Өңірлік теңсіздік проблемасы барлық мемлеке тән құбылыс. Бұл ретте Қазақстан да шет қалмайды. Сондықтан да елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекіту туралы қаулы қабылдады. Жобаның басты мақсаты – республика тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешу. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жағдайды жақсарту, оңтайлы көлік байланысын қамтамасыз ету, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Өңірлердегі өткір мәселелерді шешу әдістері қалай өзгеруде? 2024 жылы қандай нәтижелерге қол жеткіздік? Сұрақтарға жауап міздеп көрелік.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жоғары. Жоба аясында Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 3,9%-ға, сонымен қоса транзиттік жүк легін 22,7-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда Қазақстан ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «Инфрақұрылым» көрсеткішін 62-ден 49-ға, дүниежүзілік банк рейтингінде «Логистика тиімділігі» көрсеткішін (LPI) 71-ден 50-ге дейін жақсартатыны болжанған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 2021–2025 жылдарға 7 567 408 245,0 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде 4 022 143 962,0 мың теңге республикалық бюджеттен, 785 759 418,8 мың теңге жергілікті бюджеттен. Сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат – 2 759 504 864,2 мың теңге.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бұған дейін қабылданған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту, «Өңірлерді дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламалардың басын біріктіргенін айта кетуіміз керек. Аталмыш жоба еліміздің өзге аймақтарындағы секілді Астана қаласында да азаматтарды тұрғын үймен, жылу және ауыз сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Сондай-ақ көлік қатынастары жолға қойылып, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жол ашып отыр. Халықтың сапалы әрі жайлы тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру – жобаның басты мақсаттарының бірі.
Елорда еңсе тіктеп келеді
Соңғы жылдары Астана халқының саны күн санап артып келеді. Ал бұл өз кезегінде баспана мәселесін туындатуда. Өткен жылғы есеп бойынша бүгінгі таңда 50 мыңға жуық отбасы үй кезегінде тұр. Тұрғын үйге қатысты тағы бір маңызды мәселе – үлескерлер мәселесі. Үлескерлер мәселесінің талай жылдардан бері жыр болып келе жатқаны жасырын емес. Былтыр 11 шілдеде өткен Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлескерлер мәселесі – өткір мәселе екенін тілге тиек етіп, оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажеттігін айтқан болатын.
«Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ ол жеткіліксіз. Биыл мәселе туындатып отырған 16 үйдің құрылысын аяқтау қажет. Ал, жыл соңына дейін бұл мәселе толықтай шешілуі тиіс. Осыдан кейін мұндай мәселенің қайта туындауына жол бермеуіміз керек», – деді президент.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты да пікір білдірді.«Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ», – деді мемлекет басшысы.
Иә, Астанаға өзге аймақтардан қоныс аударушылар мен жұмыс іздеп, тұрмыстақ жағдайын жақсарту мақсатында ауыл-аймақтардан көшіп келушілер легі әлі де толастар емес. 1997 жыл Елорда халқының саны 300,5 мың адам болса, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қала халқының саны 1 340 782 адамды құраған. Ал, бұл көрсеткіш 2030 жылы 2 миллионға, 2050 жылы 3 миллионға жетеді деп болжануда. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, Астана бас қала болғалы қалада 33 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. Алайда, бас қаламызда демографияның қарқынды өсуі баспана мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік бермей келеді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы тұрғын үй инфрақұрылымына тың серпін береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылға қарай 236,7 мың отбасының баспана жағдайы жақсаратын болады. Сонымен қоса, тозығы жеткен 251 үйді бұзылады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Астана аймақ дамуының драйверіне айналып келеді десек, артық айтқандық емес. Оған жыл санап өсіп келе жатқан мына көрсеткіштер айқын дәлел. Мысалы, бас қалада жыл сайын 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның шамамен 70%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Шағын және орта бизнес субъектілері еліміздегі осы саладағы барлық жұмыстар мен қызметтердің 20 пайызын өндіреді. Қазіргі таңда Астанада 140 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс атқарады. Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында қызмет етіп жүр. Бұрын Астана мемлекеттік қызметкерлер қаласы болса, қазір кәсіпкерлер қаласына айналды. Оған қоса, республиканың жалпы ішкі өнімінің 11%-дан астамы және еліміздің негізгі капиталына салынатын инвестициялардың 10%-ы Елордаға тиесілі болып отыр. Соңғы жылдары Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі 25,7 миллион теңгеден 7 триллион теңгеге дейін өскен. Ал өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 1997 жылмен салыстығанда 15,2 миллиардтан 755 миллиард теңгеге жеткен. Осы уақытқа дейін әлемнің 75 елінен 2 мыңнан аса компания Астанаға бизнес жүргізу үшін келген және 14 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған.
Нәтижесі қандай?
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы 8 903 адам, оның ішінде 6 492 қоныс аударушы, 2 337 қандас көшірілді. Қызметкерлердің аймақтарға қолайлы көшуіне септігін тигізіп, оларға баспана тауып беретін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Субсидия мөлшері кем дегенде екі жылға жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударту көптеген қазақстандықтардың өміріне оң әсерін тигізді. Ұлттық экономика министрінің Үкімет отырысындағы мәліметінше, ұлттық жобаны іске асыруға 1,4 трлн теңге жұмсалған. Ал 2021 жылы бағдарламаға ұлттық валютада барлығы 1,5 трлн бөлінді. 2021 жылы ұлттық жобаны іске асыру белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткіш 96 пайыз, моно және шағын қалалардағы инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6-дан 45,5 пайызға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жолдардың сапасы жақсарды. 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды. Қорыта айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы экономиканы жаңа деңгейге көтеруге және қазақстандықтардың қала және ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік жобаны енгізудің ең елеулі әсері — тұрғын үй-коммуналдық, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту есебінен адамдардың өмір сүру жайлылығының өсуі.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024