Көлеңкелі экономиканы күнгейге шығару үшін мемлекетіміз түрлі шараларға барып жатыр. Онысының бірі қоштарлық, екіншісі шошытарлық дегендей. Бір анығы, бізде шектеу көп. Алайда, Үкімет өкілдері шектеуді көздеген қам-қарекеттерінің бәрін реттеу деп түсіндіруден жалықпай келеді. Соның бірі тауар мен қызметтерге қолма-қол төленетін ақшаның көлемін шектеу. Сөйтіп, қолма-қол емес төлемнің қолданысын кеңейтпек. Аталмыш жаңашылдық жайлы алдымен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтқан-ды.
Таяуда оны Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қуаттап қойды. Енді неліктен екеніне министрдің сөздерінен жауап іздеп көрелік. Бұл ведомство көлеңкелі экономикамен күрес жүргізу үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп салық, сауда саясаты, саланы реттеу мәселелері бойынша талқылау жүргізіп жатыр. Солардың ішінде қандай да бір тауар сатып аларда, жұмыс немесе қызмет ақысын төлерде қолма-қол төлемнің шекті лимитін енгізу мәселесі де бар. Және, жылжымайтын мүлік пен көлік сатып аларда міндетті түрде қолма-қол емес төлем жасалуы керек.
Министрдің мұнысы не десеңіз, үлкен көлемдегі қолма-қол төлем шенеуніктер үшін үлкен мәселелер тудырып жатқан көрінеді.
– Біз дамыған елдердің тәжірибелерін мұқият тексердік. Сонда аңғарғанымыз, көптеген елде қолма-қол түрде келісім жасауға шектеу бар. Яғни, мәселен мен 15 млн теңгеге пәтер алсам, келісімшарт сомасы әрдайым дұрыс көрсетіле бермейді. Ал, бізге оның дұрыс көрсетілгені керек. Сондықтан, бұл транзакция қолма-қол емес, ашықтық болу үшін бір есепшоттан екіншісіне аудару арқылы жасалуы керек. Бұл ұсынылып отырған жаңашылдықтардың бірінші бағыты, – деді Т.Сүлейменов.
Екіншісі, Қазақстанда қазір қолма-қол ақша шешіп алуда шектеу жоқ, тіпті жеке тұлға миллиард теңгені де оп-оңай ала алады.
– Біз қарапайым жеке тұлға мұндай ақша ала алмайтынын түсінеміз. Сондықтан, көбіне бұл қандай да бір схемалармен, қолма-қол ақшаға айналдырумен және жалған кәсіпкерлікпен байланысты мәселе. Сол себепті, мұны жақсылап зерттейміз, «Атамекен» ҰКП-мен және басқа да мүдделі тұлғалармен сөйлесеміз. Егер дамыған елдердің бұл тәжірибесі бізде де қолдануға келетін болса, біз оны жасаймыз. Біз мұны сәуірге қарай жүзеге асырамыз, – деді министр.
Сөз арасында министр Тимур Сүлейменовтің пікірінен мысалға келтіргеніміздей, мұның бәрі «шенеуніктерге үлкен мәселелер тудырмас» үшін болса, онда аталмыш шараның қара халық үшін қандай қажеті бар?! Ал, расында көлеңкелі экономиканы күнгейге шығарып, соның есебінен бюджеттің бір бүйірін толтырып, оны ел игілігіне жұмсау үшін болса, әңгіме басқа. Тек, халықтың миллиард түгіл банк есепшотынан шешетін миллиондары бола бермейтінін ескерсек, өздері енгізбек жаңашылдық шенеуніктердің өздерін «орға» жығып жүрмегей. Өйткені, әлгіндей қаржылық қитұрқылықтарға кейде белгілі бір қызметтегі шенділердің қолы араласпай тұрмайды. Жалпы жұртшылық үй мен пәтерді де көбіне несиеге, ипотекаға алатынын есте тұтсақ, онда осы екеуін міндетті түрде қолма-қол төлемсіз сатып алу керектігі туралы талап та елге аса қатысты бола қоймайтын секілді. Ендеше, шектейтінін шектей берсін дейміз де.
Арыстан ЕСЕНТҮГЕЛОВ, профессор:
– Егер шын мәнінде жүзеге асыра алса, ол көлеңкелі экономиканы азайтуға көмек береді. Өйткені, мұндай кезде приписка жасай алмайды ғой. Сондықтан, бұл қалыпты және дұрыс нәрсе. Бірақ, қайталап айтамын, егер бұлай жасау мүмкін болса ғана…
Алайда, адамдар заңды, міндетті процестерді айналып өткісі келсе, онда бұл жағдайда да басқа жолдарын табады. Адамдардың қай уақытта да, қандай жағдайда да заңды бұзып, келісілген соманы берудің жолын табатыны, мұның бәрі айтып отыруды қажет етпейтін түсінікті жайт.
Сондықтан, қолма-қол төлем көлемін шектеу, қолма-қолсыз төлемді міндеттеу министрлік ойлағандай нәтиже беруі қиын. Иә, бастапқыда ойдағыдай көрінуі мүмкін. Бірақ, сосын оны да айналып өтудің амалын табады. Адамнан қулық артылған ба?! Сол себепті бұл жаңашылдық әлгіндей жағдайларды түбегейлі болдырмайды деп байлам жасау мүмкін емес. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеген.
Көлеңкелі экономикамен күресті басқаша тәсілдермен жүргізу керек. Оның ең бастысы халықты заңды сақтауға үйрету, тәрбиелеу. Адамдар заңды бұзбауға қалыптасуы қажет. Ал, қаржылық, құқықтық сауаттылықтың бұл деңгейіне жетудің түрлі амалдары бар. Шектей беру ешнәрсені шешпейді. Бірақ, бұған халықты қалыптастыру оңай емес, бірден бола салмайды. Ол уақытта, тәрбие жұмыстарын қажет етеді. Қалай болғанда да, елде мұндай көлеңкелі істердің жасалуына ешқандай мүмкіндік қалдырылмауы керек. Ол үшін мемлекет азаматтары үшін заңды сақтау өзгермейтін құндылық болуы тиіс.
Әлемде мұндай деңгейге қол жеткізген мемлекеттер бар. Мәселен, Германияда әлгіндей заңды айналып өтетін әрекеттер жасау өте қиын. Олар сондай мәдениетке дағдыланған, қанында бар. Жапонияда да мұндай істер жасамақ түгіл, ол жайлы ойланбайды да.
Қолма-қол төлем көлемін шектеп немесе алып тастаса, онда кейде адамдар басқа операцияларға қатысу үшін қаржының басқа көздерін іздей бастайды және осы арқылы тағы да заңды бұзуға мәжбүр болады. Сондықтан, мұны бір ғана шектеумен, шешіммен тоқтату мүмкін емес. Бұған кезең-кезеңімен келген, жүйелі және кешенді түрде шешкен дұрыс.
Айбар САҚ