arasha.kz

«Экономика 20 жылдан бері дағдарыста және катастрофаға жақындап қалды»

Геосаяси жағдайлардың шиеленісуі мен импортқа тәуелділік инфляция қарқынын үдетіп жіберді. Ресеймен серіктес қазақстандық компаниялардың көбі банкрот болып, елдегі жұмыссыздық мәселесін одан сайын күшейтіп жіберді. Бұған қоса бұл оқиғалар Қазақстандағы банктік қаржылық жүйеге өзгеріс әкеліп отыр. Осы ретте, Қазақстан халқын алаңдатып отырған мәселе – елдегі қымбатшылық. Украинаның сауда өндірістік палатасының өкілі, білікті экономист Рахымбек Абдрахмановпен (суретте) Қазақстан экономикасының реалды жағдайы туралы сөйлестік. Қазақстан экономикасын қалай диверсификациялауға болады, еліміздің технологиялық мемлекетке айналуына мүмкіндігі бар ма деген сауалдар төңірегінде әңгімелестік.  

– Қазақстан экономикасындағы мемлекеттің үлесі қандай?

– Шындығында Қазақстан экономикасын мемлекеттік капитализм деп атауға толық негіз бар. Яғни мемлекеттің экономикаға араласу деңгейі өте жоғары. Еліміздегі мемлекеттің экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімнің бір жылдығына тең. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы мемлекеттерде, яғни  Германия, Франция, Швейцарияда ЖІӨ 5%-на тең. Ал Қазақстанда 100%. Яғни мемлекет экономикаға 100% араласады. Бұл өз кезегінде көптеген процесті жауып, бұғаттап тастайды. 

Жалпы қазақстандық экономикалық жүйеде тепе-теңдік принципі бұзылған. Өйткені, шикізат секторы үлкен болса, өңдеуші сала минималды деңгейде болып отыр. Бұған мысал ретінде қазақстандық импорт пен экспорт құрылымын айтсақ болады. Қазақстан импорты 90%, яғни дайын өнімдерді алады. Валюталық түсімінің  90%-ы мұнай, газ, метал, бидайдан түседі. Мұндай жүйе әлеуметтік-экономикалық «периферияға» әкеледі. Бұл дегеніміз –  кедейлік, сауатсыздық, мәдениет пен қоғамдық институттардың құлдырап, жалпы халықтық деңгейге айналуы. Егер ешнәрсе өзгертпесе елестетудің өзі қиын болады. Өзгерісте болмай жатыр. Оны көріп отырмыз. «Жаңа Қазақстан» деген тек мәлімдеме және қызықты терминдер.

– Қазақстанда өндіріс орындарын көбірек ашуға не кедергі? Еліміздің технологиялық мемлекетке айналуына мүмкіндігі бар ма?

– Қазақстан ешнәрсе өндірмейді. Яғни біз инновациялық ел емеспіз. Кезінде индустриалдық-инновациялық даму бағдаламасы тиімді әрі дұрыс жұмыс істегенде ел тұрғындарының табысын  Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегідей  көрсеткішке жеткізе алар едік. Яғни азаматтар орта есеппен ай сайын 1000 АҚШ долларын (1500 еуро) алар еді.

Бұған қоса, бұл бағдарлама шикізат экспортына деген тәуелділікті азайтар еді. Дұрыс технологияларды  (микросхема, компьютер, проводник) әкелетін еді. Естеріңізде болса, Glotur деген компьютер шыға бастады, бұл қазақстандық тауар деп айтылғанмен оның бөлшектерінің бәрі Қытайдан келді. Алайда, бұл бағдарлама құрдымға кетті. Өйткені, оған көптеген факторлар ықпал етті. Себебі бізде мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істемейді, сыбайлас жемқорлық белең алған. Егер мемлекеттік аппаратта коррупция болса онда бағдарламалар жүзеге аспайды деп сенімді түрде айтуға болады.

Сондықтан «Қазақстан дамыған 30 елге кіруге талпынады» деген жәй ғана фейк. Бұған сенудің қажеті жоқ. Бұл – миф. Адамдарды осылай мифпен алдарқатып отыра беретін болса, осында өмір сүретін адамдарға алдағы 30-40 жылда одан сайын қиын болады. Егер бәрі бүгінгідей қаз қалпында біздің сақталса балаларымыз кедей елде өмір сүреді. Олар жоғары жалақы төлей алмайтын, өз технологиясын өндіре алмайтын мемлекетте тұратын болады. Яғни мұнда агрессивті орта қалыптасады.

– Сіз негативті сценарий күтіп тұр дегіңіз келе ме?

– Иә, бұл негативті сценарий, бірақ реалистік сценарий десек болады.

– Сонда халық неге дайын болуы қажет?

Біздің халық бәріне де үйреніп келе жатыр. Басқасын былай қойғанда, 20 мың теңгеге ай бойы күн көруге де үйренді. Әрине, бұл жағдай үлкен қалаларда тұратындарға тансық емес. Бірақ ауылдарда сондай жағдайлар кездесіп отыр.

– Қазақстанның реалды экономикалық  жағдайы қалай? Боямасыз және бүкпесіз шынайы бейнесін экономист ретінде ашып айтсаңыз?

– Шынын айтқанда, Қазақстан экономикасы 20 жылдан бері дағдарыста және катастрофаға жақындап қалды. Оның салдарын қаңтар оқиғасы кезінде көрдік. Өйткені, мемлекетті кедейленуге дейін апарды. Елімізде халықтың тең жартысы кедей.

Әлемдік суперцикль шикізаттың негізгі заттарына өсімді қамтамасыз етуде. Сол арқылы өмір сүру сапасын көтеруге болатын еді. Шикізатқа тәуелді болу өз кезегінде белгілі бір тәуекелдерге әкеледі. Егер ертең геосаяси жағдайларға байланысты қазақстандық мұнайға эмбарго жарияласа, онда экономиканың жағдайын болжау өте қиынға соғады. Себебі, салыққа түсетін қаражаттың 70-80%-ы шикізат өндірушілерден. Сондықтан арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз. Бұл кезде бюджетке ақша түспей, амал жоқ ақшаны ұлттық қордан алуға тура келеді. Ондағы қаражат таусылса басқа дереккөз іздеу керек болады. Сосын мұнайды ресейлік КТК (Каспийский трубопроводный консорциум) арқылы тасымалдаймыз. Ал Ресейдегі жағдайды өздеріңіз білесіздер. Сондықтан «Қазақстан экономикасының жағдайы жақсы» деген иллюзияны қою керек. Экономикамыз «титаник» секілді тұңғиыққа батып барады. Сондықтан қазір бәрін ашық айтып, шұғыл әрекеттерге көшетін кез келді.

– Қалай ойлайсыз, Үкімет экономиканы толықтай бақылай алып отыр ма?

– Бізде бақылайтын не бар?! Бізде экономика жоқ. Осыдан бастау керек. Экономикалық өсім туралы айтқан кезде соңғы Commodity price index деген өлшемімен қараған дұрыс. Ол соңғы 15 жылда экономиканың өсімі немесе құлдырауының арақатынасын көрсетеді. Яғни шикізат бағасына байланысты экономиканың өзгерісін көрсетеді. Егер шикізат индексі өссе біздің экономика өседі. Шикізат бағасы төмендесе (мұнай, газ, бидай) біздің экономикада құлдырай бастайды. Бұл нені білдіреді? Қазақстанда экономикалық өсім физикалық тұрғыдан емес, мұнай бағасымен тығыз байланысты. Мұнай бағасы арзандаса экономикамыз құлдырай бастайды, ал жоғарыласа экономикалық өсім болады. Егер макарон өнімдерін немесе тіс пастасын өндіретін зауыт қаншалықты көп болса соншалықты деңгейде экономикамыз физикалық дамиды. Сосын, экономикалық құрылымның сапасын бағалаған кезде банктік құрылымның портфелі бойынша бағалайтын тәсіл бар. Сол бойынша анализ жасайтын болсаңыз, онда 85% тұтынушылық несиелер екенін көресіз. 30% ипотекалық кредиттер, 15% автонесие, қалған 50%-ы кепілсіз кредит. Бұл біздің банктік портфеліміздің 80%-ы. Қалған 20% шағын және орта бизнестің несиесі (кредитование). Ал дамыған мемлекеттердегі көрсеткішпен салыстырсақ, оларда бұл құрылым мүлдем басқаша. Яғни онда банктік портфель бойынша қарағанда 80% шағын және орта бизнесті несиелеу болса, қалған 20% тұтынушылық несиелер. Бұл дегеніміз – біз өз ақшамызды жеп отырмыз. Көп азамат несиеге батқан. Себебі, жалақы аз. Қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекке жарамды халықтың 50%-ы ай сайын 50 мың теңгеден алатынын айтты. Нақтырақ айтқанда, еңбекке жарамды 10 млн халықтың 5 млн-ы 50 мың теңге айлық алады. Бұл өмір сүру үшін жеткіліксіз екенін баршамыз білеміз. Сондықтан азаматтар несие алады. Сондықтан Қазақстан экономикасын сипаттағанда тұтынушылық экономика деп айтуға болады. 

– Экономиканы толықтай диверсификациялау үшін не істеу керек?

– Сіз жақсы сұрақтар қоясыз! Қазақстан экономикасы дұрыс жұмыс істеу үшін ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын жақсарту керек. Реформа қажет. Онсыз біз жаңағы айтқан экономикалық дисбалансты, тепе-теңдіктің бұзылуын, үлкен шикізат секторы мен минималды өндіріс секторын реттей алмаймыз. Технологиясыз экономиканы өзгерту мүмкін емес. Қазір цифрлық ғасыр, жоғары технологияның заманы. Сондықтан экономиканы диверсификациялағанда технологиялық тұрғыдан диверсификациялау керек деп ойлаймын. Мәселен, елімізде Apple сияқты 10 компания жұмыс істесе, мемлекетте өмір сүру сапасы кем дегенде 2 есе өседі. Егер қазір қарапайым металлды аз қажатқа сатсақ, бір телефон одан да қымбат тұруы мүмкін. Сол тонна металдан мәселен бірнеше телефон жасап шығаруға болады ғой. Осылайша, қосымша құн қалыптасады (добавленная стоимость). Сол кезде өмір сүру сапасы өсіп қана қоймай, мұндай компаниялардың жұмыс істеуінің нәтижесінде жан-жақты сұраныс болады. Яғни, ішкі нарықтағы тауарларға, инновациялық ғылыми зерттеу орталықтарына сұраныс артып, олар қаржыландырыла бастайды. Бұл факторлар компанияға ғана емес, мемлекеттің тұтастай баюына ықпал етеді. Сонымен қатар, сол жасалған жоғары технологиялық өнімдерді экспорттасақ, біз шикізатқа деген тәуелділікті жоя аламыз. Диверсификация дегеніміз осы.

– Өз сөзіңізде реформа қажеттігін айтып қалдыңыз, ұсыныстарыңыз бар ма?

– Біріншіден, мемлекеттік басқару сапасын жақсарту қажет. Екіншіден, жекешелендіру жүргізу керек. Жекешелендіру дегенде 90-шы жылдары Қазақстанда болғандай емес, Польшада болған жекешендіру секілді болуы тиіс. Лёшек Бальцеровичтің «Шоковая терпания» жоспары секілді болуы қажет. Онда  «активтерді қалай дұрыс бөлуге болады» сол тұрғыдан қараған. Ал Қазақстан мен Ресейде жекешендіру процесі дұрыс іске аспады.. Себебі, бұл елдер – коррупцияланған мемлекеттер. Президентке жақын адамдар компанияларды жекешелендіріп алды. Ашықтық және саяси еркіндік жетіспеді. Меніңше, Польша тәжірибесін Қазақстанда да сәтті қолдануға болады. Үшіншіден, демонополизациялау қажет. Оны да ашық және кәсіби тұрғыдан жүргізу қажет. Азаматтық қоғаммен бірлесіп, іске асырған абзал.

Жалпы экономика өсіп, дамуы үшін құқық және сот жүйесі үлкен рол ойнайды. Егер сотты сатып алуға болса инвестициялық тартымдылық та болмайды. Заң үстем болмаған мемлекеттерге инвесторлар келмейді. Осындай базалық проблемаларды дұрыстамай сапалы реформа жүргізу мүмкін емес. Осындай құрылымдық өзгерістер болмаса қазіргі картина сол күйі қала береді.

– Қоғам арасында «билік талантты әрі мықты экономистерді тартпайды» деген кеңінен таралған пікір бар. Сіздің ойыңызша, проблема неде? Мықты экономистер өзгеріс жасай ала ма?

– 2015 жылы Петербургте болған экономикалық форумда Гермен Греф   «Ресейдің экономикалық проблемасының негізінде саяси кеңістігі жатыр» деп айтқан еді. Қазақстанның экономикалық проблемасының негізінде саяси кеңістік  жатыр. Сондықтан мұнда тәжірибелі әрі талатты экономистті қайдан болса да алдырсаңыз, саяси еркіндік пен құрылымдық реформалар болмайынша олар экономикалық реформалар жүргізе алмайды. Мемлекеттік басқару, сот және құқық саласында реформа жасамай өзгерістің орын алуы мүмкін емес.

– Үкімет Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге сұрап отыр. Жалпы ұлттық қордан жыл сайын қаражат алу қауіпті емес пе?

– Естеріңізде болса, Ұлттық қор келер ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін құрылған болатын. Бірақ қазір бұл қордан бюджет дефицитін төлеу үшін ақша алынып жатыр. Ұлттық қор активтерді жұмыс істемейтін мемлекеттік бағдарламаларға сала бергеннен  еш нәтиже шықпайды. Неге? Өтйкені, «Мемлекеттік бағдарлама арқылы байыдым» деп кім айта алады? Тек сол бағдарламаның басы қасында жүрген шенеунік-олигархтар байыған шығар. Оған мысал ретінде Бизнестің жол картасы 2020 айтуға болады. Осы мысал арқылы мемлекеттік бағдарламалардың қалай жұмыс істейтінін көруге болады. 450 млрд теңге бөлінді. Бірақ оны осыған мұқтаж кәсіпкерлердің 1%-ы ғана алды. Ол қаражатты мемлекеттің жеңілдігін қажет етпейтін Air Astana сынды немесе басқа да құрылыс компаниялары алды. Ал аяқ киім немесе полиэтилен пакетін өндіреміз деген кәсіпкерлерге берілмеді. Біздің экономиканың деңгейі осы. Тиімді жұмыс істей алмайды.

– Елімізде өндіріс орындарын ашуға не кедергі? Қазақстанның технологиялық және индустриалды мемлекет болуына экономикалық потенциалы мен адами капиталының мүмкіндігі бар ма?

– Қазақстан – индустриалды мемлекет. Оның белгілері бар. Яғни, металлургия, мұнай-химия, мұнай өңдеу және т.б. бар. Мұның бәрі шикізат өнімдері. Шикізатпен байланысы бар заттардың бәрі қазақстандықтардың әл-ауқатын, мемлекеттің дамуын қамтамасыз ете алмайды. Себебі, жоғары қосылған құн емес (высокий добавленный стоимост). Олардың ғылыммен, технологиямен қатысы жоқ. Адами капиталды қалыптастырмайды, технологияны өндірмейді.

Технологиялық индустриалды мемлекет болу үшін өзіндік критерийлер болады. Мәселен, білімді және талантты азаматтардың кетуі, капиталдың кетуі сынды факторлар бар. Бұл жағдаймен қарағанда біз технологиялық индустриалды мемлекет бола алмаймыз. Бұған қол жеткізу үшін ең алдымен мемлекеттік басқару сапасын өзгерту қажет. Ол үшін технология трансфертін қамтамасыз ету керек. Оңтүстік Корея тәжірибесі көрсеткендей, біздегі шикізат және қызмет көрсету компаниялары технологиялық компанияларға айналуы қажет. Сол үшін инвестициялық климатты жақсарту керек, олай етпесек инвесторлар келмейді. Ал инвестициялық климат жақсару үшін жоғарыда айтқанымдай біздің елімізде заң үстемдігі болуы қажет.

Елімізде маргиналды топ көбейіп жатыр. Олар оқымаған, тұрақты жұмысы жоқ азаматтар. Оларды әртүрлі акцияларға, атап айтқанда мемлекеттік билікке қарсы акцияларға пайдаланып кетуі ықтимал. Бұл да мемлекетке үлкен қауіп. Неге? Егер азаматтардың білімі мен мәдениеті төмен болса және жақсы табысы болмаса оларды әртүрлі акцияларға пайдаланып кету жеңіл болады. Әртүрлі гибритті соғыстың құралына айналып кетуі ғажап емес. Олар елдегі тәртіпке сызат түсіріп, тұрақсыз етуі мүмкін.

– Сұхбатымызды қазіргі уақыттағы актуалды сұрақпен аяқтасақ, Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс Қазақстан экономикасына қандай өзгеріс әкеледі?

– Бұл жағдай Халықаралық валюта қорының көрсеткіші бойынша Ресей экономикасы 10%-ға,  Украина экономикасы болса 25%-ға тежеледі.  Ал JPMorgan америкалық қаржылық конгломератының бағалауына сәйкес, Ресей экономикасы 20%-ға қысқарады. Ресей экономикасы ұзақ уақыт құлдырау процесінде болады. Өйткені, «екі ел арасындағы шиеленіс ұзаққа созылады» деген болжам бар. Мұның бәрі өз кезегінде Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Өйткені, Ресей Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. Импорттың 40%-ы Ресейден келеді. Ал біздің Ресейге экспортымыз 20%. Қазақстан мен Ресей арасындағы кооперация деңгей өте жоғары. Сол себептен Ресей экономикасы құлдыраса қазақстандық экономика да әлсірей бастайды. Бұған қоса, геосаяси қақтығыс өте қатты экономикалық құлдырауға ықпал етті. Бағалар өскенімен, экономика көтерілмей отыр. Экономика құлдырағасын тағы да жұмыссыздар саны көбейеді, әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері азаяды.

– Осы ретте, қазақстандық компанияларға қандай кеңес бересіз?

– Менің отандық компанияларға айтарым, ресейлік кәсіпорындармен жұмыс істегенде абайлау керек. Біз екінші санкция қаупінен қорқу керекпіз. Иә, бұл қысқа мерзіммен қарағанда табыс әкелетін шығар. Алайда, стратегиялық тұрғыдан қарағанда санкция салынатын болса 10-100 есе шығын әкелуі ықтимал. Қазір Ресеймен кедендік шекараны да реттестіру қажет. Бұл қазір экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда да қауіпті. Ресейдің экономикалық саясаты қазір паралелді импортпен айналысып жатыр. Бұл  дегеніміз – контрабанда. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік деңгейдегі бандитизм. Мұндай серіктестен алшақтау керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Назерке Еркінқызы, arasha

Exit mobile version