arasha.kz

Мақсат Халық: 2020 жылы болатын дағдарыс Қазақстанға да әсер етеді

фото: 7kun.kz

Қазақстанда алдағы жылы Ішкі Жалпы Өнім 4%-ға өседі. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп мақсат қоятын ел үшін бұл көрсеткіш сәйкес келмейді. Бізде экономикалық өсім кемі 7% болса жақсы деп айта аламыз. Мұны айтқан экономист Мақсат Халық «Араша» ақпараттық порталына берген сұхбатында алдағы жылға өз болжамдарын айтып берді. Экономистің сөзінше 2020 жылы әлем экономикасын дағдарыс күтіп тұр, ал ол Қазақстанды да жанап өтпей қоймайды.

Араша: Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі басшы Қасым-Жомарт Тоқаев та «экономикалық тұрақтылық» туралы көп айтады. 2020 жылы Қазақстанда экономикалық тұрақтылық бола ма және жаңа президенттің оған ықпалы қаншлықты болады?

Мақсат Халық: Қазақстанда тұрақтылық көбінесе сыртқы және ішкі факторларға байланысты болады. Бірінші кезекте сыртқы факторларды атап өтейін. Әлем экономикасының өзгерісі қалай болады? Көптеген экономист ғалымдардың және де рейтинг агенттіктердің болжамы бойынша әлемде экономикалық дағдарыс басталады. Әлем экономикасының өсімі тіпті қатты дағдарысқа ұшырап кетпесе де өсімінде тежелу болады деп болжануда. Рейтинг агенттіктердің өздерін қарайтын болсақ, S&P рейтинг агенттік келесі жылғы экономика өсімі 2,6%-ғана болады деп отыр. Moody’s агенттіктің және экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы да үш пайызға жетер-жетпес көрсеткішті айтып отыр. Сосын үлкен рейтингтік агенттіктерден бөлек, Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек те, дүниежүзінде экономикалық өсім тежеледі. Оның негізгі себебі, әлем елдерінде сауданың тежелуі, орын алып отырған кедергілердің болуы және геосаяси жағдай ықпал етіп отыр. Оның бір себебі, өзіміз көріп отырғандай, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы және оның салдары. Еуропада болып жатқан брексит мәселесі сол өңірдің экономикасының дамуын тежейді.

Қазір көптеген елдердің протекционистік саясат ұстануы, яғни ішкі нарығын қорғап, сырттан келетін тауарларға тарифтерін көтеруін көреміз. Бұрын елдер интеграцияланайық, сауда саясатын бірігіп ыңғайландырайық десе, қазір бұған керісінше саясат жүріп жатыр. Бұл әрине әлем экономикасының ілгерілеуіне кедергі келтіріп тұр.

Ал мұның Қазақстанға ықпалы бола ма? Әрине болады. Өйткені Қазақстан экономикасы ірі, дамыған ел. Қазақстан жер көлемі жағынан үлкен болғанымен 18 миллион ғана халық тұрады. Әлемдегі кез келген өзгеріс бізге кері ықпалын тигізуі мүмкін. Осы қауіп-қатерлер болмаған жағдайда елімізде тұрақтылық болады деуге негіз бар.

Енді ішкі саясатқа келер болсақ, еліміз қаншалықты дәрежеде экономикалық саясат құрып отыр? Экономикамыз қуатты ма, теңгеміз тұрақты ма деген мәселелер бар. Ол жағынан келер болсақ, мемлекетіміз соңғы жылдарда индустрияландыру саясатын жүзеге асырып жатыр. Соның негізінде экономиканы әртараптандырамыз деген мақсат қойды. Шикізат бағытынан қайтсек кетеміз деген ниет бар. Осы төңіректе жұмыстар жасалынып жатыр. Егер осы мақсаттағы жұмыстар сәтті жүзеге асса, тартылып отырған шетелдік инвестиция шикізат секторына емес, нақты экономиканың секторына, өңдеуші өнеркәсіптерге жұмсалатын болса, елде ғылыми-техникалық потенциал болса, адами капитал дамыса, онда біздің елде экономикалық өсім болады, тұрақтылық болады.

Араша: Қазақстандағы экономиканың дамуы мен тұрақтылығына Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалы қаншалықты?

Мақсат Халық: Соңғы кезде қос билік туралы көп айтып жатыр ғой. Тоқаевтың бастамаларына қарап отырсақ, өз бетімен ықпал жасап, әрекет етіп жатқаны байқалады. Бірақ бәрібір де елбасының ықпалы көрінеді.

Араша: Биыл көп балалы аналардың толқуынан кейін олардың жәрдемақысын үкімет өсірді, кредиттерін мемлекет есебінен кешірді, оларға жеңілдікпен баспана салу мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл ел экономикасына қаншалықты салмақ салады, әлде осы ақшаның орнын толтыруды уайымдайтындай аса көп шығын емес пе?

Мақсат Халық: Негізі бұл бюджетке әжептәуір салмақ түсіріп тұр. Бұған дейінгі жылдардың өзінде әлеуметтік салада неге өсім болмай жатыр деген мәселе көтерілгенде, бізде бюджетте тапшылық бар деген сөздерді еститінбіз. Бірақ сондай жағдайларға қарамастан, адамдардың несиелері кешірілді. 600 мыңнан аса азаматтың несиесі жабылды деген ақпарат шықты. Оның өзін егер есептеп қарайтын болсақ, 150 млрд теңгеге жуық шығын. Ол аз қаражат емес. Бұл бюджетке біршама салмақ түсірді. Менің ойымша, үкімет осындай қадамға баруға мәжбүр болды. Себебі жағдай тым қатты ушығып бара жатқан болатын. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешу керек болғандықтан сондай шешім қабылдады деп ойлаймын. Бірақ ондай қадамдар нарықтық экономикада жасалынбауы керек. Қайта ұзақ мерзімге нақты жоспар құрылып, ол азаматтарға жұмыс тауып беру, балаларын балабақшаға орналастыру, оқу курстарына тегін оқыту мәселесін алға тарту керек. Ал несиені кешіру енді қайталанбауы тиіс.

Егер бюджетке қарасақ, атаулы әлеметтік көмекке бөлінген қаражат екі есеге артқан. Яғни ол бюджетке өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық салмақ түсіріп отыр. Мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны 10 трлн теңгеден асып жығылып отыр. Ал бұл салаға бөлініп отырған қаражат 200 млрд теңгеден асады. Жалпы бюджет шығындарына шаққан кезде мардымсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып отырса, онда бюджетке салмақ салып отырғаны сөзсіз.

Араша: Кредитті кешіру асығыс қабылданған шешім деп жатырсыз. Ал осы биыл қабылданған шешімнің зардабын келесі жылы тартып жүрмейміз бе?

Мақсат Халық: Егер бұл шешімге 3-4 жыл бұрын жоспар құрылып келсе, онда мұндай проблема болмайтын еді. Бұл үкіметтің халықтан алыстағанын байқатты. Қоғамдағы шынайы көріністі билік білмей отырғандығын аңғартты. Енді нақты мақсаттар анықталып, жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асса деген ниет бар.

Егер жұмыссыздық мәселесіне келер болсақ, бізде оның деңгейі жыл сайын түсіп келе жатқанын байқаймыз. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 5% болған, одан кейін 4,9% болды, содан 4,8%-ге түскенін байқадық. 2 млн-нан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр деген мәлімет бар. Бірақ шын мәнінде мұнша адам өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жоқ. Олардың бәрі фрилансер емес қой. Сондықтан нақты көрсеткішке келетін болсақ, жұмыссыз адамдардың саны 2 млн-нан асып жығылуы мүмкін. Сондықтан да бұл мәселеге анық келіп, қаншалықты адам өзін-өзі жұмыспен нәтижелі қамтамасыз ете алып отырғанын анықтау керек. Ал нәтижесі жоқтары қанша? Ондай адамдарды жұмыссыздар қатарына қосып, оларды жұмыспен қамтуға бағыттау керек. Сол кезде олар өз шығындарын өздері жауып, несиелерін төлей алады.

Тағы бір мәселе, халықтың нақты жалақысының төмендігі. 2015 жылы Ұлттық валютамыз еркін айналымға өтті де, теңгеміз бірден екі есеге құнсызданып кетті. Осыдан халықтың төлем қабілеті түсіп кетті.

Статистика комитеті халықтың атаулы жалақысы өсіп жатқанын айтады. Осы жылы Қазақстан бойынша орташа жалақы 181 мың теңге болыпты. Әрине ондай да көрсеткіш керек. Ол қай өңірде жалақы қандай, қай өңірге көбірек көмек керек екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ бізге маңыздысы – халықтың нақты жалақысы қанша екендігі. Нақты жалақы дегеніміз – өткен жылы тапқан қаражатына биыл тура сонша мөлшерде тауарлар мен қызметтерді ала алып отыр ма, жоқ па соны көрсетеді. Осы көрсеткіш өкінішке қарай бізде соңғы жылдарда қатты түсіп кетті. Өткен жылы ғана халықтың табысы 3%-ға ғана өскен. Алдағы жылы да өседі деп отыр. Алдағы уақытта халықтың нақты табысы артатын болса төлем қабілеті де артады.

Егер экономикалық іргелі ғылымның негіздерімен түсіндіретін болсақ, немістің Энгель деген ғалымы болған. Сол кісінің заңы бойынша, «неғұрлым халықтың табысы төмендеген сайын, олардың азық-түлік шығындары артады». Шын мәнінде соңғы жылдарды алып қарайтын болсақ, халықтың азық-түлік шығындары қатты артып кеткен. Жалпы шығындар азық-түлік шығындары, одан кейін жол жүру, оқу, қызмет алу, демалыс шығындары деп кете береді.

Статистикаға жүгінсек, халықтың азық-түлік шығындары 50%-ға жеткен. Бұл халықтың тұрмысы төмендегенін көрсетеді. Ал дамыған елдерде ол 10%-ға да жетпейді. Алда осы мәселеге көңіл бөлінуі керек. Халық тек қана азық-түліктің қамын ғана ойламауы тиіс.

Араша: Қыркүйек айында Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев елімізде алдағы жылы Ішкі Жалпы Өнім 4.1%-ға өседі деген болжам айтқан еді. Осы болжамға байланысты пікіріңіз қандай?

Мақсат Халық: Бізде 2015 -2016 жылдарда экономикамызда прогнация болды. Экономикамыз тұралап, 1% өсімге әрең дегенде қол жеткізген кездер болды. Одан кейінгі жылдарда біздің экономикамызда өсім пайда болды. Өсім қарқынды болды деп ауыз толтырып айтуға келмейді. 4% ғана өсім байқалды. Бұл өсімді жоқтан бар деуге болады. Менің де жобам бойынша алдағы жылы Ішкі Жалпы Өнім 4% -дың төңірегінде болады. Біз сияқты дамушы ел үшін бұл көрсеткіш әлі де аз. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген мақсат қоятын елге бұл көрсеткіш сәйкес келмейді. Бізде экономикалық өсім кемі 7% болса жақсы деп айта аламыз.

Араша: Еліміз мұнай өндіруді жыл сайын арттырып жатыр. Келесі жылы да ұлғайтамыз деп отыр. Қазақстан экономикасы мұнай бағасына тәуелді екенін білеміз. Осы өзіңіз айтып отырған аз да болса экономикалық өсім мұнай өндірудің тұрақты өсіп отыруына да байланысты ғой.

Мақсат Халық: Тәуелсіздік алған жылдардан бері елге 320 млрд доллар инвестиция тартылды. Соңғы он жылда ең көп инвестиция тартылған екен. Ол – 250 млрд долларды құрайды. Осы инвестициялардың 90% мұнай саласына, тау-кен саласы мен шикізат секторына тартылды. Ал дайын өнім өндіру саласына 12% көлемінде инвестиция құйылған. Ол нені көрсететі? Мысалы сіздің бағыңызда екі алма ағашы болып, оның біреуіне судың он пайызын, екіншісіне тоқсан пайызын құйсаңыз әрине, көп су құйған ағаштан жеміс көп аласыз ғой. Сол сияқты қазір біз инвестиция құйылған салалардың жемісін көріп отырмыз. Ал шетке шығарылатын өнімдеріміздің 70% минералды ресурстарымыз. Неге олай десеңіз, себебі біз сол салаларға көп көңіл бөлеміз. Енді біз осыны ақырындап нақты өндіріс саласына, ғылыми потенциалы бар, адами капиталды дамыту саласына, баламалы энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект салаларына бұруымыз керек. Сонда біздің экономикамыздың түрі біртіндеп өзгереді.

Араша: Алдағы жылы әлемде дағдарыс күтілуде дедіңіз, ендеше 2020 жылы мұнай бағасы қалай өзгереді?

Мақсат Халық: Соңғы кездері эконономикамыздың тұрақты болып, теңгенің де тұрақталғанына себеп болған жағдай – мұнай бағасының тұрақты болуы. Мұнай бағасы бір бареліне 60$ төңірегінде болды. Осы тенденция біздің экономикамыздағы 4% өсімді қамтамасыз етіп келе жатыр.

Дүниежүзілік болжамдарға қарайтын болсақ, мұнайдың болашағы жоқ. Мұнай дәуірі бітіп бара жатыр. Әлем баламалы энергетика көздеріне өтіп жатыр. Осы тенденция әрине қауіп төндіреді. Алдағы уақытта мұнай бағасы белгілі бір дәрежеде түсіп кетуі мүмкін. Егер мұнай бағасы күрт түсіп кететін болса, онда ол баламалы фактор ретінде біздің экономикамызға, теңгенің құлдырауына әсер етеді. Біздің экспортымыздың 70% мұнай құрап отыр. Ондай жағдайда импорт өсіп, экспорт азайып кетеді де, теңге құлдырап кетеді. Бірақ мұнай бағасы күрт түсуі жақын арада болмайды деген де болжамдар бар, сондай-ақ керісінше қара алтынның құны түседі деп болжап жатқан сарапшылар да бар.

Алдағы жылы экономикамызға 7% өсім тілейік. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Балжан Жеңісқызы

Exit mobile version