Он жыл бұрынғы қаржылық дағдарыс Қазақстанның банк секторын тұралатып кеткені белгілі. Содан бері ел Үкіметі салаға миллиардтан қаржы құйса да, сауығар түрі көрінбейді. Мәселен, 2009 жылы алғаш рет Альянс Банк, БТА Банкі, Қазкоммерцбанк пен Халық банк «Самұрық –Қазына» әл-ауқат қорынан 476 млрд теңге көмек алған. Одан бері банк секторына жыл сайын құйылатын қаржының көлемі өспесе, кеміген жоқ. Айталық бір БТА банкті құтқару үшін 10 млрд доллардан аса қаржы кеткен. Ақыры БТА банкі Қазкоммерцбанкке қосылып тынды. Оның портфеліндегі «жаман несиеден» арылу үшін Ұлттық қор мен Ұлттық банктің қаражаты аяусыз құйылды. Кейіннен Қазкомның да жағдайы шатқаяқтап, ол Халықбанкпен бірігуді жөн деп тапты. Өткен айда ғана лицензиясын ерікті түрде тапсырған ең ірі коммерциялық банктің аты енді тарих боп қалмақ. Үкіметтің екінші деңгейлі банктерді құтқару процесі 2017 жылға дейін жалғасты. Осы жылы ірі жүйе құраушы АТФ Банк, Еуразиялық банк, Цеснабанк пен RBK Bank, ЦентрКредитБанкке 653 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Миллиардтаған қаражат қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін құйылған. Биыл Елбасының сыни ескертпесінен соң, банктерді қолдау бағдарламасы жабылды. Өйткені екінші деңгейлі банктерге берілген қаржының қайтарымы болмай тұр. Оның үстіне банктер портфеліндегі «жаман» несиенің көлемі 10 пайызға жетіп, ЕДБ берген несиенің көлемі артпаған. Президент өз сөзінде «Акционерлері дұрыс басқара алмағандықтан бұл банктер қарызға батып, салымшылар алдында өз міндеттемелерін орындай алмады. Сол себепті көрсеткіштері нашар болды. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Бұл банктерді сақтап қалу үшін акционерлер өздерінің жеке қаражатын құйып, кезінде олардан шығарып алған қаржыны қайтаруы тиіс» деген еді. Оған қоса, Эксимбанк, Астана банкі, QAZAQ banki сынды ұйымдардың көрсеткіштерін «өте жаман» деп атап өтті. Көптеген сарапшылар Үкіметтің екінші деңгейлі банктерді қайта-қайта құтқара бергенін құптамайды. Осы орайда экономист Мақсат Халық «қазақстандық қаржы секторының жағдайы мәз емес» деп пайымдайды.
–Осы уақытқа дейін біраз банктердің банкротқа ұшырауы, бірқатарының банкроттықтың алдында тұруы – қаржы жүйесінде шешілмеген мәселелер бар екенін айғақтайды. Мемлекет тарапынан қаржы секторын қолдауға деген ұмтылыс дұрыс емес. Әрине, банктер ақша айналымын қамтамасыз етіп, халыққа қаржылық қызмет көрсету, ақша аудару, жалақы төлеу үшін қажет. Банкоматтарының, бөлімшелерінің көп болуы өте қолайды. Алайда дәл осы үшін аталмыш саланы қолдай берудің ешбір негізі жоқ. Бұл процесс қысқа болуы керек. Мүмкіндігінше мемлекет қолдауды тежеу керек. Өйткені осы уақытқа дейін салынған қаражаттың қайтарымы жоқ. Мемлекеттен бөлінген қаржы банктердің айналымы үшін арзан ақша ретінде берілді. Салынған қаржыдан инвестициялық табыс келіп тұрса, оның жөні бөлек. Бірақ сол қаражаттың өзі жоғалып, қолдау көрген банктер банкроттыққа ұшырап жатса, мемлекет қаражатының талан-таражға түскені деген сөз. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың көлемін азайту керек, –деп тұжырымдайды сарапшы.
Сондай-ақ, экономист Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны қандай мақсатта болмасын, банк секторына салу мүлдем дұрыс емес деген ойда. «БЖЗҚ-дағы қаражат, біріншіден халықтың ақшасы. «Зейнетке шыққанда қызығын көрем» деп жинақтаған қаражаты. Кейбір мемлекеттерде азаматтардың зейнет жасын күтпей-ақ, қорда жатқан қаражатын өз қалауынша жұмсауына мүмкіндігі бар. Ондай мүмкіндік қазақстандықтарда жоқ, тіпті зейнеткерлікке шыққан кезде де оны толық ала алмайды. Халықтың қаражатын банк секторын қолдауға салу – үлкен сын. Бұл жерде қордағы қаржының облигацияларға салынатынын ескеру керек. Егер банк акцияларына салынатын болса, тәуекелі жоғары болар еді. Банк ертең банкрот болып жатса, оның қайтарымына ешкім кепілдік бермейді. Ал облигация деген құнды қағаздың жауапкершілігі мол. Өйткені оның нақты қайтарылатын уақыты бекітіледі. Сондықтан Ұлттық банк қаржыны бүгін берген болса, екінші деңгейлі банктер 2 жылдан соң оны пайызымен қайтаруға міндеттеледі. Бұл аз да болса көңілге қонымды. Оған қоса, бұл процесс ашық жүруі керек. Қай банк қанша қаражат алды, оны қашан қайтаратынын халық білуі тиіс. Тағы бір мәселе, БЖЗҚ-дағы қаржы банктердің акциялары мен депозиттеріне мүлдем салынбауы қажет, – дейді Мақсат Халық.
«Жалпы Қазақстаның қаржы жүйесінде 30-дан аса банк қызмет етеді екен. 18 миллион халық үшін бұл сан көбірек. Егер банктерге мемлекеттік қолдауды азайтып, таза бәсекеге салатын болса, өздері-ақ іріктеліп, нарықта тек мықтылары қалады» дейді маман. Бұл процеске кіріспей, нарықтың еркіне тастаған жөн.
Банк секторындағы тағы бір тенденция –қазақстандықтардың отандық банктерге сенімінің азайып, шетелдік банк филиалдары қызметін таңдай бастауы. Бұл ретте сарапшы отандастарымыздың ресейлік банк филиалдарын таңдап жатқанына назар аударады.
–Ресейлік банк пен компанияларына қаржы салған азаматтар көршімізге салынған санкциялардың кесірінен олардың акциялары құлаған кезде, біраз салымдарына айырылып қалды. Сондықтан сенім жоғары деп тұжырымдауға болмайды. Енді күтіп отырған мәселеміз, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне орай, шетелдік банктер нарыққа келіп жатса, оның пайдасы мол болмақ. Сондықтан шетелдік бакнтердің нарыққа кіруіне мүмкіндік беруіміз керек. Отандық банктер шетелдік әріптестеріне қарап, бой түзейтін болады. Олардың корпоративтік қызметіне, ішкі жүйесіне, клиенттеріне деген қарым-қатынасына үңіліп, тәжірибе алмасады. Банктерде қызмет сапасының артуына септігін тигізеді, бәсекеге қабілетті бола түседі. «Шетелдік банктер нарыққа келсе, несие пайызы төмендейді» деген сөз бар. Бұл қате түсінік. Өйткені пайызға қатысты барлық ережені Ұлттық банк бекітіп, реттеп отырады. Мәселен, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайыз деп бекітті. Ешқандай банк осы пайыздан төмен несие бермейді. Егер шетелден банк келіп жатса, ол да 9 пайыздан төмен несие рәсімдемейді. Сондықтан нарыққа шетелдік банктердің келуі пайдалы, қалыпты құбылыс, –дейді экономист.
Банк секторын сауықтыру бағытында жалғыз мемлекеттің күші жетпейтіні байқалып қалғандай. Өйткені ерте ме, кеш пе, қолдағы қаражат түгесілуі мүмкін. Қайтарымы жоқ инвестицияны сала беру мемлекет үшін өте тиімсіз. Бұл ретте сарапшылар банктерге қаржыны тікелей құя бермей, проблемалық активтерді сауықтыруға басымдық берген жөн деген пікірде. Қазақстанның бұл бағытта аз болса тәжірибесі бар. 2012 жылдан Қазақстанның инвестициялық қоры стресті активтерді басқаруды қолға алған еді. Осы уақыт аралығында инвестициялық қор балансына алынған жобалар бойынша, активтер мен қаржының 61,2 млрд теңгесін қайтарған. Қарызды қайта құрылымдау, активтерді отандық және шетелдік инвесторларға сату бағытымен жұмыс істеген инвестициялық қор борышкердің қолындағы барын бірден тартып алуға тырысқан жоқ. Оларға ұзақмерзімді инвесторлар тауып, активтерін сатып қолдау көрсетті. Борышкердің бар мүлкін мемлекет балансына өткізгенімен, оны үкімет бәрібір жекенің қолына береді. Қазіргі кезде инвестициялық қордың балансында осындай 49 жоба бар. Мемлекет саланы сауықтырудың осы бағытын әрі қарай дамытып, банктердің стрессті активтеріне инвестиция салатын шетелдік инвесторларды тартатын кез жетті.
Жақында Халықаралық валюталық қор миссиясы Қазақстан экономикасының дамуын «адекватты» деп танып, саладағы құрылымдық реформалар, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, банк секторы қызметін жетілдіру мен қаржы жүйесіне сауықтыру – экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді деп тұжырымдаған. Яғни, банк секторы Қазақстанның экономикалық дамуын жаңғыртуда алдыңғы шепте жүруі тиіс. Сарапшылардың пайымдауынша, банктердің бұл үдеден шығуы құрылымдық реформалар мен қаржы ұйымдарының жаңа бизнес-моделді дамыта отырып, экономиканың нақты секторы мен орта және шағын бизнесті несиелеуіне байланысты болмақ.