19-06-18 |
3970 рет қаралған
Кәсіпкерлік негізін оқыту– маңызды бағыт.
Кәсіпкерлік негізін оқыту– маңызды бағыт

Қолға алған кәсіптің табысты болуы – қаржылық құралдардың қолжетімділігі, нарықтың жан-жақты зерттелуі, іс-әрекет жоспарының нақтылануына ғана емес, кәсіпкердің осы салада білімінің болуына тікелей тәуелді. Бизнес саласындағы заңнаманы білу, бухгалтерлік есеп-қисап жүргізе алу, саладағы өзгерістерді, жаңалықты сезіну, маркетингтік зеттеу жүргізу – бүгінгі заманның қойып отырған талабы. Жаңадан іс бастап жатқан адам алғашқы уақыттарда осының барлығын өзі жүргізуі керек болады. Сондықтан «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасының негізгі бағытының бірі – кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бағытталған. Өйткені жеңілдетілген несие бөліп, пайызының жартысын субцидиялап, мемлекеттік кепілдік берер кезде кәсіпкердің бұл салада білімі болмауы істің алға жылжуына үлкен кедергі. Қазіргі кезде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өсім» жобалары аясында халыққа іскерлік негіздерін оқыту жүріп жатыр.

Айта кету керек, бұл оқу тегін және ұзақ уақытты алмайды. «Бизнес-Кеңесші» бағыты бойынша азаматтар 2 апта бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерсе, «Бизнес-Өсім» оқудың тақырыбына байланысты созылады. Бұл әрине, кәсіпкердің артық уақытын алмас үшін жасалған шара. Бар ынтасын оқуға аударған жан болса, осы уақыт ішінде біраз ақпарат жинап, көп нәрсені көңілге түйе алады. Бұндай курс көбінесе кәсібін дөңгелетіп отырған, біраз жылдық тәжірибесі бар, ары қарай даму мен серіктес табуды көздейтін кәсіпкерлерге тиімді. Бағдарламаның қаржылық емес қолдау бағытын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, 2014 жылдан бері «Атамекен» ҰҚП –осы бағыт бойынша негізгі оператор. Сол кезден бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерді қолдау жүйесін жетілдіріп, аймақтарда кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын ашты.

Ал дайындығы жоқ, осы салаға енді ғана бет бұрған жандар үшін 2017-2021 арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясындағы «Бизнес Бастауда» білім алған тиімді.

Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ержан Қапановтың айтуынша, аталмыш бағдарламаға қызығушылардың қатары көп. Оған қатысушылар бірінші кезеңде Қазақ-Британ техникалық университетінің базасында бизнесті жүргізу негізін үйренсе, екінші кезеңде шетелге тәжірибе алмасып, серіктес табуға мүмкіндік алады.

– ҚБТУ қабырғасында биылғы алғашқы топ білім алып жатыр. Келесі топ күзге салым жинақталады. Курс біткен соң арнайы сертификат алып, шамамен  қазан айларында комиссия алдында өз жобаларын қорғайды. Қорғау нәтижесі бойынша, Германияға 4 айға тәжірибеге барады. Ол жерде өз саласындағы кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысып, неміс бизнес-қауымдастығымен әріптестік қарым-қатынас орнатады. Бұл бағдарламаға отандық экономиканың басым бағыттарында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатыса алады. Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, металлургия, метал өңдеу сынды басымдық берілген салалардағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Алматы қаласы бойынша бағдарламаға қатысуға 203 адам өтініш берсе, бірінші топқа қазір Алматы қаласынан –110, аймақтардан 15 адам оқып жатыр. Алғашқы кезең де, шетелге тәжірибеге жіберу де толығымен тегін. Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгінде оқу мен білімнің құны арзан тұрмайды. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы арқасында жақсы білім мен тәжірибе жинақтап алуға болады, –деп тұжырымдайды сарапшы.

Қазіргі кезде кәсіпкерлерді қолдаумен облыстық деңгейдегі 27 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен 189 аудандық деңгейдегі Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары айналысады. Кеңес беру, оқыту, құжаттарын дайындауға көмек, жергілікті атқарушы орындармен қарым-қатынас орнату сынды кешенді шара – бизнестің түйткілді мәселелері түйінінің тарқауына тиімді әсер етеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сүйенсек, қаржылай емес қолдау көрсететін оператор ретінде қызметке кіріскелі бері, 500 мыңнан аса кәсіпкер кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының көмегіне жүгінген. Оларға 800 мыңнан аса қызмет түрі көрсетілген. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен қызмет көрсету бөлімдерінде ХҚКО, мемлекеттік кіріс департаменті, жер қатынастары бөлімі, құрылыс және сәулет бөлімі, жұмыспен қамту орталықтары, Казагромаркетинг, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері өз қызметін ұсынады. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Ары-бері шапқыламай, бар тірлігін бір жерден бітіріп кетеді.

«Іскерлік байланыс» құралы аясында ҰҚП шетелде оқу мен тәжірибе жинақтау барысында әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы бағыт бойынша 1000-нан аса кәсіпкер оқыса, соның 100-ге жуығы шетелде тәжірибе жинақтап қайтқан. Жалпы, 2015 жылдан бері бизнес-мектепте 48 661 адам оқыпты.

–Өткен жылы Алматы қаласы бойынша 6 адам шетелде тәжірибе жинақтап қайтты. Ол жақта әріптестер тауып, іскерлік қарым-қатынас орнатады. Тағы бір маңызды бағыт – шетелдік мамандарды өзімізге шақырып, тәжірибе алмасу. «Аға сеньор» бағыты бойынша кәсіпкерлер өз бизнесінің дамуына ықпал етеді деген маманды шетелден шақыртуға өтініш бере алады. Шетелдік маманның қызметі мен жолы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылады. Өткен жылы Германиядан маман шақырылса, биыл Түркиядан келді. Олармен арнайы меморандум жасалған. Мамандар қазақстандық кәсіпорындарға келіп, қызметкерлерге сатылымды арттыруды үйретіп, оқытып, жаңа құралды пайлануды көрсетіп береді, –дейді маман.

Мәселен, жақында «Қазтрансформатор» ЖШС Түркиядан «аға сеньор» шақырып, кәсіби білікті маман кәсіпорын өнімін алға жылжыту бойынша кеңес беріп, оқытып жатыр. «Alageum Electric» холдингіне кіретін «Казтрансформатор» ЖШС – ТМД және Қазақстанның нарығына электротехникалық тауарларды тарататын, жақсы дамып келе жатқан электротехникалық компания.

Кәсіпорынның жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған өндірістік базасы бар. Шақырылып отырған маман қызметкерлерді оқыту, өндіріске жаңа технология енгізу, басқарудың жаңа тәсілдерін меңгеру сынды тақырыптарда шеберлік сағаттарын өткізеді. Яғни қазіргі кезде «Бизнестің-жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлер мен шетелдік сарапшылардың екіжақсы байланыс орнатуына жақсы мүмкіндік беріп отыр.

Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаржылық емес қолдаудың да өте тиімді екенін көрсетіп отыр. Мәселен, ҰҚП деректеріне сүйенсек, сервистік қолдау, ақпараттық қамтамасыз ету және бизнес-мектепте оқыту нәтижесінде жаңадан 25744 кәсіпорын ашылған. Сондай-ақ, 7 мыңнан аса құжат дайындалған. Осы оқу курстары мен мектептен өткен кәсіпкерлер 94,5 млрд теңге қаржыландыруға қол жеткізген. Он бір мыңға жуық жобаға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың сәтті жүзеге асуына ықпал етті. Ал 9 913 компания өз бинесін кеңейтті.

Бір қарағанда бұның бәрі құрғақ цифр көрінгенімен, әрбір санның артында адам, кәсіп иесі тұр. Олардың кәсіпкерлік белсенділігінің артуы, кәсібін кеңейтуі, табысын молайтуы – ел экономикасының тұрақтануына жағымды әсер етеді. Өйткені ел экономикасының қозғаушы күші – қашанда орта және шағын бизнес. Отандық нарыққа өнім шығаратындар да, тұрғындарды жұмыспен қамтитын да, жергілікті қазынаға салық құятын да солар. Ал мемлекет өз кезегінде ШОБ-ты қолдау шаралын тоқтатқан емес.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.