13-10-21 |
Депутаттар ажырасуды тоқтатудың жолын іздеді: «Күніге 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасады».
Депутаттар ажырасуды тоқтатудың жолын іздеді: «Күніге 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасады»

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы пән енгізуді ұсынды. Депутат ажырасуға бел буған ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін 6 айға дейін ұзарту керек деген ұсыныс тастады. 

Мәжілісмен қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне, оның ішінде некелесудің азайып, ажырасудың өсуіне алаңдады.

Айтуынша, соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында белең алып барады.

«Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздіңше, өте маңызды проблеманың төркіні – жастардың тәрбиесінде, қалыптасқан қоғамдық ортасында сияқты», – деді Мыңбай премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, соңғы бес жылда орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан.

«Ғаламдық індетке байланысты былтыр үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде, бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені бізге әрбір отбасының тағдыры қымбат», – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Мыңбай ажырасуды азайту үшін жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы факультативті пән енгізуді ұсынды.

«Сонымен қатар сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандырып, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзарту, яғни 6 айға дейін созып, олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн», – дейді Дархан Мыңбай.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.