Димаш Құдайберген мен Самал Есләмоваға мемлекеттік сыйлық беріле ме?.

Бүгінде қазақтың атын айдай әлемге паш етіп жүрген өнер адамдары кім десе, Димаш Құдайберген мен Самал Есләмованы айтуға болады.

Ерекше дауыс иесі Димаш Қытайдағы “Әнші” тележобасына қатысып, жұлдызы жанып, әлем назарына түсті. Бұған дейін Астанада концерт берген Димаштың күні кеше Британия астанасы Лондонда жеке концерті өтті. 19 қарашада “Indigo at the O2” концерт залына 45 елден әншінің тыңдармандары мен табынушылары келіпті. 2800 адамға арналған концерт залы лық толы болды. Билет сатудан түске қаражат халықаралық байқаулар мен концерттерге қатысатын Қазақстанның жас дарындарын қолдауға жұмсалмақ. Осылайша, Димаш Құдайберген аз уақыт ішінде қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге танытты. Ол арқылы дүниенің әр түкпіріндегі миллиондаған адамдар Қазақстанды біліп, тануға ынталы.

Димаш секілді Қазақстанды бір сәтте әлемге әйгілі еткен тағы бір өнер адамы ол  – актриса Самал Есләмова. Биылғы “Канн” кинофестивалінде “үздік әйел ролі” номинациясын жеңіп алған актриса бірден әлемдік киножұлдыздар шоғырына қосылды. Бұл дегеніңіз, қазақ мәдениеті мен өнерінің айтулы әлемге ашылған тағы бір даңғыл жолы.

Екі өнерпазға Қазақстанда халықтың махаббаты мен ықыласы айрықша. Осы орайда, Димаш Құдайберген және Самал Есләмоваға мемлекеттік сыйлық берілсе, олардың өнерінің өз елінде жоғары бағаланғанының бір көрінісі болар еді. Мәселен, Самал Есләмова өткенде президент степендиясы иегерлерінің қатарынан көрінді. Сондықтан Димаш пен Самалға мемлекеттік сыйлық берілсе, ол олардың өнері мен талантының айырықша бағаланғанының айғағы болмақ.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Әрине қазақтың өнерін, қазақтың мәдениетін халықаралық деңгейде өте жоғары баға алып жүрген біздің мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттің марапат бергені дұрыс. Бірақ дегенмен де халықтың ол кісілерге деген көңілі, қошеметі мемлекеттік сыйлықтардан да жоғары. Бірақ дегенмен де ол азаматтарды мемлекеттің жоғарғы наградаларымен марапаттау өте дұрыс. Солай болады деген сенімдемін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.