arasha.kz

Қуыршақ парламент: Үкіметке берілген триллиондар Ұлттық қорды құрдымға жібермей ме?

 Мәжіліс 2021 жылы Ұлттық қордан Үкіметке 2022-2024 жылдары 6,6 трлн теңге беруді мақұлдаған болатын. Нақтырақ айтсақ, Үкімет аталған қордан 2022 жылы 2,4 трлн, биыл 2,2 трлн және келер жылы 2 трлн теңге  бер деп, алақан жайып отыр. Үкіметке берілген триллиондар Ұлттық қорды құрдымға жібермей ме?

ҚУАНТЫРОВ «ҚУАНТЫП» ОТЫР

Былтырғы жылдың тамыз айындағы дерек бойынша Ұлттық қордың қаржысы 53,8 миллиард долларды құраған. Ал осыдан 10 жыл бұрын яғни 2012 жылы Ұлттық қордың қаражаты 10,4 трлн теңгені құраған болатын.

Сәл қысылса ұлттық қорға қол жаятын үкімет биыл аталған қордан 2,2 трлн теңге алмақ. Алайда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров     Ұлттық қордың валюталық активтерін биыл 66,7 млрд АҚШ долларына, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға ықпал етуге болатынын айтады.

«Біздің болжамымыз бойынша Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді», – деді Әлібек Қуантыров.

«ПАРЛАМЕНТ ҚУЫРШАҚ БОЛЫП ОТЫР»

Алайда экономист Жанұзақ Әкім Ұлттық экономика министрінің сөзіне күмән келтіріп отыр. Себебі ол Ұлттық қордағы ақшаны Парламент қатаң қадағалауға алмай істің оңалмайтынын ескертті.  

«Ұлттық қор мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Менің ойымша, аталған қорда кем дегенде 100 млрд АҚШ доллары жатуы керек. Қордағы ақшаны елде экономикалық дағдарыс немесе табиғи апат болған кезде ғана пайдалануға болар еді. Сондай-ақ Ұлттық қордағы қаржыны қалай жұмсау керек екенін Парламент шешуі керек. Өкінішке қарай біздің елде Парламент ештеңе шешпейтін, қуыршақ болып отыр. Алдағы екі-үш айдың ішінде яғни қыркүйек айында келер жылдың бюджеті қабылданатын шақта республикалық бюджетті бақылауды және тексеруді Парламентке беру керек. Ұлттық қорда ұлттық бюджеттің бір бөлігі болғандықтан оны қатаң бақылау қажет. Сондай-ақ АҚШ-ты Трамп басқарып тұрғанда Молдова кәсіпкері Статидің ісі бойынша Ұлттық қордан 21 млрд АҚШ доллары алынды. Бұдан кейін Қарашығанақтағы елімізге қатысты үлестің 5 пайызынан айырылдық. Біз осыларды қайтаруымыз керек. Бұл туралы Үкімет ләм-мим демейді. Ұзын сөздің қысқасы Ұлттың қордың кірісі мен шығысын парламентке берсе, жағдай жасара түсер еді», – дейді ол.

«НАЗАРБАЕВ БІЛГЕНІН ІСТЕДІ»

2012 жылы Ұлттық қордың қаражаты 10,4 трлн теңге болған екен. Ал 2022 жылдың тамыз айындағы дерек бойынша Ұлттық қордың қаржысы 53,8 миллиард долларды құраған. Айналасы 10 жылдың ішінде Ұлттық қордың 10 трлн қаржысы қалайша 53 млрд долларға түсті?

«Осы уақытқа дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ойына келгенін істеді. Мұны АҚШ-тағы валюталық мониторинг көріп, біліп дүниежүзіндегі валюталардың қозғалысын анықтап отырады. АҚШ біздің жағдайды бақылап отырды да Ұлттық қордағы 21 млрд АҚШ долларын суырып алды. Оған Үкімет тарапынан қандайда бір әрекет немесе қарсылық болмады. Енді оны қайтару керек. Қазір қорды басқарудың тиімді тәсілі жоқ. Қазір Тоқаев экс-президент секілді ойына келгенін істеп жатқан жоқ. Бірақ Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс емес. Кейде былай, кейде олай болып, кімнің басында не бар екенін білмейсің», – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордан ақша берілетінін айтқан болатын. Бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болғаны жасырын емес. Алайда бұл қаржы ондаған жылда құнсызданып, тиын болып қалмай ма?

«Президенттің өткен жылғы сайлауалды бағдарламасында «Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігін 18 жасқа дейінгі балаларға бөліп берейік» деді. Бұл өте-мөте орынды бастама. Шыны керек жас отбасылар аяқтан тұрып кету үшін қаншама қиындықтан өтеді. Соларға үкімет тарапынан көмек жүйесі қарастырылмаған. 2018 жылы Қазақстан альянсы ұйымы билікке «2 млн жасқа үй салынуы керек» деп бастама көтерді. Сол жылдың қазан айында 2025 жылға дейін 2 млн жасқа үй салу бюджеттің жоспарына кірді. Басқа жастарға көмек беретін тетік жоқ. Сондықтан президенттің ұлттық қордан жастарға қаржы беруі өте орынды мәселе», – дейді ол.

Серғали Асланбек, arasha

Exit mobile version