2 наурызда биржалық сауда-саттықта ұлттық валюта бірден 2,36 теңгеге әлсіреп, бір доллар 420, 40-420, 80 теңге аралығында саудалануда, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Ұлттық банк теңге бағамының күрт әлсіреу себебін атады.
«Ұлттық валютаның әлсіреуі үш басым факторға: ОПЕК+ отырысы қарсаңында мұнайға баға белгілеудің құлдырауына, әлемдік нарықтарда АҚШ долларының нығаюына және Қазақстанда салық төлемдері кезеңінің аяқталуына байланысты болды», – деді Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.
Дүйсенбіден бері мұнай бағасы өткен аптада қол жеткізген ең жоғары көрсеткіштерден ауытқып, 5,1%-ке төмендеді. Коронавирусқа қарсы вакциналаудың қарқын алуы, Сауд Арабиясы тарапынан мұнай өндіруді ерікті түрде сәуірге дейін күніне 1 миллион баррельге қысқарту, сондай-ақ, АҚШ-та бұрын-соңды болмаған аязға байланысты мұнай өндіруді мәжбүрлі түрде тоқтата тұру жыл басынан бері мұнай бағасының өсуіне оң әсер еткен еді.
Мұнай нарығындағы қазіргі ахуал алдағы ОПЕК+ отырысына қатысты алаңдаушылықтың артуымен байланысты. Мұнай өндіру бойынша қазіргі шектеулерді біршама жеңілдету туралы шешім қабылданады деп күтілуде.
Сарапшылар коалиция мұнай өндіруді күніне шамамен 0,5 миллион баррельге ұлғайтады деп болжайды, ал Сауд Арабияның ерікті шектеулерді жалғастыруы екіталай.