arasha.kz

АҚШ Қазақстан экономикасына $45 млрд астам инвестициялаған

????????????????????????????????????

АҚШ Қазақстан экономикасына $45 млрд астам инвестициялаған, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
«АҚШ – Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. Бүгінде біздің елімізге америкалық инвесторлар жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді. 2018 жылы Қазақстанға тікелей тартылған америкалық инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 миллиард долларды құрады», – деді сейсенбі күні Нью-Йорктегі америкалық ірі компания басшылары қатысқан дөңгелек үстелде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айындағы АҚШ-қа сапары аясында жасалған қазақстандық-америкалық кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылғанына тоқталып, сол кезден бастап екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
«Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтқан Президент америкалық бизнесмендердің назарын ел дамуындағы үш маңызды мәселеге аударды. Олар: қолайлы инвестициялық ахуал, нарық пен коммуникацияны дамыту және адами капиталды нығайту. Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеудегі басты мәселе тұрақтылық пен ашықтықты сақтау болып табылады», – делінген хабарда.
Әңгіме барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне де жеке тоқталды.
«Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік хабы болып есептеледі. Трансконтиненталдық бағыттардың 70 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді», – деп атап өтті Қазақстан Президенті..
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Американың іскер топ өкілдеріне ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің артуына күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Дереккөз:ҚазТАГ

Exit mobile version