04-11-24 |
2600 рет қаралған
Бюджет дефицитін қашанғы Ұлттық қор жабуы керек?.
Бюджет дефицитін қашанғы Ұлттық қор жабуы керек?

Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдады. Парламенттік 6 фракцияның 2-уі «инфляция төмендеп, қаржы мен тауар нарығы тұрақталады» деген болжамға негізделген бюджет жобасына қарсы шықты. Атап айтсақ, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Былтыр біз Ұлттық қордың активтерін 2025 жылы 80,7 миллиард доллар көлемінде жинақтауды қамтамасыз ету жөніндегі үкіметтің жоспарын бекіттік. Енді біз 2025 жылы Ұлттық қорда 80,7 емес, 62,2 млрд болатынына келісуіміз керек екен, яғни, 18,5 миллиард долларға аз. Алайда 18,5 млрд доллардың қайда кеткені жария етілмейді, Ұлттық қордағы мұндай жетіспеушілік қайдан шықты, оған нақты кім жауап береді?» деп мәселені төтесінен қойды. «Аманат» партиясының өкілдері де министрлер кабинетінің жұмысын сын тезіне алса да, Үкімет ұсынған базалық көрсеткіштермен бюджет жобасын мақұлдады. Бірақ экономистер үкіметтің оптимистік сценариіне күмәнмен қарайды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді екенін, әлі күнге дейін республикалық бюджеттің 40 пайызын қазба байлығын экспорттаудан түсетін кіріс құрайтыны еске салды. Оның айтуынша, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4 пайызды құрап отыр. Мәселен, санкциялар астында өмір сүріп жатқан ЕуразЭҚ-ке кіретін мемлекеттердің өзінде экономикалық өсім Қазақстанға қарағанда жоғары. Тіпті бұл елдерде инфляцияның өзі төмен. Бұл тұста депутаттар ұстанымының бюджетке байланысты қақ жарылғанын Елнұр Бейсенбаев былай түсіндіреді:  

– Бірінші кезекте бюджетті парламентте барлығы дерлік қолдаған жоқ. 93 депутат қатыса отырып, оның 11-і қарсылығын білдірді. Бұл да тікелей үкімет тарапынан жоспарлы жұмысты дұрыс үйлестіре алмай келе жатқанының бірден-бір белгісі. Ал біз, «Аманат» партиясы ретінде бірінші кезекте үкімет құраушы партиямыз. Үкімет басшысын президентке ұсынатын да біз. Барлық комитеттерде біздің үлесіміз көбірек. Сондықтан бұл жауапкершілікті біз үкіметпен бірге бөлісіп отырамыз. Неге біз оларды өзгелерге қарағанда қаттырақ сынаймыз? Өйткені жауапкершілік ортақ. Ертең халық тек үкіметтен ғана емес, біздің партиядан да сұрайды ғой. Мәселе сонда.

Депутаттың ойынша, президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы да Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отыр.

– Рас, еліміз шикізатқа тәуелді ел. Бұл мәселені пысықтау керек. Экономиканы әртараптандырып, өндірісті күшейту керек. Ол үшін инвестиция, жаңа инфрақұрылым қажет. Бұл тұрғыдан еліміздің экспорттау мүмкіндігін кеңейту керек. Сол үшін де мемлекет басшысы барлық елдермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұны үкімет мүшелері ұтымды пайдаланып, ары қарай бұл бағытты күшейтуі тиіс деп ойлаймыз, -дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.   

Экономист Сәбит Рысбаев бюджет дефицитінің ұзақ жылдарға созылып келе жатқан өзекті мәселе екенін алға тартады.

–  Жылдан жылға бюджет дефициті артып барады. Осы жылдың өзінде 5 трлн теңгеден астам бюджет дефициті бар. Оның орнын Ұлттық қордан қаржы алу арқылы жауып келеміз. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасады. Қазір Парламентте салық кодексіне өзгертулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал мұның өзі бюджет дефицитінің мәселесін толық шеше алады деп айта алмаймын. Қазақстанда бюджет дефициті неден болады? Үлкен корпорациялар, салық төлейтін алпауыт компаниялар өз деңгейіне сай салық төлемейді. Мысалы, банк саласын алып қарайтын болсақ, 2023 жылы 2 трлн 200 млрд теңге таза табыс тапқан банк саласы корпоративтік табыс салығының өзін дұрыс төлемейді. Кішігірім компаниялардың өзі 20% корпоративті табыс салығын төлейтін болса, олар әртүрлі қитұрқы жолдарын тауып, барынша аз төлеуге тырысады. Меніңше, бұл мәселені реттеу керек. Әркім өз пайдасына сай салық төлеуі тиіс. Одан кейін бізде дивиденттерден алынатын салық деген нәрсе де жоқ. Осының бәрін қарастыру керек. Менің ойымша, кіші кәсіпкерлерді қыса бермей, үлкен корпорациялар мен компаниялар өз салығын дұрыс төлейтін болса бюджет дефицитін жабуға болады, – дейді.

Соңғы жылдары Ұлттық қорға салынатын қаржыдан алынатын қаржы көлемінің көбейіп бара жатқаны өзекті боп барады. Сарапшының айтуынша, әлемдік тәжірибеде, атап айтсақ, Норвегияның ұлттық қоры ашық жұмыс істейді. Әр тиынның қайда жұмсалғаны қоғамға белгілі. Ал отандық Қаржы министрлігінің есебі көңіл көншітпейді.

Экономист Сәбит Рысбаев:  

– Алдағы уақытта бізде бәрі керемет боп кетеді деп айта алмаймын. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғыс бізге де тікелей әсер етіп жатыр. Ресей қазан айында базалық мөлшерлемені 21-ге көтерді. Бұл Ресей тарихында болмаған ең үлкен базалық пайыздық көрсеткіш. Әрине олар рубльді ұстап тұру үшін барынша пайызды көбейтіп жатыр. Бірақ осы нәрсенің бәрі Қазақстанға әсер етеді. Соңғы бір-екі айдың ішінде доллар 10 пайызға қымбаттап кетті. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мұнайдың бағасы 80-нен 70-ке түсті. Соған байланысты теңге құлдырады. Бірақ тек мұнайға қарап отыруға да болмас. Экономиканы әртараптандырамыз деп келе жатқанымызға 30 жылдан асып кетті. Бірақ жоғары жақтан әлі де нақты шешім шыққан жоқ, экономика әртараптанған жоқ. Алдағы уақытта экомикамыздың болашағы да бұлыңғыр. Өйткені мұнай бағасы не болады? Шикізаттың бағасы қалай өзгереді? Біздің экономикамыз да осыған байланысты, бюджет те содан құралады. Егер мұнай бағасы 30-40 долларға дейін түсіп кететін болса, бюджетті қайта қарастырып, мұнайдың бағасына қарай бағыт ұстайды, – дейді.

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына ел экономикасының Ресейдің экономикасымен біте қайнасып кеткені себеп. Ресейдің уысындағы Кедендік одақ, ЕуразЭҚ елімізге кері әсерін тигізіп келеді. Кедендік одақтың табысын қайта қарастыру керек. Әр елдің экономикасына қарай табыс та әділ бөлінуі керек.    

Кәмшат ТАСБОЛАТ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.