arasha.kz

Астана қаржы орталығы Орта Азияда ірі қаржылық технологиялар бағдарламасын іске қоспақ

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қаржылық технологиялар хабы мен Visa компаниясы Қазақстан мен Орта Азияда ірі өңірлік қаржылық технологиялар бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған көрінеді.  

Visa Everywhere Initiative деп аталатын бағдарламаның басты мақсаты – қаржы технологиялары саласындағы инновациялық идеяларды дамыту, осы саладағы білікті әрі талабы зор мамандарды табу, сондай-ақ, бірлескен жаңа қаржылық сервистерді іске қосуға барынша қолдау көрсету болып табылады.

Бағдарлама серіктестерінің арасында Alfa Bank, Beeline, Centras Insurance, Halyk Bank, Home Bank Credit, Wooppay, Forte Bank, KMF, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы KPMG, Zaman Bank, Kazpost, Al Hilal Bank сынды ірі отандық қаржылық институттар мен компаниялар бар.

АХҚО Даму жөніндегі директоры Қайрат Қалиевтің сөзінше, аталмыш бағдарлама ірі қаржылық компаниялар мен қаржылық технологиялар бойынша стартаперлер үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр екен.

«Visa төлем нарығының түрлі сегменттері бойынша жаһандық көшбасшы болып табылады. Сондықтан компанияның біздің өңір бойынша АХҚО-мен күш біріктіріп, серіктес атануы бекер емес. Біз бірлесе отырып өңірдегі қаржылық экожүйені дамытуға үлес қосып қана қоймай, жалпы Орталық Азиядағы қаржылық технологиялар бойынша көшбасшы атануды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге біз осы аймақтағы қаржылық технологиялар саласындағы компанияларға өз бизнесін дамытып, кәсібін дөңгелетуіне жағдай жасайтын боламыз. Бұл бағдарламаға ірі қаржылық компаниялардан бастап, стартаперлерге дейін қатыса алады», – деді АХҚО Даму жөніндегі директоры Қайрат Қалиев.

Еске салатын жайт, АХҚО мен Visa компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2017 жылы қол жеткізілген болатын. Аталмыш келісім негізінде жүзеге асырылатын бағдарламаға жас кәсіпкерлер, корпорация қызметкерлері, программистер, дизайнерлер, ұялы қосымшалар мен интерфейс жобаларын әзірлеушілер, жалпы, айрықша өнім шығаруға талпыныс білдіретін, клиенттермен, сондай-ақ, серіктестермен жұмыс істегісі келетін жас мамандар қатыса алады.

Visa Everywhere Initiative бағдарламасына қатысу туралы өтінім 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін қабылданады. Жобаның ақтық сыны Astana Finance Days форумы аясында өтетін болады. Бағдарлама қатысушыларын іріктеу барысында клиентпен жұмыс жасау тәжірибесі, ұсынылған жобаның ерекшелігі, қолда бар мүмкіндіктер бойынша идеяларды жүзеге асыру деңгейі сынды критерийлерге баса мән беріледі. Бағдарлама жөнінде басқа да қосымша ақпаратты білу және оған өтінім білдіру үшін бағдарламаның сайтына кіріңіз.

Exit mobile version