arasha.kz

Болашақтың қалалары қандай болады?

Тәуелсіздік жылдары сыртқы саяси байланыстардың нығаюы мен еліміздің әлем сахнасындағы салмағын қалыптастыруға  көп күш жұмсалды. Ядролық қаруға қарсы бүкіләлемдік қозғалыс бастап, өңірлік қауіпсіздікті БҰҰ деңгейінде күн тәртібіне қойып келген Қазақстан алыс-жақын шетелге болашақ энергиясын бағдар етіп алған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен бөлек, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Астана экономикалық форумымен (АЭФ) де таныс. Әлем алдында тұрған маңызды міндеттер мен сын-қатерлерді талқылап, белгілі тұлғалардың қатысуымен мәселеге жүйелі шешім іздейтін халықаралық платформа 2008 жылдан бері 100-ден астам мемлекеттен 8 мың делегат қабылдапты. Олардың қатарында әлем елдерінің тізгінін ұстаған басшылар, трансұлттық компаниялардың негізін қалағандар, әр саланың жетекші мамандары мен есімі көпке белгілі ғалымдар бар.

Биыл өткен «АЭФ: Global Challenges summit 2018» аясында XXI ғасырдағы технологиялық төңкеріс, диджитализация, соңғы қалыптасқан мегатрендтер, әлемдік экономиканың өсімі, интеграция, урбанизация, қауіпсіздік тақырыптарында Apple Inc. компаниясының негізін салушы Стив Возняк, Францияның бұрынғы Президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның VIII Бас хатшысы Пан Ги Мун, футурист ғалым Митио Каку сияқты өз ісінің үздіктері ой бөлісті. Бірыңғай экономика мен ғаламдық стратегияны бірнеше бөлікке ажыратып, әрбірін жеке талдаған форум қалалар мәселесін де айналып өтпеді. Бүкіл әлемде соңғы жылдары  қарқын алған урбанизация тренді 2030 жылға қарай үлкен шаһарларды тұрақты мекендейтіндердің үлесін әлем халқының 60 пайызына теңестіреді деген болжам бар. Бұл қазірдің өзінде қалаларда қалыптасқан жұмыссыздық, көлік қозғалысының қиындығы, экология сияқты мәселелердің ең болмағанда маңыздыларын шешуді тезірек бастау керектігін білдіреді.

2016 жылдың қорытындысына сәйкес, әлем халқының жартысына жуығы, шамамен 4 млрд адам қалада тұрады. Урбанизация деңгейі жоғары елдердің көшін Жапония (94%), Австралия (90%), Голландия (91%), АҚШ (82%), Оңтүстік Корея (83%) бастап тұр. Қала халқы санының қарқынды өсуі табиғи аймақтар мен орталық аумақтарға жапсарлас территорияларда агломерациялардың құрылуына алып келді. 1950 жылы 10 млн халқы бар 2 қала (Токио мен Нью-Йорк) болса, 2017 жылы олардың саны 37-ге жеткен. Сарапшылардың мәліметінше, алдағы 20 жылда қалаға тағы 2 млрд адамның көшуінен «миллионер» шаһарлардың қатары едәуір артуы мүмкін.

АЭФ шеңберінде «Қалалар әлемі» деп аталатын жеке трек өткізіліп, оның модераторы есебінде «Ақылды қалалар: үлкен деректер, қоғамдық хакерлер мен жаңа утопияны іздеу» кітабының авторы Энтони Таунсенд белгіленді. Онда 2050 жылы қалалардың қалай өзгеретініне талдау жасалып, дамыған мегаполистердің жақын болашаққа белгілеген форсайттары таныстырылды. Қалада қалыптасқан әлемнің көп еліне ортақ мәселені шешу әдістері мен мүмкін болатын қауіптерге шолу жасалған пікірталас алаңы Қазақстанның қарқынды дамушы экономика ретінде келешекке стратегиялық бағдар жасап отырғанын көрсетеді.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өңірлік зерттеулер орталығының басшысы Қайсар Нығметов әлемдегі урбанизация процесі Қазақстанды да айналып өтпегенін айтып, статистикалық деректер келтірді.

– Қазақстандағы белсенді урбанизацияның алғашқы кезеңі 1960-1990 жылдар аралығында 44 пайыздан 55 % дейін өсім көрсетті. 1990-2000 жылдары болған экономикалық қиын кезеңде қала халқының саны 9 558, 9 мың тұрғыннан  8 405, 4 мың азаматқа дейін қысқарды. 2017 жылғы соңғы дерек бойынша, қалада тұруды таңдайтындардың жалпы саны 10 336,8 мың адам болып, урбанизация деңгейі 57, 3%  шамасында тұрақтады. 1999-2017 жылдар аралығындағы уақытты көз жүгіртіп қарасақ, ең көп халық өсімі Астана (3,2 есе), Шымкент (2,6 есе), Ақтөбе (1,9 есе), Алматы (1,6 есе) қалаларында тіркелген. Қазақстан- 2050 стратегиялық құжатында мемлекет басшысы Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларын маңызды орталықтар есебінде дамытуды тапсырса, 30 дамыған елдің қатарына кіру туралы мақсатты бағдарламада Қазақстанда халықаралық деңгейдегі агломерация құру міндеті қойылған. Еліміздің 2020 жылға дейін территориалды-кеңістіктік дамуына арналған сызбада урбанизация үдерісін реттеуге айрықша мән берілген. Мұның бәрі мемлекет халықтың қалаларға қарай ағылуымен бірге туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуге, әлемдік стандарттарға сай мегаполистер құруға, өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беріп отырғаны байқалады.

Астана экономикалық форумы аясында «Қалыптасқан және енді құрылатын қалалардағы Urbantech» атты іс-шара өткізілді. Онда бизнес-стратег, футуролог Дэвид Голдсмит, City Design and Development Group департаментінде ғылым кандидаты Рикардо Альварес пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ойларымен бөлісті. Шара барысында болашақта «Ақылды қалалар» концепциясының қалай дамитыны сөз болып, осы саладағы күтілетін өзгерістер мен мәселелер талқыланды.

АЭФ аясында ерекше атап өтуді қажет ететін тағы бір шара – «Электромобильдердің қоршаған ортаға әсері» атты дөңгелек үстел. Жоғарыда айтылған жаңа заман талаптарына сай болашақ қалалардың өмірі экологиялық тұрғыдан таза, тиімді әрі жылдам электромобильдер қолданысымен тікелей байланысты болады. Олар қазір үлкен қалаларда қалыптасқан негізгі мәселе – ауаның ластануын тоқтатып, қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қосқанымен, адамдардың автономды көліктерге жаппай көшу үрдісін ынталандыруы мүмкін. Сарапшылар бұл көлік қозғалысындағы жаңа қиындықтарды қалыптастырады деп топшылайды.

Елордада өткен халықаралық маңызы бар шарада урбанизацияның жедел жүруінен мемлекеттердің экономикалық өсімі қалалардың дамуына тікелей тәуелді бола бастайтыны жөнінде ой айтылды. Бұл пікірмен сарапшы Қайсар Нығметов те келіседі.

– Қазақстанда көрсетілген қызметтердің 94 пайызы қалалардың үлесіне тиесілі. Өндіріс өнімінің 40 % төрт агломерация мен облыс орталықтары береді. 2016 жылғы дерекке сәйкес, Қазақстанда өндірілген инновациялық өнімнің 31 % Астана мен Алматыдан шығады. Бөлшек және көтерме сауда айналымының 96 % қалаларда жүзеге асырылады. АЭФ аясында күн тәртібіне қойылған тақырыптардың бірі – Қазақстан қалаларындағы өмір сүру сапасының рейтингі. Бұл елімізден бөлек, шетелдік сарапшылар үшін де қызығушылық тудырған сұрақ болды. Халық тығыздығы төмен Қазақстан үшін агломерациялар құру территориялық ұйымдастырудың маңызды формасы ретінде өңірлік саясаттың басым бағытына кіреді. Ең бастысы, қалалардың өсуі инфрақұрылым мен экономиканың көрсеткіштерінен ғана емес, халықтың өмір сүру сапасынан да байқалуы керектігін ұмытпаған жөн.

         Қазақстан өзі үшін өзектілігі артып келе жатқан тақырыпта ой қозғап, әлем тәжірибесін тыңдауға тиімді алаң қалыптастырғанына биыл – оныншы жыл. Әлемнің үздіктерімен өткен басқосуда «Қалаларға ерекше көңіл бөлу – әлемнің дамуына ықпал ететін факторлардың бірі» деген бағалы қорытынды жасалды. Қаржы ағыны мен инвестициялардың негізгі бөлігін қабылдайтын мегаполистер «мол мүмкіндіктердің отаны» болып көрінгенімен, халықтың артуымен бірге өсетін мәселелер қатары қалалардың әлеуетін әлі де дұрыс игеріп, тиісті шаралар қабылдау қажеттілігін арттыратынын есте ұстаған абзал.

Exit mobile version