Былтырдан бастап Үкіметтің қаулысымен бес жыл аралықты қамтитын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітілген болатын. Оның ішінде ұлттық жоба салауатты өмір салтын қалыптастыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру және кадрлық әлеует пен ғылыми медицинаны дамыту міндеттерін қамту жайында академик, халықаралық хирургтар ассоциацияның мүшесі Жұмағали Исмаиловпен әңгімелескен едік.
– Бүгінде елімізде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы қаншалықты артты?
– Жақында ғана өткен кеңейтілген үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласындағы елеулі мәселелерді көтеріп, кейбірін сынап та алды. Меніңше, айтылған сынның бәрі орынды. Бұл тек Мемлекет басшысының сыни пікірі емес, жалпы халықтың мұң-мұқтажы мен үні деп қабылдау керек. Негізгі мәселе – денсаулық жүйесіндегі жұмыстың нәтижесін көрсету. Салыстырмалы түрде біздің елдің көрсеткіші өте төмен. Тіпті, кері динамикада кеткен деуге болады. Оның ішінде, ең бастысы – халықтың орташа өмір сүру қабілеті. Бәрін жіліктемесек те, соңғы қараған мағлұмат бойынша, 2021 жылдың халықаралық рейтингтердің көрсеткішінде Қазақстан төменгі орында тұр. Мысалы, GIP-тің 2019 жылдың көрсеткішінде біздің ел 141 мемлекеттің ішінен 95 орынды алса, тағы бір деректерде 64 мемлекет ішінен 55 орында тұр.
Міне, осы арқылы елеулі проблемалардың беті ашылып отыр. Қосымша оған қаржыландыру, инфрақұрылым, халыққа уақытылы әрі қолжетімді емес, сапасыз емнің көрсетілуі әсер етеді. Халықтың орташа өмір сүру қалпына тікелей әсер ететін – өлім. Оның ішінде: инсульт, инфаркт, жарақаттан қаза табуы, онкология және балалардың өлім-жітімі. Осы бес бағыт бойынша өлім-жітім көрсеткішін 10 пайызға төмендетсек, өмір сүру қалпы өсер еді. Егер бәрін ковидтың салдарынан деп сылтауратсақ, оны халық қабылдамайды. Сондықтан біз оң нәтижеге қол жеткізу үшін жүйенің барлық проблемеларын терең деңгейде сараптама жасауымыз керек.
– Соңғы жылдары балалар мен бірге аналардың да өлімі көбейее түсті. Оның алдын қалай алуға болады?
– Шын мәнінде, ана мен баланың өлімі өршіп кетті. 1 жасқа дейінгі нәрестенің өлімі болса, 5 жасқа дейінгі балалар өлімі болып есептеледі. Ондай кезде есепте қай кезде қайтыс болғаны, 365 күннен 5 жасқа дейін қандай факторлар әсер етті, салмағы қанша болды, туа біткен сырқаты бар ма деген сұрақтың жауабын анықтап алу керек. Осы бойынша дұрыс жұмыс істеледі. Ал аналардың жағдайында акушерлік және акушерлік емес деп екі бөліп қарастырады. Егер өлім акушерлік емес болса, денсаулық сақтау жүйесінің нашарлағанын көрсетеді. Өйткені оған басқа аурулардың әсер етуі де мүмкін. Сондықтан ананың денсаулығын түземей, дені сау ұрпақ дүниеге келмейді. Осы қағиданы ұстануымыз керек.
2016 жылдың басында үкіметке халықаралық эксперттермен бірге баяндама жасағанмын. Ол кезде Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының басшысымын. Барлық мәліметтерді жинақтап, сараптама жасап, стратегиялық құжаттарды дайындайтынбыз. Сол уақытта жалпы өлімге не әсер ететін көрсеттік. Бағана айтқанымдай, бес бағытты анықтадық. Оған көп қаражаттың қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының бүкіл әлемде пайдаланып, дәлелденген нәтижелі әдістері бар. Соны бізге енгізсек, нәтижесі болады. Президент осы мәселені де көтеріп, министрлік пен стратегиялық бағыттағы агенттікке тапсырма берді. Енді олар қандай ұсыныс дайындап жатыр, біз оны көреміз бе, талқылай аламыз ба, жалпы Президенттің тапсырмасы қаншалықты сапалы әрі уақытылы орындалатынын уақыт көрсетер.
– Үкімет тарапынан елдегі денсаулық саласына қаражат көзі бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Дегенмен әлі де мәселе түбегейлі шешілмеген секілді.
– Ағын ақ, қарасын қара деп айту керек. Медицина саласында кейбір бағыттар бойынша технологияларға қатысты жетістіктер бар. Жаңа технология мен әдістер, диагностикалық емдеу тәсілдері енгізіліп жатыр. Оның оң ісерін де көріп жатырмыз. Бірақ жүйелі түрде өзгеріс болу үшін қолға алынып жатқан жұмыстар кешенді әрі түбегейлі болуы керек. Оның бәрі кадр мәселесіне тіреледі. Оңтүстік өңірде қызмет атқарғанымда, негізгі бағыттың бірі ретінде кадрларды қайта даярлауды толығымен жүргіздік.
Екіншіден, оларды оқытып қана қоймай, олардың білімін тәжірибе жүзінде, жұмыс орнында қаншалықты орындап жатқанын бақыладық. Сол кезде біз сол өңірдегі ана мен бала өлімін екі пайызға төмендеттік. Әр төртінші бала дүниеге келетін өңір болғандықтан бүкіл ұлттық көрсеткішке тікелей әсерін береді. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Он маманның 7-8-і жаңа технологияны меңгеріп, іс жүзінде қолдана алса, ол – жақсы нәтиже. Ал бірен-сараң ғана жасаса, оның пайдасы да аз болады.
– Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін де сынға алды. Бұған не дейсіз?
– Бірде-бір мемлекет денсаулық саласын толығымен қаржыландырып отырмын деп айта алмайды. Бәрінде де жетіспеушілік, кемшілік бар. Ал Президент қорға қатысты мәселені қозғағанда қаражаттың тиімсіз пайдаланғанын сөз етті. Барлық мәселе, расымен, бөлінген қаражатты қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз дегенге тірелді. Мойындау керек, қазіргі бөлініп жатқан қаражат деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда көбірек. Президент қор дұрыс жүйе емес, керек емес деп айтқан жоқ. Керісінше, жүйе енгізілгеннен соң күткен нәтижені көрсете алмағанын жеткізді. Онысы дұрыс. Әуелдегі мәселе қосымша қаражат көзін әкелу еді, жұмыс беруші мен сақтандырушылардың арқасында ол шешілді. Ендігі мақсат – халықтың денсаулығын түзеу. Біз осыған жетпедік. Әрине, қарқынды жұмыс жүргізу барысында әртүрлі жүйелер, ресурстар, реформалар жасалады. Одан ешқандай нәтиже шықпаса, ол жүйені сынға алып, жоққа да шығаруға болады. Айтылған сынды дұрыс түсінуіміз керек.
Негізінде қарапайым халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет керек. Шыны керек, бұл жұмысты ешқандай қаржылық реформа реттей алмайды. Қаржыландырудан бөлек, оны тиімді пайдалануға саяды. Ал тиімді пайдалану үшін әр қызметті бөліп жүргізсе, сапалы әрі білікті болады. Қызметкер де, емделуші де ауруханаға қаражат қайдан түсіп жатыр, әкімнен бе, министрден бе, қордан ба деп оған басын қатырмау керек. Бастысы –емделуші сапалы әрі қолжетімді көмекті, уақытылы алуы тиіс. Ал емдеу орталығы қор бола ма, бюджеттік модель бола ма, гибридтік модель бола ма, оған қарамау қажет. Өйткені бәрінің емдеу стандарты бір болуы тиіс. Сол кезде халықтың сұранысына жауап беруге дайын боламыз.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024