мәселеде отандық ғылымға басымдық беру керек деп санайды. Микробиология және вирусология институтының зертхана меңгерушісі, ветериналық ғылымдардың докторы Айдын Исағалиұлы Қыдырманов Covid-19 вакцинасын жасауға Қазақстанның әлеуеті жетеді деген пікірде.
– Қазір бұл вакцина өз елімізде де жасалып жатыр. Жалпы әлемде Covid-19 дертіне қарсы вакцинаның 200-ге жуық үміткері тіркеліпті. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымына тіркелген осы үміткерлердің ішінде Қазақстанның вакцинасы да бар. Қазір сынақтар өтіп, тексерулер жүріп жатыр. Өткен жолы әріптестерім өзімізге егіп, сынап жатырмыз деді. Әзірге бәрі аман-есен. Менің Қазақстан азаматы ретіндегі жеке пікірім отандық ғылымды қорғауымыз керек. Жуықта Қазақстанның 2 маманы Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылар тобына енді. Енді ұйымның отырыстары мен талқылауларына қатысады деп естіп жатырмын. Әрине, үкіметтің өз шешімі бар шығар, бірақ маман ретінде айтарым, егер ақша бөлінсе, сеніп тапсырылса соның қайтарымы болуы керек. Отандық өнімді қолдауымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, қол қусырып Ресейге жалтақтамай, өз ғылымымызға басымдық беру керек деп санаймын. Қазақстан ғылымының жетістіктерін төмендетпей соған сенім артып, нәтижесін күткен дұрыс, – дейді Айдын Исағалиұлы.
Алексей Цойдың мәлімдеуінше, Ресейден сатып алатын вакцинаның бағасы, көлемі және жеткізілетін мерзімі алғашқы партиясы дайын болған кезде қосымша талқыланатын болады.
Қуаныш Ғабдуллин
Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны сынақтан өткізуді бастады
Ғалымдар Тоқаевты коронавирусқа қарсы вакцина жасау барысымен таныстырды