11-02-25 |
750 рет қаралған
Қазақстанда жаңа ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі: 16%, 10% және нөлдік ставка .
Қазақстанда жаңа ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі: 16%, 10% және нөлдік ставка 

Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа мөлшерлемелері енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.

ҚҚС-тың 16%-ға көтерілуі және жаңа мөлшерлемелер

Министрдің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру және оны саралау – мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейту және маңызды мемлекеттік жобаларды қаржыландыру үшін қажет. 

«Біз бюджет кірістерінің құрылымын өзгертуге тиіспіз. Қазіргі таңда бюджеттің едәуір бөлігі шикізат секторына тәуелді. Ал әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы біздің экономикалық тұрақтылығымызға қауіп төндіреді. Сондықтан, біз салық саясатын жетілдіру арқылы кіріс базасын кеңейтуді көздейміз. ҚҚС-тың 16%-ға дейін көтерілуі осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл шара бюджет кірістерін ұлғайтып, мемлекет алдындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді», – деді Жұманғарин. 

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдік қарастырылған

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ҚҚС төлеуден босату қарастырылып отыр. 

«Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді, бұл норма сақталады. Ал заңды тұлғалар – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, бұрын ҚҚС-тың 30%-ын төлесе, енді мүлде төлемейді. Осылайша, елімізде өндірілген картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және басқа да өнімдер бәсекеге қабілетті бола түседі. Біз аграрлық сектордың дамуын ынталандыруымыз керек. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі», – деп түсіндірді министр. 

ҚҚС-тың 10%-дық мөлшерлемесі кімдерге қолданылады?

Денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген 10%-дық ҚҚС мөлшерлемесі ұсынылады. Министрдің айтуынша, бұл салықтық жеңілдіктер тағы қандай салаларға қолданылатыны әлі талқыланады. 

«Медицина саласы – халықтың өмір сапасын анықтайтын маңызды сектор. Сондықтан біз оған ерекше жағдай жасауды жөн көрдік. Ал басқа салалар бойынша сараланған мөлшерлеме енгізу мәселесін қосымша қарастырамыз. Бизнес қауымдастық пен сарапшылардың ұсыныстарын жинап, Үкіметпен бірлесіп шешім қабылдаймыз»,  – деді Жұманғарин. 

ҚҚС әкімшілендіру жүйесін оңтайландыру 

Жұманғариннің айтуынша, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету үшін ҚҚС мөлшерлемелері 16%, 10%, 0% және толық босату болып бекітіледі. Сонымен қатар, ҚҚС бойынша есепке қою шегі 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендейді. 

«Қазір ҚҚС-ты тек 4% кәсіпорын ғана төлейді. Көптеген компаниялар салықтан жалтару үшін бизнесті жасанды түрде бөледі. Бұл салық жүйесін әлсіретіп, ҚҚС-тың қалыпты есебіне кедергі келтіреді. Сондықтан біз тіркеу шегін төмендетуді ұсынамыз. Бұл шара әділ салық жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді»,  – деп түсіндірді министр. 

Халықаралық тәжірибе ескеріледі

Министрдің айтуынша, Қазақстан бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибеге сүйенеді. 

«Көптеген дамыған және дамушы елдерде ҚҚС тіркеу шегі бізден әлдеқайда төмен немесе мүлдем жоқ. Мысалы, Канада, Корея, Скандинавия елдері, Шығыс Еуропаның бірнеше мемлекеті және көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда бұл көрсеткіш Қазақстанға қарағанда әлдеқайда төмен. Біз әлемдік тәжірибені ескеріп, өзіміздің экономикалық жағдайымызға бейімдейміз»,  – деді Жұманғарин. 

Бөлшек салық режимі қайта қаралады 

Бөлшек салық (розничный налог) режимі сақталады, бірақ оған кейбір өзгерістер енгізіледі: 

– Жылдық табыс шегі 600 мың АЕК (2,359 трлн теңге) көлемінде бекітіледі; 

– Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды; 

– Жалақы қорын есепке алу қарастырылады; 

– 100 млн теңгеден жоғары жылдық табыс тапқан кәсіпорындар үшін еңбекақыны заңдастыру ынталандырылады; 

– Салық мөлшерлемесі 4% болып қалады (жергілікті мәслихаттар оны 50%-ға дейін төмендете алады); 

– Бөлшек сауда режимі тек B2C (тұтынушыларға тікелей сату) секторында жұмыс істейтіндерге ғана қолданылады. 

«Бөлшек салық режимінің басты мақсаты – шағын және орта бизнесті қолдау. Бірақ бұл режимді дұрыс қолдану маңызды. Яғни, оның тек халыққа тікелей тауар немесе қызмет көрсететін кәсіпорындарға арналуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді министр. 

ҚҚС реформасы инфляцияға қалай әсер етеді?

Министрдің айтуынша, салықтық түсімдердің артуы инфляцияны шамамен 3%-ға ұлғайтуы мүмкін. 

«Иә, кез келген салықтық өзгерістер экономикалық ортаға әсер етеді. Біз мұны түсінеміз. Алайда ұзақ мерзімді перспективада бұл реформалар бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекет алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан, біз жан-жақты талдау жүргізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, салық саясатын жетілдіруге тиіспіз»,  – деп қорытындылады Жұманғарин. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет Қазақстанда ҚҚС-тың дифференцияланған мөлшерлемесін енгізу ұсынысын жариялап, бұл өзгерістер бюджетке қосымша қаражат түсіретінін мәлімдеген болатын.

Самал Асқар

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.