arasha.kz

COVID- 19 дағдарысы: Жұмыссыздық көбейеді, Қазақстан кедей елдер қатарында тұр

Үкімет төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге әлеуметтік төлем тағайындағаны мәлім. 20 сәуір күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан деректе 42500 теңге алуға түскен өтініштер саны  7 млн 990 мың адамға жеткен. Бұл сонша адам әлеуметтік көмекке мұқтаж дегенді де білдіреді. Және де төтенше жағдайдан кейін жұмыссыздық өсуі мүмкін екенін де көрсетеді. Біз осы мәселелерге қатысты экономисттің пікірін білген едік.

Мақсат Халық, GSB UIB директорының орынбасары, экономист:

– Бұл үлкен көрсеткіш. 42500 көп ақша емес. Бірақ отбасын асырау үшін сол ақшаға зәру адамдардың көп екені көрінді. Ең сорақысы, 42500 теңге шын зәру адамдар әлі де сол ақшаға қол жеткізе алмай отырғандығы.

Жалпы халықтың төлем қабілетінің төмендеуі 2015 жылы басталды. Сол жылы біз қалай валютаның еркін айналымына көштік, солай халықтың төлем қабілеті бірден екі есеге азайды. Жалпақ тілмен айтқанда, екі есе кедейленіп шыға келдік. Сол кезде жалпы ішкі өнім 6 мың АҚШ доллары деңгейіне түсті. Ал әлемдік стандарттар бойынша елдің ЖІӨ 10 мың АҚШ долларынан төмендесе, ол ел кедей елдер қатарына кіреді. Сөйтіп Қазақстан кедей елдердің қатарына кірген. Биыл жыл басында ЖІӨ өсе келіп, 10 мың АҚШ долларына жеткен еді. «Орта елдердің қатарына қосылдық» деп қуанғанымыз сол еді, наурыз айындағы теңгенің құнсыздануы бізді қайтадан шегіндіріп тастады. Қазақстан қазір тағы да кедейле елдердің қатарында.

2015-2016 жылдары Қазақстанның өз ішінде үлкен дағдарыс болды. Ондай дағдарыстар негізінен мұнайлы елдерде болды. Ол дағдарысқа сарапшылар «жүйе дағдарысы» деген атау берді. Бұл – мемлекеттік билік жүйесінде нақты бір олқылықтардың бар екенін көрсетеді. Президенттің тарапынан жақсы ұсыныстар айтылғанымен ол аймақтарға жеткенше түрленіп, өзгеріп кетеді. Түптеп келгенде халық үшін делінген жобалардың кері жұмыс істеп кетіп жатқанын байқаймыз. 42500 теңгенің де жыры сондай болып тұр.
2015 жылдан бері халықтың табысы 8,5 пайызға ғана өсті. Бірақ әр жылғы инфиляцияны шамамен 7 пайыз деп есептеп, 2015 жылдан бергі 5 жылғы көбейтсеңіз, 35 пайыз болады. Енді қараңыз, бес жылда халық табысы 8,5 пайыз ал инфиляция 35 пайыз болған. Бір-біріне сәйкес келмейді. Яғни 5 жылда халықтың табысы өспеген. Соңғы жылдары халық кедейленіп кеткен деуге болады. Осы жағдайларға коронавирус, пандемия келіп қосылды. Оның үстіне мұнай бағасының құлдырауы елімізде бюджет тапшылығын арттырып жіберді. Үкімет дағдарысқа қарсы шара қабылдап, жүзеге асыра бастады. Алайда дағдарыс әлі де созылады, жағдай қиындай түседі. Өйткені дағдарыс бірнеше айда өтіп кетпейді, ол бірнеше жылға созылады. Қазірдің өзінде кәсіпорындар мен компаниялардың біразы жабылғалы тұр, жабылып жатқандары да бар. Сонда не болмақ? Әрине, жұмыссыздық көбейеді. Өйткені 42500 теңгемен мәселенің бәрін шеше алмаймыз. Сондықтан үкіметтің алдында үлкен талап пен сын тұр.

Тағы бір мәселе жұмыссыздық хақында. Бізде жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 4,8 пайыз деп көрсетілген. Өткенде ұлттық экономика министрі жұмыссыздық 4,8 пайыз емес, 5,8 пайызға ұлғаяды деп мәлімдеді. 42500 теңге 7 млн 990 мың адам өтініш беруі ұлттық экономика министрінің жұмыссыздық туралы дерегі мүлдем шындыққа сәйкес келмейді. Біз, сарапшылар, былтыры жұмыссыздық көрсеткіші ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтқанбыз. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтушы деген категорияда 2 миллионнан астам адам бар. Бұл адамның бәрі өзін өзі жұмыспен қамтып, табыс тауып жүр деп айта алмаймыз. 2 миллионды өзін өзі нәтижелі жұмыспен қамтушылар және нәтижесіз жұмыспен қамтушылар деп бөліп, нәтижесіздерді жұмыссыздар қатарына қосу керектігін айтқанбыз. Сонда жұмыссыздар саны 15 пайыз шамасында болады деп болжанған. Ал қазіргі жағдайды есепке алсақ, 42 500 теңгеге өтініш берушілер санының өскенін ескерсек, жұмыссыз өсіп, 25-30 пайызға жетуі мүмкін деп болжаймыз.

Материалды дайындаған – Өміржан Әбдіхалықұлы

Exit mobile version