Біз
әлеуметтік
желіде
01-04-25 |
420 рет қаралған
Салық реформасы шағын бизнеске қалай әсер етеді? .
Салық реформасы шағын бизнеске қалай әсер етеді? 

Қазақстанда салық реформасы енгізіліп, кәсіпкерлердің назарын аударуда. Жаңа өзгерістер негізінен шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауды көздейді. Әсіресе, халыққа қызмет көрсететін (B2C) кәсіпорындар үшін салықтық жеңілдіктер сақталады. Сарапшылардың пікірінше, бұл реформа бизнесті дамытуды ынталандырады және салық салу жүйесін әділ әрі ашық етеді. 

Салық реформасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, шағын бизнес үшін келесідей маңызды өзгерістер енгізілді: 

— жеңілдетілген декларация режимі сақталады. Оны қолдану шегі 600 мың АЕК (2 359 млн теңге) деңгейінде қалады. Бұл дегеніміз, жылдық айналымы осы сомадан аспайтын кәсіпкерлер бұрынғыдай жеңілдіктерді пайдалана алады. 

-қызметкерлер санына қойылған шектеу алынып тасталады. Бұрын кәсіпорындар белгілі бір саннан артық қызметкер жалдаса, салықтық режимнен шығып қалу қаупі болған. Енді бизнес еркін дамып, қалағанынша маман жалдай алады. 

— еңбекақы қоры есебінен салықтық жүктеме азаяды. Жылдық табысы 100 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер салық салынатын табысты еңбекақы қорына сәйкес азайта алады. Бұл бизнесті заңды түрде жұмысшылардың жалақысын көтеруге ынталандырады. 

— бөлшек салық мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады – 4%, бірақ жергілікті маслихаттар оны 2%-ға дейін төмендете алады. Бұл аймақтық кәсіпкерлерге қосымша көмек береді. 

Экономика ғылымдарының кандидаты, салықтық заңнама бойынша сарапшы Асылбек Қанатұлы жаңа өзгерістер шағын кәсіпкерлер үшін тиімді екенін атап өтті.

Бұрын кәсіпкерлер қызметкерлер санын шектеуге мәжбүр болды, себебі жеңілдікті режимнен айырылып қалу қаупі бар еді. Енді олар бизнесін кеңейтіп, жұмыс орындарын көбейте алады. Бұл – экономиканың дамуына үлкен серпін беретін өзгеріс.

Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі, жеке кәсіпкер Марат Жұмабекұлы да оң пікір білдірді.

Еңбекақы қорын шегеруге мүмкіндік беру – шағын бизнес үшін үлкен көмек. Бұл өзгеріс кәсіпкерлерге салықтық ауыртпалықты жеңілдетіп, қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, салық мөлшерлемесінің аймақтарға байланысты реттелуі жергілікті бизнесті қолдауға септігін тигізеді.

Реформа негізінен халыққа қызмет көрсететін (B2C) кәсіпкерлерге бағытталған. Бұған мыналар кіреді: 

— Кафелер, мейрамханалар, наубайханалар 

— Шаштараздар, сән салондары 

— Жеке медициналық кабинеттер 

— Киім-кешек, азық-түлік дүкендері 

Ал, егер кәсіпорын заңды тұлғалармен (B2B) жұмыс жасайтын болса, онда ол басқа салық режиміне ауысуы тиіс. Бұл, әсіресе, көтерме саудамен айналысатын кәсіпорындарға қатысты. 

Салық реформасы шағын бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді. Жеңілдетілген декларация режимі сақталып, қызметкерлер санына қойылған шектеулер алынып тасталды. Бұл кәсіпкерлерге бизнестерін кеңейтіп, тұрақты дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа ережелер еңбек нарығын жандандырып, салық салу жүйесінің әділетті болуына ықпал етеді. 

Сарапшылардың айтуынша, бұл реформа шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.