arasha.kz

Қаржы орталығы және криптовалюта

Қазір қоғамның криптовалюта туралы пікірі қақ жарылып тұр. Адамдардың бір тобы бұл нарықты дамыту керек десе, ендігі бір топ оның болашағына күмәнмен қарайды. Астана экономикалық форумына жиналған сарапшылар да аталған мәселені жан-жақты талқылауға тырысты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарушы директоры Қайрат Қалиевтің айтуынша, қазір әлемде криптовалюта нарығы қалыптасып, жетілу үстінде. «Мынаны қаперде ұстаған жөн: қаласақ та, қаламасақ та әлемде криптовалюта нарығы құрылды. Бұл нарық Қазақстанда да жұмыс істеуде. Дәл қазіргі уақыттағы өзекті сауал – «Қандай қадам жасаймыз?». Бірінішден, криптовалюта нарығын елеусіз ғана қалдыруға болады. Екіншіден, бұған түбегейлі тыйым салуға да мүмкіндік бар. Қазақстандағы кейбір мекемелер мұндай қадамды жақтап отыр. Үшіншіден, криптовалюта нарығын реттеу керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшінші қадамды құптайды», – дейді Қайрат Қалиев.

Қаржы орталығы өкілінің сөзінше, криптовалютаның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Соған қарамастан, бұл нарықты дамытуға болады. «Халықаралық қаржы орталығы жаңа қаржылық құралдарды дамытуға бейілді. Сондықтан, орталық жаңа нарықтарды іздестіруде. Бұл ретте, криптовалюта нарығын алға бастыруға болады. Сол себепті біз аталған нарықтың реттелгенін қалаймыз», – дейді ол.

Қайрат Қалиевтің сөзіне сенсек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы криптовалюта нарығын реттеудің арнайы ережелерін әзірлеуде. Аталған ережеге сәйкес, криптовалютаны сауда жасауға, цифрлық қызметтерді атқаруға қолдану жоспарлануда. Ол үшін нарықтағы қаржылық тәуекелдерді мейлінше азайту керек.

Десек те, Қазақстанның Ұлттық банкі криптовалютаға қарсы қатаң саясат ұстанып отырғанын жақсы білеміз. Яғни, қаржылық реттеуші аталған нарыққа аяқ басқысы келмейді.

Қайрат Қалиевтің айтуынша, Ұлттық банк бұл жерде ең алдымен тұтынушылардың құқығын қорғауға басымдық беруде. Яғни, Қазақстандағы 18 миллион халықтың мүддесін қорғау тұрғысынан келіп отыр. «Бір жағынан бұл дұрыс та. Криптовалютадан хабары шамалы адамдар өз активтерін жоғалтып алуы мүмкін. Ал бұл кейін үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Мұндай топтар көбейген кезде, амалы құрығандықтан үкіметтен қолдау сұрайтын болады. Сол себепті Ұлттық банк криптовалюта нарығына беттемей отыр. Десек те, аталған нарық Қазақстанда жұмыс істеуде. Демек, оған тыйым салудан гөрі, реттеудің тетіктерін қарастырған жөн. Сондай-ақ, криптовалюта нарығы ақша айналымымен салыстырғанда әлдеқайда ашық екенін ұмытпауымыз керек», – дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарушы директоры.

Ал киберқауіпсіздік саласының маманы, Group-IB компаниясының (Ресей) жеке клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Руслан Юсуфов соңғы жылдары хакерлер криптовалюта нарығына жиі шабуыл жасайды дейді. «Криптовалюта нарығын қауіпсіз деп айта алмаймын. Сөзім дәлелді болу үшін екі мысал келтірейін. Осы жылдың қаңтар айында Жапонияның тек криптовалюталармен ғана жұмыс істейтін биржасына хакерлік шабуыл жасалды. Салдарынан 533 млн доллар жоғалып кетті. Ал ақпан айында Италия биржасы да дәл осындай жағдайды бастан өтерді. Бұл жолы хакерлер 180 млн доллар көлеміндегі қаржыны үптеп кетті. Бұл өзі банкті тонағанға ұқсайды. Соңғы жылдары хакерлер криптовалюта нарығын жиі торуылдайтын болды. Себебі, бұл нарыққа шабуыл жасаған қылмыскердің жаза арқалап, түрмеге түсу мүмкіндігі өте төмен. Өйткені, криптовалюта нарығын күдіктенетіндей із қалдырмай-ақ тоңауға болады», – дейді Руслан Юсуфов.

Киберқауіпсіздік саласы маманының сөзінше, хакерлердің құрығына түспеудің қарапайым ғана жолдары бар. «Криптовалюта дегеніміз күнделікті қалтамызда жүретін ақша толы әмиян секілді. Әмиянды жоғалтып алмауға тырысамыз ғой. Криптовалютаға да дәл сондай қамқорлық керек. Сондай-ақ, криптовалютадағы жинақтарды мейлінше жасырын ұстау қажет. Кім-көрінгенге айта беруге болмайды. Мұндай ақпарат хакерлердің құлағына тисе, ертеңінде-ақ жинаққа шабуыл жасауы әбден мүмкін», – дейді киберқауіпсіздік саласының маманы.

Дүниежүзілік банктің аймақтық басқармасының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бас экономисі Ханс Тиммердің сөзінше, криптовалюта нарығына күмәнмен де, сеніммен де қарауға болады.

«Криптовалюта – цифрлық революцияның бір ғана бөлігі. Менің күмәнім цифрлық эволюцияның даму қарқынына байланысты болып отыр. Мәселен, блокчейн технологиясын алайық. Ол 2009 жылы жұмысын бастады. Дәл осы жылы алғашқы криптовалюта – биткойн пайда болды. Сондай-ақ, 2009 жылы алғашқы айфон да өмірге келді. Осылайша, интернет-қызметтердің ауқымы кеңейіп кетті. Қазір барлық салада интернет-қызметтер жақсы дамыған. Ал әр сала өз бетінше дамуға бет алған жағдайда криптовалютаға сенім артуға болмайтын секілді», – дейді Ханс Тиммер.

Оның сөзінше, бұл нарықты дамытып, реттеу тетігін іске қоспаса тағы болмайды. Өйткені, криптовалютаны жасаушылардың ықпалы артып келеді.

«Мәселен, Facebook криптовалюталық компаниялармен бірігіп алды. Яғни, бұл нарықта ірі ойыншылар пайда бола бастады. Ал олар үкіметті бақылауға алғысы келеді. Бұл – өте қауіпті», – дейді Дүниежүзілік банктің өкілі.

Әлемдегі ең алғашқы криптовалюта – биткойн. Осы саланың білікті маманы Маттиа Раттагги криптовалюта ақшаның орның алмастыра алады деген пікірде.

«Биткойн – криптовалютаның анасы. Бұл өзі қалай пайда болды? Ол үшін сәл шегініс жасау керек. 2008 жылы әлем қаржылық дағдарысты өткерді. Осы тұста кейбір мамандар банктік сектордан бөлек өзге де жүйелерді құру туралы бас қатыра бастады. Соның нәтижесінде биткойн дүниеге келді. 2009 жылы биткойнмен алғашқы транзакция жасалды. 2016 жылы биткойнның бағасы артты. Ал 2017 жылдың соңына қарай баға құлдырай бастады. Өйткені өзге де криптовалюталар пайда болды. Бәсекелестік артты.2018 жылдың алғашқы тоқсанындағы жағдайды бағамдар болсақ, биткойнның бағасы жоғарылап келеді. Жалпы, криптовалюта нарығы жылдам дамуда. Бұл бағытқа қомақты қаржы да құйылып жатыр. Ойыншылар көбейе бастады», – дейді Маттиа Раттагги. Оның айтуынша, криптовалюта нарығында екі үлкен проблема бар. Біріншісі – бағаның құбылмалылығы. Арнайы реттеу тетігі болмағандықтан, бағаның құбыла беретіні түсінікті. Ал екінші проблема – энергия тұтыну. Яғни, инфрақұрылым мәселесі түбегейлі шешілмеген. Маттиа Раттаггидің дерегінше, қазір әлемде криптовалютаның 1500-ден астам түрі бар. Әлемде кең таралған тағы бір криптовалюта – блокчейннің білгірі, Mauritius Blockchain Advisory Foundation компаниясының негізін қалаушы Джошуа Хоулидің болжамынша, 2027 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10%-ын блокчейн активі құрамақ. Бұл дегеніміз – 10 трлн АҚШ доллары.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында БҰҰ алаңында криптовалютаға қатысты ортақ ереже бастамасы жүзеге асырылуы тиіс екенін айтқан болатын.

Фархат Әміренов

Дереккөз: abctv.kz

Exit mobile version