Экононмист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан «Самұрық- Қазынадан» бюджетке жыл сайын түсуі тиіс бір триллион теңге дивиденті үкімет неге алмай отырғаны туралы жазған еді. Оның айтуынша, қаржы вице-министрі Татьяна Савельева дивиденттерді бюджетке алуды келесі жылдың көктеміне қалдырған. Сондай-ақ экономист ол қаражатқа қаншама жол, әлеуметтік нысандар салуға болатынын да шамамен мысал ретінде келтірген.
Сөйтіп Мұхтар Тайжан квазимемлекеттік сектор туралы жазуын әрі қарай жалғастырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қарызы бір трлн теңгеге азайды» деген сөзіне талдау жасап және ұлттық әл-ауқат қоры өз ережесін бұза отырып, қаржыны қандай банке сақтап отырғанын жазды. Экономис жазбасында «»Самұрық-Қазынаға» қарайтын «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы 70 млрд. теңге қаражатын АТФ банкінде неге ұстайды?» деп сауал тастайды.
«»Самұрық-Қазына» қорының саясаты мен ережесіне сәйкес, қордың қаражаттарын В- рейтингі бар банктерге салуға блмайды. Алайда қордық саясаты мен ережесіндегі тыйымға қарамастан «Самұрық-Қазына» 2018 жылы 144 млрд теңге қаражатты В және В- рейтингі бар банктерде ұстаған. Мұны қалай түсінуге болады? Нақты айтсақ, «»Самұрық-Қазынаға» қарайтын «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы 70 млрд. теңге қаражатын В- рейтингі бар АТФ банкінде неге ұстайды? Неге АТФ банк? Себебі АТФ банк директорлар кеңесінің төрағасы 2013 жылдан бері Ахметжан Есімовтың күйеу баласы Ғалымжан Есенов болғандығынан емес пе екен? Квазимемлекеттік сектордың қаржысын сараптай келе, ұлттық компанияларға кәсіби тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, қатаң қоғамдық тексеріс керек екені көрінеді» деп жазады Мұхтар Тайжан.
Әзірге экономисттің айтқандарына «Самұрық-Қазына» қоры ресми жауап берген жоқ.