Шымкент көшелерінде бір жапырақ қағазды қолына қысып ұстап, дәріханаларды аралап, кезек күтіп, іздеген дәрілерін таба алмай, сабылған жұрт. Бейбітшілік көшесі бойында орналасқан бірнеше дәріханаларды аралап, парецетамолдың бар-жоғын сұрап шықтық. 4 дәріхана қызметкерлері де «келіп қалатын шығар, өзіміз де күтіп отырмыз» дейді. Ал күннің аптап ыстығында кезекте тұрғандар қандай дәрі іздеп жүргенін білгіміз келді.
Анар Ергешова – зейнеткер. Бірнеше сағаттан бері іздеген дәрі-дәрмегін таппай жүргенін, шаршағанын айтады.
«Әуежай жақта тұрамын. Мынау келіп тұрғаным алтыншы дәріхана. Алдымен «Алаш» базары жақтағы екі дәріханаға, сосын «Жаңа шаһардағы» екі дәріханаға бардым. Іздеген дәрілерімнің бірі табылса, бірі табылмайды. Енді, міне, осы көшенің бойындағы дәріханаларды шетінен жағалап келемін.
Кезекте тұрған адам көп. 30-40 минут күтесің. Үйдегі аталарың ауырып қалды. Келінім дәрігер, қандай дәрі ішу керегін, қандай уколь салу керегін жақсы біледі. Мына қағаздағы дәрілерді сол жазып берді. Іздегендерім бұл жерде де жоқ екен. Әлде дәрігердің қолы мен мөрі болмаған соң, «жоқ» дей салады ма екен? Білмеймін. Балам жұмыста, келінім кішкентайымен үйде отыр, сол үшін өзім іздеп шыққанмын ғой. Қазір қоғамдық көліктер де сағат 12.00-де тоқтап қалады екен ғой. Біз жақ қаланың шеткері тұсы болған соң таксилер 1500-2000 теңге сұрайды. Енді басқа амал жоқ. Әйтеуір дәрілерім табылса екен» – дейді.
Ал аты-жөнін айтқысы, суретке түскісі келмеген ер адам таңертеннен бері қаладағы 10-нан аса дәріхананы аралап шыққанын айтады. Іздеп жүрген дәрісі – дисоль.
«Келіншегім ауырып, ауруханаларда орын болмаған соң, дәрігердің бақылауымен антибиотиктерді үйде қабылдап жатыр. Таңертең нен бері«Қатын көпір», «Роща», Республика даңғылы, «Жаңа шаһар» жақтағы 10-нан көп дәріханаға осы бір дәріні іздеп кіріп шықтым. Ешқайсысында жоқ.
Әйтеуір мына Бейбітшілік көшесіндегі дәріханада бар екен. Сағаттап кезекте тұрсам да, табылғанына қуанып, алып бара жатырмын», – дейді.
Аты-жөнін жасырған тағы бір тұрғын «Бірнеше күн телеарналар мен әлеуметтік желілерде жергілікті басшылар Шымкентте дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екенін айтқан еді. Сондай есеп берген сол адамдар дәріханаларды жаяу аралап, адамдардың бір дәріханадан дәрісін таппай, одан екіншісін, одан үшіншісін аралап, жүйкесі тозып, бірнеше сағат кезекте тұрғанын көрсінші. Өзім дексаметазон, парацетамол іздеп жүрмін» дейді.
Әйгерім Бегімбет, arasha.kz