arasha.kz

Елімізде бюджеттің 1,8 триллион теңгесі тиімсіз жұмсалған

Қазақстан президентіне мәліметтер берген Есеп комитеті 47 триллион теңгеден астам қаржыға аудит жүргізгенін хабарлады. Ақорда мәліметінше, елімізде 1,8 триллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған.

Бүгін Қазақстан Президентіне Есеп комитетінің төрағасы ведомствоның 2020 жылы атқарған жұмыстарының негізгі нәтижелері мен алдағы уақытта орындайтын міндеттері жөнінде мәлімет берді.

Наталья Годунованың айтуынша, былтыр Есеп комитеті 18 аудиторлық және сараптамалық-аналитикалық іс-шара өткізіп, 47 триллион теңгеден астам қаржыға аудит жүргізген.

1,8 триллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлауға және жұмсауға байланысты заң бұзушылықтар 1,5 есе, 81 миллиард теңгеге дейінгі қаржылық заң бұзушылықтар 2 есе өскен.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа пандемия кезінде экономиканы қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасының іске асырылу барысы баяндалды. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы активтердің тиімді басқарылуына жүргізілген бағалау жұмыстары жайында айтылды.

Кездесу соңында Президент Есеп комитетінің төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді, атап айтқанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіруді міндеттеді. 

Exit mobile version