arasha.kz

Мамандар Ислам банкі мен институттарының қағидаттарымен танысады

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Үздіксіз кәсіби даму бюросы мен Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы күні кеше ғана өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Оның аясында академияның «Мемлекеттік  басқару» магистрлік бағдарламасын оқитын мамандар үшін «The issues of Financial Regulation» курсы бастау алды. Курс нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының түрлі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері өздерінің қаржылық реттеу саласындағы білімдерін жетілдіреді деп күтіліп отыр.

«Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе отырып, «Мемлекеттік басқару» бағдарламасының магистранттарына арналған қаржылық реттеу жөніндегі арнайы курс әзірленді.  Онда АХҚО эко-жүйесі, тұрақты қаржыландыру, исламдық қаржыландыру, тәуекелді басқару, қаржылық технологиялар, корпоративті басқару тақырыптары бойынша дәрістер оқылады. Курсты әділет, энергетика, мәдениет және спорт министрліктерінің, Парламент Мәжілісі Аппаратының, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, сондай-ақ, Шығыс-Қазақстан, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Теміртау қалаларының түрлі мемлекеттік мекемелеренің өкілдері тыңдайтын болады. Ал дәрісті Стратегиялық даму мәселелері бойынша басшы әрі профессор Александр Ван де Путт, АХҚО Биржасының Қаржы директоры Ренат Бектұров, Жаһандық нарықтар бойынша басшы Амина Тұрғұлова сынды ​АХҚО жетекшілері мен білікті мамандары оқиды», – деп түсіндірді Үздіксіз кәсіби даму бюросының өкілі.

Курсқа қатысқандар қаржылық реттеу саласында білімін жетілдіреді, Ислам банкі мен институттарының қағидаттарымен, қазақстандық нарық капиталы және АХҚО экожүйесімен танысады. Сонымен қатар қатысушылар корпоративтік басқару мен тиімді даму стратегиясын құру бойынша өз білімін тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады

Бұдан бөлек, АХҚО Бюросы мен Мемлекеттік басқару академиясы үздіксіз кәсіби даму аясында бірқатар бірлескен іс-шараларды қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл ретте қос тарап инвестицияларды басқару жөніндегі оқу курстарын өткізу, кәсіби бейінділік пен оқу, тіл білімі деңгейін арттыру және т.б. шаралар легін ұйымдастырмақ.

Exit mobile version