Маусым айының басынан бері теңге бағамы мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, бір АҚШ доллары үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Теңгенің мұнайдан кейін неліктен нығая алмай тұрғаны және әлемдік нарықтардағы оқиғалар бағам серпініне қалай әсер ететіні туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.
Оның сөзінше, мұнай нарығында қазір жағымды жаңалықтар басым болғандықтан, ол баррель бағасына әсер етеді.
«Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет 75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель үшін 75 доллар белгісінен асып түсті. Қоймалардағы қордың төмендеуі және қозғалыс жасауға қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жаз мезгілінде сұраныстың ұлғаюын күткен инвесторлардың үміті мұнайдың белгіленген бағасының өсуін қолдап отыр», – дейді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.
Дегенмен бірқатар ішкі факторлар теңгеге тежеуші әсерін беріп отыр, дейді ол.
«Біріншіден, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде «тыныш аймақта» болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады. Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылуда. Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып табылады. Егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 млн АҚШ долларына дейін өсті», – деп қосты ол.
Ұлттық банк өкілінің мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорттың өсуі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ды құрады және тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндіріс құралдарының есебінен 11,4 млрд долларға жеткен. Бір жыл бұрын 200 млн АҚШ долларына көп алып келген автомобиль импорты ең үлкен өсімді көрсеткен. Қазақстанға алып келген тауарлар арасында ерекшеленген тауарлар құрамында тұрмыстық техника: компьютерлер, мониторлар және проекторлар, телефондар, тоңазытқыштар да бар.
Барлық импорттық тауарлардың шамамен 40%-ы Ресейден әкелінеді және бұл үрдіс күшейіп келеді. 2020 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауарлар Ресейден 16%-ға көп импортталды. Ресейден импортталатын тауарлар бағасының өсуі және біздің бизнестің тиісті күтулері сатып алу көлемінің ұлғаюына әсер етеді, деп қосты Әлия Молдабекова
«Екіншіден, маусымдық өзгерістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирус таралуының жалғасуын және шектеу шараларының сақталуын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныстың өсуі онша маңызды емес, бірақ әлі де болса орын алуда. Сонымен қатар маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни, бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін акционерлердің дивидендтерін валютаға конвертациялайды. Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұраныс артады», – дейді Ұлттық банк өкілі.
Үшіншіден, валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен қолдау табуда деген ол ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді байқалмағандығын айтады.
«Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес», – деді Молдабекова.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024