09-01-19 |
3420 рет қаралған
Биыл тұрғын үй қымбаттай ма?.
Биыл тұрғын үй қымбаттай ма?

Қазақстан қалаларындағы тұрғын үй нарығы бойынша 2018 жыл қорытындысы

Қазақстан қалаларында 2016 жылы тұрғын үй бағасы құлдырап, 20% дейін төмендеді. Содан кейін, 2017 жылы бағаның төмендеу қарқыны 6-8% деңгейіне дейін баяулады. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша Астанадан басқа қалалардың тұрғын үй нарығында белсенділік пайда болып, шегерілген сұраныс әсерінен баға қайтадан көтеріле бастады.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында 2017 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, елорда пәтерлерінің орташа бағасы 2% төмендеді, бұл абсолюттік мәнде шамамен 6 800 теңге. Алайда, Алматы мен Қарағандыда оң үрдіс байқалды – тұрғын үй бағасы бір жыл ішінде 9% қымбаттады.

Ал 2017 жылдың осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік  оң өсу қарқыны байқалуда. Қанағаттандырылған сұраныстың максималды өсуін Маңғыстау облысы көрсетті. Оңтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында керісінше сатып алу-сату мәмлелерінің саны азайды.

Жалға алу бағаларының өзгерісі

Астана қаласының жалға беру нарығында жыл бойы ұсыныстың көбеюі байқалды. Жалға берілетін тұрғын үйдің ең көп ұсынысы жаз айларында болды, әрі жалға беру бағасы да төмендей бастады. Бір жыл ішінде астаналық пәтерлердің орташа жалдау мөлшері шамамен 14% төмендеді. Алматы мен Қарағанды қалаларында жалға алу бағаларының кері үрдісі байқалды – жалға берілетін тұрғын үй бағасы жыл сайын 18% және 20% өсім көрсеткен. Тұтастай алғанда, қалаларда баға динамикасы қалпына келу кезеңінде, яғни тамыз, қыркүйек және қазан айларында жалға беру бағасының өсуін, ал жаз кезіне жалдау төлемдерінің төмендеуін көрсетті.

Тұрғын үй бағасының 2019 жылға болжамы

«Өткен жылдардағы девальвация үдерістері тұрғын үй нарығына кері әсерін тигізді де, сатып алушылар бағаның құлдырауына үміт артып, күту тактикасына көшті»,- деп түсіндіреді kn.kz сарапшылары. Алайда, 2018 жылы тұрғын үй нарығы қайтадан белсенділік көрсетті. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, доллар курсының өсімі бір жылда 10% құрады, ал мұнай бағасы 2018 жылдың қазан айында бір баррельге шаққандағы 86 долларға жетті, ал дәл сол айда доллар бағамы 367 теңгеге дейін өсіп кетті.

Ұлттық валюта әлі де тұрақсыз болғандықтан, әрі мұнай бағасының өсуі халықтың әл-ауқатының өсуіне әсер етпегендіктен, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу – тұрғын үй қажет ететін адамдар мен жеткілікті мөлшерде қаражаты бар адамдар үшін ең жақсы таңдау деп түсінуге болады. Яғни пәтерге деген сұраныс болады. Осылайша, Қазақстан қалаларында жылжымайтын мүлік бағасының өсуі осы жылы бірқалыпты түрде жалғасады, ал астанамызда бағаның өсуі қайта қарқын алады.

Жалға берілетін тұрғын үй нарығына келер болсақ, биыл Алматы мен Қарағанды қалаларында бағалардың өсуі сұраныстың максималды (жаздың аяғы – күздің басы) кезінде орын алады, дегенмен де, көктемнің соңы-жаз мезгілінде шамалы төмендеу күтілуде. Астана нарығы ұсынысқа барынша қанық болу деңгейіне қарай, жалдау бағасы бәсең қалыпта өсуі мүмкін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.