Әлемдік аренадағы саяси өзгерістер мен шешімдер, алпауыт елдердің теке-тіресі, салынған санкциялар, саяси қарым-қатынастың шиеленесуі дүниежүзілік экономикаға өз әсерін тигізіп отыр. Әсіресе қор биржасы, сауда-саттық қарым-қатынас, логистика саясаттың салқынын бірден сезіп отырады. Қазақстанның экономикасы да бұл үрдістен шет қалмақ емес. Екі алпауыт мемлекеттің ортасында жатқан Қазақстан көршілерімен тығыз сауда-саттық қарым-қатынас орнатқаны белгілі. АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларының салдарынан рубль құны төмендеп, оның әсері қазақстандық валюта мен экономикаға да тиеді. Десе де, жақында Дүниежүзілік валюталық қор миссиясы Қазақстан экономикасының дамуын «тұрақты» деп бағалаған. ДВҚ миссиясының Қазақстан бойынша жетекшісі Марк Хортонның пікірінше, қазіргі кезде ел экономикасы даму мүмкіндіктерін іздестіру үстінде. Экономиканың тұрақты дамуына құрылымдық реформаларды жүзеге асыру мен банк секторын сауықтыру ықпал еткен.
–Әрине, 2000-2007 жылдардағы экономикалық даму деңгейіне жету қиын болады. Ол кезде даму екпіні 7,5 пайыздан артық еді. Өйткені сол шақ өте ерекше еді, көп көлемде мұнайдан түскен қаражат инвестиция ретінде Астанаға салынды. Мемлекеттік инвестицияның көлемі өте үлкен болды. Қазіргі кезде экономикалық өсім 4-4,5 пайызды көрсетіп тұр, бұл да жаман емес, дегенмен 5 пайыз болса, жақсы болар еді. Сондықтан жүзеге асырылып жатқан құрылымдық реформалар, «Бір – белдеу, бір – жол» бастамасы, банк жүйесі қызметін жетілдіру экономикалық дамудың қарқынын арттыруға септігін тигізеді,– деп тұжырымдайды М.Хортон.
Халықаралық сарапшының пайымдауынша, соңғы 2-3 жылда Қазақстан экономикасы өтпелі кезеңде тұрды. Бұл уақытта мемлекеттік ынталандыру жаппай жүргізіліп жатқан еді. Дәл қазіргі кезде ол жаңа мүмкіндіктерді іздестіріп жатыр. Үкімет пен Ұлттық банк экономиканы тікелей қаржыландырудан ақырындап бас тартып, жеке сектордың алға шығуына мүмкіндік беруде. Маманның айтуынша, экономикалық өсім 5-5,5 пайызға жету үшін тағы да 3-4 жыл қажет.
Расында 2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім 3,9 пайызға өскен. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында бұндай өсімді өнеркәсіп, ауылшаруашылығы мен қызмет көрсету саласы қамтамасыз еткенін айтып өткен еді. Ішкі жалпы өнімнің артуы өз кезегінде инвестиция көлемінің көбеюі мен инфляцияның төмендеуіне әсер етеді. Биылғы инфляция көлемі болжам бойынша, жылдық 6 пайыздан аспауы керек.
Оған қоса соңғы жылдары Қазақстан шикізаттық тәуелділіктен сәл де болса арылып келеді. Мәселен, жалпы ішкі өнім құрылымындағы тау-кен өндірісінің салмағы жылдан-жылға азаюда. Десе де өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласының дамуы көңіл көншітіп тұрған жоқ. Аталмыш салалардың көрсеткіші 6-7 жыл бұрынғы қалпында қалып тұр.
Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыру үшін «2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Аталмыш бағдарламада дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін макроэкономиканы дамыту, салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қаржы орталығын дамыту, инвестиция тарту, өмір сапасын жақсарту, «жасыл» экономика мен проактивті сыртқы экономикалық саясатқа басымдық беру көзделген. Осы бағыттарды дамыта отырып, Қазақстандағы жалпы ішкі өнім 2025 жылға қарай, жан басына шаққанда 46,1 мың долларды құрап, еңбек өнімділігі жылына орта есеппен 4,7 пайызға өсуі керек. Сондай-ақ, экспорт көлемінің шикізаттық емес бағыты 50 пайызға жетіп, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 35 пайызға жеткенде ғана отыздық қатарынан табыламыз. Әзірге орта және шағын бизнестің үлесі 26 пайызды құрап тұр.
Қазақстан экономикасының дамуына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де ықпалып тигізді деп тұжырымдайды кейбір сарапшылар. Алдыңғы жылдардағы дағдарыс экономикалық даму қонцепциясын қайта қарастыру қажеттігін ұқтырды. Мұнай мен металлға сеніп отыра берсек, алысқа шаппасымыз анық. Сондықтан Қазақстан қайта өңдеу өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жүк тасымалы саласына басымдық беріп, осы салалардың дамуына қолдау білдіруі керек. Әсіресе, Қазақстанның транзиттік дәліз ретіндегі әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Осы бағытта «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралінің салынуы жүк тасымалының артуына ықпал етеді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында мемлекеттік қолдауды экономиканың нақты өнім өндіретін салаларына жасау қарастырылған.
Дегенмен, қаржылық сарапшы Арман Бейсембаев жыл ортасына қарай әлемдік нарықта мұнай мен шикізаттың құны төмендеп, ол Қазақстанның экономикасына кері әсер етеді деп пікір білдірген болатын. «Америка өз баспа станогын 3-4 жыл бұрын тоқтатып, қазір қағаз доллардың санын қысқартып жатыр. Яғни, оның пайыздық үстемақысы күннен-күнге арта береді. Арзан доллардың кезеңі осымен бітеді. Доллардың қымбаттауы тек мұнай ғана емес, бүкіл шикізат құнының түсуіне әкеп соғады. Сәйкесінше біз үшін бұл жағдай үлкен соққы болмақ».
Бұдан шығатын жол – отандық шикізаттық емес секторды дамыту. Бұл бір күннің шаруасы емес екені де анық. Қазіргі кезде Қазақстан экономикасында қайта өңдеу өнеркәсібінің үлес-салмағы мәз емес. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл сан 11,2 пайызды құрайды. Яғни, дайын өнім шығару, экспорт құрамын дайын өніммен толтыру мәселесі маңызды. Айталық, ел Үкіметі 2018 жылы қайта өңдеу саласы өнімдерінің экспорттағы құндық үлесін 7 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында қазіргі кезде жалпы ішкі өнім өсімінің үштен бір бөлігін қайта өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз етіп отырғанын айтқан:
«Қазіргі кезде Қазақстан әлемнің 123 еліне қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды. Соңғы уақыттарда экспортқа шығарылатын тауарлардың сапалық құрылымы да өзгерген. Сыртқа тасымалданатын тауардың үштен бірі бөлігі – қайта өңдеу саласына тиесілі.
Кейбір тауар түрлері бойынша жаңа өткізу нарығы ашылып жатыр. Мәселен, қазақстандық өнімдерді Орта Азия елдеріне жеткізу 30 пайызға өскен. Бұл елдерге экспортталатын тауарлардың жалпы құны 1,5 млр долларды құрап тұр. Қазақстан орта Азия бойынша жеткізуші елдердің бестігіне кіріп, олардың импортының 8 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Металлургиялық және химиялық өнім нарығы кеңейіп жатыр. Олар АҚШ пен Еуропа елдеріне тасымалданады. «Азия Авто» АҚ-ның жеңіл көліктері алғаш рет ҚХР-ға экпортталса, «Сарыарқа автопромның» өнімдері Тәжікстанға, «ДонМар» компаниясы шығаратын ауылшаруашылық машиналары Ресейге бірнеше жылдан бері тасымалданып келеді. Сондай-ақ, тамақ өнеркәсібі мен ауылшаруашылық өнімдері шетелде үлкен сұранысқа ие, олардың экспорттық көлемі 1,6 млрд долларды құрады. Жекелей айтқанда, Ауғанстан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранға ет өнімдері, сұйық май мен бал Қытайға экспорттала бастады».
Қазіргі таңда Қазақстан уран, жез, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы мен зығыр дәндерін экспорттау бойынша әлемде алғашқылардың қатарында. Жалпы алғанда отандық тауарлардың 800-ден аса түрі шетелге шығарылады. Бұлардың негізгі бөлігі шикізаттық тауарлар болып тұр. Дайын өнім өндіру үшін отандық бизнесті жан-жақты қолдау қажет. Мемлекет тарапынан субцидиялау, салықтық жеңілдіктер, арзан несие, қаржылық және сервистік қолдау – отандық тауар өндірушілердің тынысын кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Ал бәсекеге қабілетті тауар өндірушінің бренд қалыптастыруға барлық мүмкіндіктері бар.
Ел экономикасы алдағы уақытта тұрақты өсім беруі үшін, шикізаттық тәуелділіктен арылудың маңызы осыдан білінеді. Астана қаласында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінде Еуразиялық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти «Қазақстан – табысы орта деңгейлі ел, бұл статусы оған үлкен тәуекел мен зор мүмкіндіктер береді. Қазақстанның бар мүмкіндігін жеделдетілген жаңғыртуға шоғырландыруы керек» деп пікір білдірген еді. Яғни, экономиканы әртараптандыруда негізгі күш қайта өңдеу мен ауылшаруашылығы саласына салынуы тиіс. Инвестиция және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстан экономикасына инвестицияланған әрбір төртінші доллар қайта өңдеу саласына жұмсалған екен. Соңғы жылдары инвестициялық климат та қолайлы бола түскен. Салалық заңнама да халықаралық стандарттарға сай жетілдіріліп, салық салу мен кедендік бақылау салаларындағы заң мен құқықтық-нормативтік құжаттар өзгеріске ұшырады. Бұл ретте мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мақсатында ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру процесі жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде нарықтағы бәсекелестікті арттырып, бизнес сектордың бойына қан жүгіртеді деп күтілуде. Осы салалар дамыған кезе ғана Қазақстанның экономикалық өсімі туралы сөз қозғауға болады.