Kaspi.kz Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен және Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, жеке кәсіпкерлерге арналған жаңа қызметті іске қосты. Енді жеке кәсіпкер тікелей Kaspi.kz мобильді суперқосымшасында ЖК реквизиттері мен салық режимін өзгерте алады, деп хабарлайды arasha.kz.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:
«Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Kaspi.kz мобильді қосымшасында тағы бір жаңа қызметті іске қосып отырмыз, оның көмегімен кәсіпкерлер өздерінің салық режимін және ЖК реквизиттерін өз бетінше өзгерте алады. Енді кәсіпкерлер құжаттарды рәсімдеуге аз уақыт жұмсап, бизнесін дамытуға көбірек уақыт бөле алады. Қазірдің өзінде жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер Kaspi.kz және Kaspi Pay мобильді қосымшалары арқылы көлік салығын, мүлік салығын, табыс салығын, жер салығын, кедендік алымдарды, ҚҚС және басқа да көптеген салықтарды төлеп жатыр».
2023 жылы Kaspi.kz онлайн қызметтерінің көмегімен 1,2 триллион теңге салық төленді. 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында төленген салық сомасы 797 миллиард теңгеге жетті. Осы уақытта 16 миллионнан астам төлем жүргізілді. Ең көп төленген салықтарға МӘМС жарналары мен аударымдары, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік салық және мүлік салығы кірді.
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлерге бизнес жүргізу ыңғайлы болуы үшін онлайн қызметтерді, соның ішінде финтех компаниялармен және екінші деңгейлі банктермен серіктестікте үнемі жетілдіріп отыратынын атап өтті.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев:
«Жеке кәсіпкер арнайы салық режимін өзі өзгерте алады. Мұны бірнеше жолмен жасауға болады: Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы, салық төлеушінің кабинеті арқылы немесе қағаз тасымалдағышта, мемлекеттік кірістер органдарына тапсыру арқылы. Таңдалған режимнің басталу күні хабарлама берілген айдан кейінгі айдың 1-і болады. Сондай-ақ кәсіпкер өз тіркеу деректерін Kaspi.kz мобильді қосымшасы, салық төлеушінің кабинеті немесе E-license электрондық лицензиялау арқылы өзгерте алады».
ЦДИАӨМ Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсупова:
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық санаттағы азаматтар мен кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қызметтерді жақсарту және оңайлату бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Біздің Kaspi.kz және Қаржы министрлігімен ынтымақтастығымыз Қазақстанда бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдететін ыңғайлы және тиімді құралдарды жасауға бағытталған.
Kaspi.kz мобильді қосымшасындағы жаңа қызметтің іске қосылуы біздің цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді жақсарту стратегиямыздың тағы бір қадамы. Енді кәсіпкерлер салық режимін және өз бизнесінің басқа деректемелерін бірнеше минут ішінде салық басқармасына бармай-ақ өзгерте алады. Біз мұндай бастамалар Қазақстанның цифрлық экожүйесінің одан әрі дамуына және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз».
Бұрын кәсіпкер ЖК деректемелерін және салық режимін өзгерту үшін құжаттармен салық басқармасына баруы немесе электронды цифрлық қолтаңба көмегімен салық төлеушінің кабинетінде өз деректерін өзгертуі қажет болатын.
Енді бұл әрекетті Kaspi.kz қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы орындауға болады. Қызмет барлық ЖК-ге олардың тіркелген орны мен уақытына қарамастан қолжетімді.
Қосымшада келесілерді өзгертуге болады: ЖК атауы мен мекенжайы; салық органы; ЭҚЖЖ бойынша негізгі және қосымша қызмет түрлері; салық режимі. Kaspi.kz қосымшасында деректемелер өзгертілгеннен кейін 24 сағат ішінде мемлекеттік органдардың базасында автоматты түрде жаңартылады.
ЖК салық режимін және басқа деректемелерді қалай өзгертуге болатыны туралы толығырақ ақпаратты Kaspi.kz мобильді суперқосымшасындағы Гид қызметінен оқыңыз.
Kaspi.kz миссиясы – сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтерді жасау. Инновациялардың орталығында елдегі ең танымал мобильді суперқосымша Kaspi.kz тұр, оны 14 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады.
Kaspi.kz суперқосымшасының көмегімен қазақстандықтар комиссиясыз төлемдер мен аударымдар жасайды, жеке қаражаттарын басқарады, әуе және теміржол билеттерін сатып алады, турлар алады, онлайн, үйге тегін жеткізу қызметімен бірге тиімді зат сатып алады және ең танымал мемлекеттік қызметтерді пайдаланады.
Kaspi.kz бизнес үшін Kaspi Pay суперқосымшасын да жасады, оны 700 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкер пайдаланады. Kaspi Pay қосымшасы арқылы қазақстандық кәсіпкерлер бизнесін дамытуға қаржы алады, төлем қабылдайды, жарнамалық кампанияларды іске қосады, салық төлейді, Kaspi Магазин және Kaspi Жеткізу қызметіне қосылып, өз тауарларын бүкіл ел бойынша сатады.