Соңғы апталарда Қазақстанда салық реформасы экономикалық күн тәртібінің басты тақырыбына айналды. Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттыруды, оны төлеу шегін төмендетуді, салықтық оңтайландыру мен бизнесті бөлшектеуге қарсы күресті ұсынуда. Кәсіпкерлер үшін бұл – жаңа ережелер, ал мемлекет үшін – бюджетті ұлғайту мүмкіндігі. Үкімет не ұсынып отыр, бизнес пен сарапшылар қалай қабылдауда және бұл реформаның нақты нәтижесі қандай болуы мүмкін?
28 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрі мен Ұлттық экономика министрімен өткізген кеңесте салық реформасын жүзеге асыру керектігін нақты айтты. Ол: «Миллиардтаған айналымы бар компаниялар табысына сай келмейтін салық төлеп отыр. Бізде мұндай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Бүгін-ертең олардың барлығына қосымша салық төлеу туралы ескерту жіберіледі. Екі апта ішінде қосымша декларация тапсырып, әділ салық төлеулеріңізді сұраймын», – деді. Бұл мәлімдеме бизнеске екі негізгі сигнал берді: реформа міндетті түрде болады және билік кәсіпкерлермен диалогқа дайын. Бірақ диалог әрқашан ымыраға келу деген сөз емес.
ҚҚС төлеу шегі 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, елімізде тіркелген 2,3 миллион салық төлеушінің небәрі 6 пайызы ғана ҚҚС төлейді. Үкімет бұл жүйені тиімсіз деп есептейді және келесідей уәж келтіреді: салық базасын кеңейту, салықтық алшақтықты қысқарту және бизнестің ашықтығын арттыру. Себебі кейбір кәсіпкерлер айналымын әдейі азайтып көрсетіп, ҚҚС-тан жалтарады. Дегенмен, бұл өзгерістер шағын бизнес үшін қосымша шығындар мен есептілікті арттырады, тіпті баға өсіміне әкелуі мүмкін. Кәсіпкерлер әсіресе ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларында жеңілдетілген режимдердің сақталғанын қалайды. Үкімет бұл салада компромисс ретінде аграршылар үшін ҚҚС мөлшерлемесін нөлге түсіруді ұсынып отыр.
ҚҚС-ты 12%-дан 16%-ға көтеру туралы ұсынысты Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қолдап отыр. Бұл бюджетке жыл сайын қосымша 5 триллион теңге табыс әкеледі деп болжануда. Бұл әлеуметтік салықты төмендетуге мүмкіндік беріп, инфрақұрылым мен әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталады. Бірақ басты мәселе – ҚҚС қайтару процесінің күрделілігі. Егер салық әкімшілендіруі оңайламаса, кәсіпкерлер алдын ала салық төлеп, айлап қайтарымын күтіп, қаржылық қысымға түседі. Сондықтан үкімет үшін ең маңызды міндет – ҚҚС қайтару жүйесін жетілдіру.
Салықтан жалтарудың кең тараған жолдарының бірі – бизнесті жасанды түрде бөлшектеу. Бір бизнес бірнеше шағын ЖШС не жеке кәсіпкерге бөлініп, жеңілдетілген салық режимін пайдаланады. Формалды түрде олар жеке құрылым болып көрінгенімен, іс жүзінде бір ұйым ретінде жұмыс істейді. Мемлекет мұны анықтап, қарсы әрекет етуді қолға алды. Мемлекеттік кірістер комитеті енді нақты критерийлер енгізеді: ортақ меншік иесі, бірдей ресурстар, бір касса және бір бухгалтерия – осындай белгілер болған жағдайда компаниялар біртұтас құрылым ретінде қаралып, толық мөлшерлемемен салық төлейді. Бұл мемлекетке түсетін салық көлемін арттырып, көлеңкелі схемаларды азайтады. Алайда бұл жағдай шағын кәсіпкерлікке стандартты режимге көшу қажеттігін туындатады.
Үкімет ҚҚС-ты 16%-ға дейін көтеру арқылы бюджетті нығайтуды, тіркеу шегін төмендету арқылы көлеңкелі экономикамен күресуді және бизнесті бөлшектеуді тоқтатуды көздеп отыр. Бірақ бұл реформаның сәтті болуы үшін мына үш шарт орындалуы қажет: ҚҚС қайтару рәсімін жеңілдету, шағын бизнеске бейімделген режимдерді сақтау және кәсіпкерлермен ашық диалог орнату. Өйткені салық реформасы – жай ғана пайыздық мөлшерлемені өзгерту емес, бұл – бүкіл экономиканың ережесін жаңарту. Ал 2025 жылы осы ережелердің қаншалықты сәтті іске асырылатыны – басты сұрақ болмақ.